Accessibility links

"Жасанды интеллектінің жауабы үшін кінә тақты". Ермек Нарымбаев айыпты мойындамайтынын айтты

Белсенді Ермек Нарымбаевтың суретінен коллаж
Белсенді Ермек Нарымбаевтың суретінен коллаж

Астанада саяси белсенді Ермек Нарымбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. "Cот үкімін орындамады" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалып, ақпанның басынан бері абақтыда отырған белсенді істі заңсыз деп санайды. Ал прокурор шартты жазамен бостандықта жүрген кезінде Нарымбаев пробациялық бақылау талабын бұзды деп отыр. Судья қамаудағы белсендінің бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған өтінішін орындамады.

Биыл ақпанның басында тергеу изоляторына қамалғалы бері өткен уақыттың жартысынан көбін наразылық ретінде аштық жариялап өткізген Ермек Нарымбаевты 1 маусым күні алдын ала сот тыңдауына айдауылдар әкелді. Сот залында оны қолдауға келген бірнеше белсенді мен жақындары болды. Процесс басталмай тұрып, Нарымбаев төрт айдан бері көрмеген әкесіне қол бұлғап, қасына шақырды. Жарты жыл бұрын инсульт алған 81 жастағы қария баяу қозғалып ұлына жақын барып, іске керек құжаттар туралы сұрап жатты.

2023 жылы қыркүйекте шыққан үкімге сәйкес, Ермек Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуға" тыйым салынған. Одан бөлек, әлеуметтік желіге жазба жариялауға да қақысы жоқ. Дегенмен әлеуметтік желіде ата-тұра пікірін жариялап жүрген белсенді содан кейін бірнеше рет әкімшілік қамауға алынған. Енді осы әрекеті үшін оны "Сот үкімін орындамаған" (430-бап) деген айыппен жауапқа тартқалы жатыр. Егер сот оның айыбы дәлелденді деп тапса, белсендінің үш жыл мерзімге дейін тағы да түрмеге қамалу қаупі бар.

"ӨТЕ ДАУЛЫ, ТІПТІ КҮМӘНДІ ІС"

Ермек Нарымбаевты биыл 3 ақпанда Қырғызстан астанасында сол елдің құқық қорғау органдары өкілдері ұстап, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекетіне апарып, сол жерде Қазақстан жағына тапсырған. 4 ақпанда ол Астанаға жеткізіліп, тергеу сотының шешімі бойынша қамауға алынған. Нарымбаев Бішкекте тұратын қызы мен жиендерін көруге барған бетте ұсталғанын айтады.

– 1 ақпанда елден шыққан кезде мен еркін азамат едім. Маған қатысты ешқандай әкімшілік те, қылмыстық іс те болған жоқ. Ешқандай айып тағылған жоқ, полицияға шақыртылмадым да. Іс материалдарында мен елден кеткенімді шекарадан өткенде, 2 ақпанда ғана хабарлады деп тұр. Бірақ неге екенін, менің Бішкектегі қызыма кетерімде, шекарадан өтпей тұрып, 1 ақпанда ескерткенім іс материалдарында жоқ, – деді Нарымбаев.

Белсендінің өзі бұл істі "өте даулы, тіпті күмәнді" деп атап, оның саяси астары бар деп есептейді. Ол тергеу абақтысына қамалардан бұрын, 3 ақпанда Facebook-те жариялаған постында: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған еді.

Ермек Нарымбаев елде биыл жаңадан қабылданған Конституцияның және өзі заңсыз деп санайтын референдумның нәтижесінде Қазақстан парламенті өз төрағасын өзі сайлау құқығынан айырылған жалғыз елге айналды деп біледі.

