Accessibility links

Журналист Лұқпан Ахмедияров өзін билік шетелге шығармай қойғанын айтты

YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы, журналист Лұқпан Ахмедияров. Астана, 9 шілде, 2025 жыл.
YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы, журналист Лұқпан Ахмедияров. Астана, 9 шілде, 2025 жыл.

Қазақстандық журналист, "Просто журналистика" YouTube-жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров Қазақстаннан шетелге шықпақ болған кезінде өзін Астана әуежайында тоқтатып, құжатын алып қойғанын әлеуметтік желіде жазды.

Ахмедияровтың айтуынша, ол отбасымен бірге Черногорияға жазғы демалысқа баруға ұшаққа билет алып қойған.

"Ұшатын күннің қарсаңындағы түнде менің [елден] шығуыма шектеу жоқ па екенін тексеру үшін кезекті рет e-gov.kz және Әділет министрлігі сайтын ашып қарадым. Шектеу жоқ екен. Бірақ әуежайда төлқұжат тексерген кезде Астана қалалық полициясы шығуыма тыйым салғанын айтып, мені кері қайтарды", — деп жазды Ахмедияров 3 тамызда әлеуметтік желідегі парағына.

Астана қалалық полиция департаменті әзірге бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме берген жоқ.

Өткен аптада Лұқпанр Ахмедияров Астанада автокөлігіне белгісіз біреу бояу шашып кеткенін хабарлап, сол сәт жазылып қалған видеоны жариялаған еді. Журналист Астана полициясы ол адамның кім екенін әлі анықтай алмай жатқанын айтқан.

Шілде айының басында Қазақстандағы бірнеше тәуелсіз журналист WhatsApp-тағы аккаунттарына шабуыл жасалып, бұғатталып қалғанын мәлімдеді. Олардың арасында Лұқпан Ахмедияров та бар. Оның WhatsApp аккаунтынан бөлек, Instagram парақшасы да бұғатталып, журналист Facebook-тегі парағына кіре алмай қалған.

22 маусым күні Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты көшеден алып кетіп, бірнеше сағат полиция бөлімшесінде ұсап босатқан. Өз сөзінше, полицияда оған "Ресей федерациясы ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша халықаралық іздеу салынғанын" айтып, сұрақтар қойған.

Батыс Қазақстан облысының тумасы Лұқпан Ахмедияров Қазақстандағы тәуелсіз журналистердің бірі ретінде танымал. Кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың иегері атанған Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа кәсіби қызметіне бола қастандық жасалған.

Кейінгі бірнеше жылдан бері Астанада тұрып жатқан Лұқпан Ахмедияровты былтыр Астанада билік өкілдері ұстап, "көрінеу жалған ақпарат тарату" туралы іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде жауап алу үшін полиция мекемесіне жеткізген еді. Ол іс Ахмедияров Ресейге жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтарды Ресейдің қорғаныс министрлігі әскери келісімшартқа отыруға мәжбүрлеп жатқаны туралы бейнематериал жариялағаннан кейін қозғалған. Ол қылмыстық істің қай деңгейде екені қазір белгісіз: бұған дейін бірнеше рет полицияға шақыртып, жауап алғаннан басқа тергеу амалдары жайлы ақпарат болған жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG