ЖИ нарығынан өз орнын іздеген Қазақстан: талпыныстар мен тәуелділік

Жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуды стратегиялық басымдық деп жариялаған Қазақстан билігі ел аумағында ірі дата-орталықтар салып, тіл модельдерін жасап, халықаралық технологиялық одақтарға қосылып жатыр. Алайда Қазақстан бұл бағытта әлі де АҚШ пен Қытайдың технологиясына тәуелді.

Осы аптада Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді қысқа мерзімде толық цифрландыру міндеті тұр деп мәлімдеді.

Ол келтірген деректер бойынша:

  • Қазақстанда қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі;
  • eGov Mobile қосымшасына 13 миллион адам тіркелген;
  • былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқан;
  • 2019 жылдан бері Astana Hub резиденттерінің жиынтық табысы 7 миллиард долларға жуықтаған;
  • құны бір жылда 10 миллиард долларға жеткен Higgsfield стартапы пайда болған.


Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуда технологиялық теңсіздікке жол бермеуге шақырды. Ол Ресеймен арада цифрлық көлік дәлізін құруды, AI Challenge және AI Journey Junior бағдарламалары аясында бірлескен жобалар әзірлеуді ұсынды. Бұған қоса технологияны алаяқтық пен жалған ақпарат таратуға пайдалануға қарсы ортақ күрес қажет екенін айтты.

Конференция аясында Ресей президенті Владимир Путинмен бірге жастармен кездескен Тоқаев биыл ЖИ саласын реттейтін заңдар мен нормалар қабылданғанын атап өтті.

"Біз әлі діттеген мақсатымызға жеткен жоқпыз. Менің түсінігімде, жасанды интеллектінің серпінді дамуы үкіметке жаңа міндеттер жүктейді", – деді ол.

Есептеу қуаты және чиптерге тәуелділік

Жасанды интеллектіні дамыту үшін үш негізгі ресурс қажет. Біріншісі – сапалы дерек қоры. Жасанды интеллектіні белгілі бір нәрсеге үйрету үшін оған орасан көп ақпарат керек. Екіншісі – есептеу қуаты: аса күшті чиптер, суперкомпьютерлер мен дата-орталықтар. Үшіншісі – озық технология мен мамандар, яғни жасанды интеллект модельдерін әзірлеп, жетілдіре алатын ғылыми база болу керек.

Бұл бәсекеде әлемде әзірге АҚШ пен Қытай көш бастап тұр. Ресей де дербес экожүйе қалыптастырғысы келеді, бірақ Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағаны үшін оған Батыс салған санкциялар салдарынан озық чиптерге қол жеткізе алмай отыр.

Қазақстан да бұл жарысқа қосылғанымен мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, дамыған елдерге тәуелді жағдайда.

Қазақстанда қазір халықаралық TOP500 рейтингіне енген екі суперкомпьютер бар: Alem.Cloud (110-орын) және AI-Farabium (128-орын). Дегенмен Қытайдың LineShine суперкомпьютерінің қуаты қазақстандық Alem.Cloud-тан 107 есе артық.

Есептеу қуатын арттыру үшін Қазақстан үкіметі биыл америкалық Firebird компаниясымен бірге Екібастұзда Data Center Valley жобасын бастаған. Жоспар бойынша, 2027 жылы жиынтық қуаты 304 мегават болатын үш дата-орталық іске қосылуға тиіс. Қазір қуаты 109 мегаватқа дейінгі бірінші орталықтың құрылысы жүріп жатыр, екіншісінде жер қазу жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.

Бұдан бөлек, былтыр үкімет Сингапурдың GK Hyperscale компаниясымен жалпы қуаты 200 мегават болатын екі дата-орталық салуға келісті. Жобаға 1,5 миллиард доллар инвестиция тартылмақ.

Суперкомпьютерлердің жұмысы ең алдымен графикалық процессорларға (чиптерге) байланысты. Қазақстан мұндай чиптерді өзі өндірмейді. Елдегі екі суперкомпьютер де Тайваньда құрастырылатын америкалық NVIDIA компаниясының чиптерімен жұмыс істейді.

Екібастұздағы жаңа орталықтарға да NVIDIA чиптері жеткізілмек, АҚШ билігі оларды экспорттауға рұқсат берген.

Тіл модельдері және деректер базасы

Қазақстан өз тіл модельдерін әзірлеуден тәжірибе жинақтап жатыр. Сондай өнімдердің бірі – Назарбаев университетінің ISSAI институты жасаған KazLLM моделі. Оны әзірлеуге мемлекет 3,9 миллиард теңге бөлген. Бұл модель қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі 148 миллиард токен (мәтін бірлігі) негізінде оқытылған.

Алайда қазақстандық модельдер шетелдік үлгілерге сүйеніп әзірленген: KazLLM америкалық Meta компаниясының Llama архитектурасына негізделсе, тағы бір қазақстандық модель – AlemLLM-ді жасауға Қытайдың 01.AI компаниясы техникалық қолдау көрсеткен. Сондықтан әзірше Қазақстанда бастан-аяқ түгел өзі жасап шыққан модель жоқ, дайын шетелдік технологиялық үлгілерді өз тіліне бейімдеп, оқытып, жетілдіріп жатыр.

KazLLM моделін оқыту үшін оқыту үшін Назарбаев университеті 6 миллиард сөз жинаған, сондай-ақ мемлекеттік Smart Data Ukimet жүйесіне түрлі мекеме-ұйымдардың 93 дерекқоры қосылған.

Вашингтон мен Пекин арасындағы тепе-теңдік

Сыртқы саясатта ғана емес, жасанды интеллект саласында да көпвекторлы саясат ұстануды құп көрген Қазақстан АҚШ пен Қытай бастамашылық еткен екі халықаралық ұйымға қатар кірген жалғыз мемлекет атанды.

Биыл маусым айында Астана АҚШ 2025 жылғы желтоқсанда бастаған Pax Silica декларациясына қосылды. Әуелде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Австралия, Сингапур және Израиль болған оның құрамында қазір 26 ел мен Еуропа одағы бар. Бұл бастама ЖИ дәуіріне қажетті технологиялар мен шикізаттың сенімді жеткізу тізбегін құруды көздейді.

АҚШ осы мақсатта Тайваньның жартылай өткізгіш өндірісіне, Оңтүстік Корея мен Жапонияның технологиялық әлеуетіне және басқа да серіктестеріне сүйенеді. Ал Қазақстан бұл жобаға маңызды минералдар қоры, энергетикалық әлеуеті және Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік мүмкіндіктерімен үлес қосып, есесіне инвестиция мен озық технология тартқысы келеді.

Бұған қоса биыл шілде айында Қазақстан Қытай құрған Дүниежүзілік жасанды интеллект ынтымақтастығы ұйымының құрылтайшылары қатарына кірді. Ресей, Пәкістан, Индонезия және басқалар – жиынтығы 38 ел мүше бұл ұйымды Пекин "ЖИ технологияларын бірнеше ірі елдің монополиясынан қорғайтын халықаралық алаң" деп сипаттайды.

Қазақстан бұл бастамаға Қытаймен ғылыми зерттеу, технология алмасу және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты дамытудың қосымша мүмкіндігі ретінде қарайды. Бірақ ұйымға мүше болу технология мен инвестиция алуға кепілдік бермейді. Сарапшылар АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық текетірес күшейген сайын, екі тараптың жобасына қатар қатысу Астанаға саяси қысым тудыруы мүмкін дейді.

Ал ЖИ-ді реттеу мәселесінде Қазақстан басшылығы ортақ халықаралық ережелер қабылдауды жақтайды. Биыл қазанда Астанада өткен AI & Digital Bridge форумында президент Тоқаев америкалық технологиялық компаниялар арасында жасалған Super intelligence Accord ("Вашингтон моделі") келісімін БҰҰ аясында халықаралық шарт әзірлеуге негіз ретінде ұсынған. Бұл келісім аса қуатты ЖИ жүйелерін әзірлеуде қауіпсіздік пен жауапкершілік қағидаларын сақтауды міндеттейді.


XS
SM
MD
LG