Апта бейнелері: 27 қаңтар - 2 ақпан

Диссидент, ақын Арон Едігеев (әдеби лақап аты – Арон Атабек) былтырғы желтоқсан айының басынан бері Қарағандыдағы АК-159/1 тергеу изоляторында жатыр, ол этаппен ешқайда жөнелтілмеген. Бұл жайында республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) Азаттық радиосына 2014 жылы 27 қаңтарда берген ресми жауабынан белгілі болды.

2006 жылы Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданында болған оқиғаға қатысты сот үкімімен 18 жылға түрме жазасына кесілген Арон Атабек 31 қаңтарда 61 жасқа толды.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «мұрагері болуға үміттілер» тақырыбын арандату деп бағалайды. Бұл туралы журналистке жазған ашық хатында ол Назарбаевтың «Қазақстанды бүгінгі жетістіктерге жеткізуші ғана емес, сонымен бірге, алдағы уақытта да жаңа жеңістерге жетелеуші бірегей саяси қайраткер екеніне кәміл сенетінін» және оған «өзге балама жоқ» екенін атап көрсеткен.

27 қаңтарда Алматының Алмалы аудандық соты қала тұрғыны Шынар Бисенбаеваның (суретте) қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) мен ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаменті және ҰҚК «Арыстан» арнайы жасағына қарсы талап-арызын толық көлемде қанағаттандырудан бас тартты. Бисенбаева 2012 жылдың тамызында арнайы операция кезінде қаза болған 10 жасар ұлы Ислам Мақсұт үшін ақшалай өтемақы талап еткен еді.

Сонымен бірге, қаңтардың 27-сі күні Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Бисенбаеваның күйеуі, «терроризм» бабы бойынша айыпталып, 11 жылға сотталған Саян Хайыровтың шағымын қарап, бірде-бір өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Астананың Есіл аудандық сотында үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралап жатқан, Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева БАҚ өкілдерінен өз ісіне қатысты журналистік зерттеу жүргізуді сұрады. Қаңтардың 27-сінде сот Мешімбаева ісінің 32 томдық материалдарын жариялауға кірісті. Сотталушы айыбын мойындамайды.

Украинада 28 қаңтарда, билікке қарсы шерушілердің бірнеше аптаға созылған наразылығынан соң премьер-министр Николай Азаров отставкаға кетті. Ол "саяси ымыра үшін, Украинаның тұтастығын сақтау үшін" осындай қадамға барғанын айтты. Азаровтың қызметінен кетуін оппозиция жақтастары талап еткен еді.

Сол күні Жоғарғы Рада 16 қаңтарда қабылданған, азаматтық бостандықты шектеген 12 заңның 9-ынан бас тартты. Бұл заңнан бас тарту жайы содан бір күн бұрын оппозиция өкілдері мен президент Виктор Януковичтің кездесуінде талқыланып, президент оппозиция қойған талапқа көнген еді.

АҚШ президенті Барак Обама 28 қаңтарда конгресс мінберінен өз халқына жолдауында "тарихындағы ең ұзаққа созылған рецессиядан АҚШ біртіндеп шығып келе жатқанын" мәлімдеді. Ол жолдауында жұмыс орындарын ашып, америкалықтардың табысын арттыратын шараларды ұсынды.

Ақ үй басшысы АҚШ өз елінде демократия орнатқысы келетіндерді қолдауға дайын екенін білдірді. Сонымен бірге ол Гуантанамодағы түрмені жабу, шетелдік әріптестерімен күш біріктіріп, террористік ұйымдарға қарсы мақсатты күрес жүргізу туралы айтты.

«Қорғас ісі» бойынша Алматыда өтіп жатқан сотта негізгі айыпталушылардың бірі Талғат Қайырбаев (суретте сол жақта) өзіне қарсы куәлік берген Талғат Мақатовтың «жалған айтып тұр» деп айыптап, қаржы полициясы Мақатов арқылы кеден бекетіндегі бизнесті өз бақылауына алмақ болғанын мәлімдеді.

Ал жүктің қожайыны қарсылық таныта бастаса Қайырбаевтың оларға қандай амал қолданғаны туралы айтып, қаржы полициясының құпия агенті ретінде жасаған телефон жазбаларын сотта талдаған Мақатов Қытайдан «Қорғас» бекеті арқылы тауармен өткен әр жүк көлігінен кеденшілер 8 мың АҚШ долларына жуық ақша алып отырғанын және одан бөлек кеденшілерге тиесілі брокерлік фирмалардың брокерлері пара бергендердің жүгін «біртекті заттар» деп тез рәсімдеп, кеденнен тез өткізгені үшін тағы 4 мың доллар көлемінде пара алғаны туралы мәлімдеді.

Киевте 22 қаңтарда жоғалып кетіп, қаңтардың 30-ы күні табылған Украинадағы «Автомайдан» акциясы жетекшілерінің бірі Дмитрий Булатов журналистерге өзін әлдекімдер ұрлап әкетіп, бірнеше күн қамауда ұстап, азаптағанын мәлімдеді. Украина милициясы "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деген айыппен Булатовтың үстінен іс қозғалып, тергеуші соттан оны үйқамаққа алуды сұрайтыны туралы ақпарат тарады. Батыс елдері мен халықаралық құқыққорғау ұйымдары Украина билігін белсендіні ұрлау оқиғасына қатысты тергеу ісін дереу бастап, Булатовты ұрлағандарды тауып, жауапқа тартуға шақырды.

Шығыс Қазақстан облысын Риддер қаласында тұратын журналист әрі құқық қорғаушы Александр Харламов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі жабуды талап етіп, бас прокурор Асхат Дауылбаевқа хат жолдады. «Діни араздықты қоздырды» деген айыппен өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі Харламов «саяси астары» болғандықтан ғана емес, прокуратура оны «саяси тұрғыдан өзгеше ойлайтын адамға айналдырып жібергендіктен» де жабуды талап етіп отыр.

Қаңтардың 31-і күні Қазақстан президентінің жақын серіктерінің бірі, президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы және бұрынғы сенат төрағасы Оралбай Әбдікәрімов (суретте) жемқорлыққа қарсы «Жаңару» жалпы ұлттық қозғалысы құрылғанын мәлімдеді. Әзірше қозғалысқа 12 адам енген, олар тегін жұмыс істейтінін айтады. 

31 қаңтарда Қаскелеңдегі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне байланысты сотталған Ержан Өтембаевтың (суретте) үкімін қайта қарап жатқан сот тыңдауында жарыссөз аяқталды. Прокурор Өтембаевты «қылмысқа айдап салушы» ретінде 15 жылға соттап, қатаң режимдегі түзеу орнына жіберуді сұрады. Өтембаев өзінің «қылмысқа айдап салушыға» айналып кеткеніне таңғалып: «Бұл жерде үлкен күштер бар...» деумен шектелді.

Ақпанның 1-і күні Монакода өткен жекпе-жекте ганалық Осуману Адаманы техникалық нокаутпен жеңген қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин орта салмақта WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағын тоғызыншы, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жетінші рет қорғап қалды.