– Мен жасанды интеллектіден АҚШ пен Қазақстан Конституциясын салыстыруды сұрадым. Онда менің бірде-бір сөзім жоқ. Жасанды интеллект Қазақстан президенті мен АҚШ президентінің өкілеттіктерін салыстырып, Қазақстан президентінің өкілеттігі АҚШ президентінің өкілеттігінен үш есе көп деген қорытындыға келді. Бұл соның жасаған тұжырымы, менің не қатысым бар? Мен тек жасанды интеллектінің айтқанын жеткіздім. Егер ол біреуге ұнамаса, онда жасанды интеллектіні соттасын. Біздің Конституциямызда сөз бостандығына да, саяси әралуандылыққа да тыйым салынбаған емес пе?! – дейді Нарымбаев.

СОТ БҰЛТАРТПАУ ШАРАСЫН ӨЗГЕРТПЕДІ

Алдын ала тыңдауда айыпталушы мен адвокаты судьядан Нарымбаевқа бұған дейін белгіленген бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны кепілге болса да босатуын сұрады. Белсендінің қоғамдық қорғаушысы әрі інісі Арман Нарымбаев та осыны айтты.

– Оны неліктен осы уақытқа дейін қамап ұстап отыр? Ол өзін қалай қорғай алады? Изоляторда отырып, сотқа қалай дайындалмақ? Мұнда да ол бізбен сөйлесе алмайды, айтылғанның жартысын естімейді. Тараптар теңдігі деген болуы керек қой. Бізде ол жоқ, – деді Арман Нарымбаев.

Алайда прокурор Әзизхан Сауыт бұған көнбеді. Ол айыпталушының пробациялық бақылау шартын бұзғанын алға тартып, соттан оған белгіленген бұлтартпау шарасын өзгертпеуін сұрады.

– Сотталушы бұл құқық бұзушылықты пробациялық бақылауда болған кезде жасағанын ескеріп, Қылмыстық-процестік кодекстің 153-бабына сәйкес, бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ деп есептеймін, – деді прокурор.

Бұдан соң судья кеңесу бөлмесіне барып келген соң прокурордың ұстанымын қолдады. Іс бойынша негізгі процесс 10 маусымда басталады.

Сот залында Азаттық тілшісімен тіл қатысқан кезде қамаудағы белсенді отбасы жағдайына байланысты процесстік келісімге келуге кетәрі емесін айтты.

– [Айыпты] мойындамаймын. Бірақ олар "Ереке, кінәңізді мойындап қол қойсаңыз шартты жаза болады" десе, процесстік келісімге келе аламыз, – деді Ермек Нарымбаев.

Оның әкесі Ерсайын Нарымбев соттың әділ үкім айтатынына күмән келтіреді. Әсіресе, саяси істерде заң үстемдігі жүрмейді дейді қария.

– Мен жалғыз бүгінгі ғана сотты емес, осы кейінгі кезде болып жатқан соттардың бәрін қарап отырмын. Соның ішінде келген тұжырымым, бізде "заң үстемдігі" деген бір түсінік бар, заң бәрінен биік деген. Біздегі мына соттардың шешіміне қарсаң, ешқандай заңға қарап жатқан ешбір сот жоқ. Мен жаңағы сөзді "заң үстемдігі емес, судьяның заңнан үстемдігі" деп айтар едім, – деді Ерсайын Нарымбаев.

56 жастағы Ермек Нарымбаев 2000-жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен. Осы кезге дейін билік оған қарсы оннан астам іс қозғаған. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартқан.

2010 жылы Нарымбаев сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп, "Назарбаев, кет!" деп ұрандап, митингіге шыққан. Сол жылы "сотты құрметтемеді", "полицияға күш көрсетті" деген айыппен 4 жылға бостандығынан айырылып, колонияға жіберілді. 2012 жылы қамаудан босап шықты. 2016 жылы сот оны "Алауыздық тудырды" деген айыппен екі жылға бостандығынан айырған. Кейін апелляция соты белсендінің жазасын жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға эмиграцияға кетіп, 6 жыл Киевті паналады. 2022 жылы Алматыға ұшып келген бетте әуежайда ұсталып, 1,5 жыл бойы түрмеде отырып, 2023 жылдың жазында босап шыққан еді. Қазіргі процесс, қоғамдық-саяси қызметпен айналыспау туралы тыйым осы істен басталып отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG