Апта оқиғалары: 2 - 8 желтоқсан

Қырғызстанда «алаяқтық қылмысқа қатысы бар» және «қызметін теріс мақсатта пайдаланды» деген айыптармен өткен айда тұтқындалған парламенттің бұрынғы төрағасы Акматбек Келдібековті қамаудан босатуды талап еткен мыңдаған адам 2 желтоқсанда Ош облыстық әкімшілігінің ғимаратын басып алуға әрекет жасады. Милиция оларды ғимарат алдынан ығыстырып тастаған.

«Ата Жұрт» оппозициялық партиясының парламенттегі фракциясының мүшесі болған Акматбек Келдібеков 2010-2011 жылдары Қырғызстан парламенті спикері қызметін атқарған. «Ата Жұрт» партиясының жетекшісі Камчыбек Ташиев «Келдібековті тұтқындаудың саяси астары бар» деп мәлімдеген.

3 желтоқсанда Қарағанды облыстық соты балқаштық адвокат Зинаида Мухортованың мәжбүрлі түрде психиатриялық сараптамадан өткізілгенін заңды деп тауып, оның апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Психиатриялық ауруханаға тағы да күштеп қамалу қаупінен қорыққан Мухортова сот отырысы қарсаңында Қазақстаннан кетіп қалды.

Тәуелсіз адвокат Зинаида Мухортова бірнеше рет мәжбүрлі түрде емделуге тап болған. Оның өзі де, жақтастары да саяси себеппен қуғын көргенін айтқан.

4 желтоқсанда Қазақстан қаржы полициясы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен ол құрды делінген қылмыстық топ өкілдеріне қатысты қозғалған қылмыстық іс прокуратураға жіберілгені туралы хабарлады. Бергей Рысқалиевке "бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып отыр.

Сонымен бірге осы аптада бұрынғы әкім «террористік пиғылдағы іс-әрекеттерге қолғабыс еткен» деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.

Қазір Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға халықаралық іздеу жарияланған. Ағайынды Рысқалиевтердің қазір қайда екендігі белгісіз.

Қарағанды облысындағы Қаражал түрмесінде отырған Арон Атабекті тұрғылықты жері Алматы облысындағы түзеу колонияларының біріне ауыстыру үшін 4 желтоқсанда этаппен жөнелткен

Ақын, әрі диссидент рон Атабек «2006 жылдың жазында Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданындағы үйлерді бұзу кезінде билік өкілдеріне қарсылық әрекеттерін ұйымдастырды» деген айыппен 2007 жылдың қазанында 18 жылға сотталған. Ол – Қазақстан демократиялық күштері тағайындаған «Азаттық» сыйлығының, «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) халықаралық сыйлығының «Тұтқындағы шығармашылық иесі» номинациясының лауреаты.

4 желтоқсанда Астананың Есіл аудандық №2 сотында Қазақстан статистика агенттігінің бұрынғы жетекшісі Анар Мешімбаеваның ісі бойынша сот тыңдауы басталды.

Қазақстан қаржы полициясы оған «2009 жылдың ақпан және наурыз айларында жүргізілген халық санағы кезінде бюджет қаржысын жымқырған» деген айып таққан.

Сотта Анар Мешімбаева өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді.

Ол 2009 жылы күзде Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің төрайымы қызметінен отставкаға кеткен еді. Көп ұзамай Мешімбаева елден кетіп қалды. Ол туралы түрлі деректер айтылды. Мешімбаева 2013 жылы 6 ақпанда Мәскеуде ұсталып, қыркүйектің 7-сі күні Қазақстанға экстрадицияланған.

5 желтоқсанда Астананың әскери соты Қазақстан әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары, авиация генерал-майоры Асқар Бөлдешовті "қызмет өкілеті мен билігін асыра пайдаланды" деген айыппен сегіз жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Асқар Бөлдешов биыл сәуір айында "әскери техникаларды жөндеуден өткізу кезіндегі алаяқтық істерге қатысы бар" деген күдікпен тұтқындалған. Бұл - қорғаныс мекемесіндегі жемқорлық қылмысқа қатысты шыққан биылғы екінші үкім. Бұған дейін қорғаныс министрлігінің қару-жарақпен қамту бас басқармасының бұрынғы бастығы Алмас Әсенов 200 мың доллар пара алды деген айыппен 11 жылға сотталған еді.

Желтоқсанның 5-і күні кешке Парижде Людовик Трарье атындағы халықаралық құқық қорғау сыйлығын иеленген қазақстандық құқық қорғаушы Вадим Курамшинның есімі ресми түрде аталып, сыйлықты табыс ету салтанаты өтті. Сыйлықты алуға Курамшиннің анасы мен інісі аттанды. 2012 жылы желтоқсанда «бопсалау» деген айып бойынша 12 жылға сотталған Курамшин қазір жұрт «Жамансопка» деп атап кеткен тәртібі қатал түрмеде отыр.

Француз адвокаты Людовик Трарьенің құрметіне аталған сыйлық 1984 жылы тағайындалған. Содан бері бұл сыйлыққа ие болғандардың арасында Нельсон Мандела мен Чжоу Гоцян да бар.

5 желтоқсанда Оңтүстік Африкада апартеидке қарсы қозғалыс жетекшісі болған, өмірінің 30 жылға жуық уақытын түрмеде өткізген, ОАР-дің қара нәсілді тұңғыш президенті Нельсон Мандела 95 жасқа келгенде дүниеден өтті.

Әлем елдерінің басшылары, саяси жетекшілер мен танымал тұлғалар Манделаның қазасына орай көңіл айтты. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Манделаның теңдік пен азаттық жолындағы күресі көптеген адамға шабыт бергенін айтып, марқұмды "әділеттілік алыбы" деп атады. 

Нельсон Мандела қоғамдық қызметтен 2004 жылы өз еркімен қол үзді. Өмірінде талай қиындықтар мен жеңісті сәттерді басынан өткерген Мандела өзі үлгі тұтқан Ганди сияқты ұлт тағдырын қарумен емес, адамгершілік қасиетімен өзгерте алды.

Қазақстанда режиссер Әмір Байғазиннің тырнақалды «Үндестік сабақтары» көркем фильмі прокатқа шықты.

Шетелде көптеген жүлде алып үлгерген шығармада алыс бір түкпірдегі ауыл мектебінің 13-14 жасар оқушылардың өмірі, мінез-құлқы мен бір бірімен қатынасы баяндалады. Фильм премьерасында кинотеатрда ине шаншар жер болмады.

7 желтоқсанда Польша астанасында  «Жаңаөзен 2011 – құқық пен бостандық туралы ақиқат» атты фотокөрме ашылды. Оған қойылған суреттерді Жаңаөзен оқиғасы кезінде қарапайым мұнайшылар, жергілікті және шетелдік журналистер түсірген.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында полиция ереуілдеуші мұнайшыларға оқ атты. Соның салдарынан, ресми ақпарат бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.

8 желтоқсанда Киевте украин оппозициясы Еуропа Одағымен ынтымақтастық туралы келісімге дайындықтан бас тартқан өз үкіметінің шешіміне жаппай наразылық шеруін өткізді. Киевтің Тәуелсіздік алаңына мен жапсарлас көшелерге жүз мыңдаған адам шығып, билікке қарсылық білдірді.

21 қарашада Украина үкіметі Еуроодақпен келісімге дайындықты тоқтату туралы шешімін жария еткен соң, ел астанасы Киев және Украинаныің өзге де қалаларында билікке қарсы жаппай шерулер басталған еді.