Апта бейнелері: 9 - 15 маусым
9 мамыр күні Мәскеу қалалық соты 2006 жылы "Новая газета" басылымының журналисі Анна Политковскаяны өлтірген деп айыпталған Рустам Махмудов (оң жақта) пен Лом-Әли Гайтукаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Осы іс бойынша өзге үш айыпты - Ибрагим Махмудов 12 жылға, Жабраил Махмудов 14 жылға, бұрынғы милиционер Сергей Хаджикурбанов 20 жылға сотталды.
Тергеу деректерінде Политковскаяға қастандық жасалуына оның журналистік қызметі себеп болғаны айтылған. Бірақ оны өлтіруге кім тапсырыс бергені сол күйі анықталмады.
9 маусым күні Астанада оппозициялық «16/12» бейнепорталы кеңсесіне өздерін "қаржы полициясының өкілдеріміз" деп таныстырған адамдар тінту жүргізді. Бейнепортал тілшілері бүкіл видеотехника мен компьютерлер тәркіленгенін айтады."16/12" ақпарат арнасы" - Қазақстандағы саны шамалы тәуелсіз электрондық БАҚ-тардың бірі. 2013 жылы құрылған бейнепортал үшін хабар дайындайтын жекеменшік "Ракурс" студиясының Алматыдағы кеңсесіне де билік былтыр желтоқсан айында тінту жүргізген еді.
"Әл-Қаидамен" байланысы бар "Ирак және Леванта ислам мемлекеті" ұйымының қарулы жасағы Ирактың екінші ең ірі қаласы - Мосулды бақылауына алған соң қала мен оның маңайындағы елдімекендерден 500 мыңға жуық тұрғын қашып шыққан. Бұл туралы Халықаралық миграция жөніндегі ұйым хабарлады. Оның алдында қарулы бүлікшілер Тикрит қаласын басып алған еді. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық қауымдастықты исламшыл содырлар шабуылына ұшыраған Иракқа қолдау көрсетуге шақырды.
10 маусым күні Украина президенті Петр Порошенко елдің шығысында украин әскерилері ресейшіл сепаратистерге қарсы антитеррорлық операциялар жүргізіп жатқан облыстарда бейбіт тұрғындар құрбан болмас үшін босқындарға арналған "дәліз" ашуды тапсырды. Украинаның шығысында үкімет күштері мен сепаратистер арасындағы қарулы шайқастар босқындар легін де көбейтті.
Суретте: Славянск қаласынан қашып, "Заря" босқындар лагерін паналаған балалар. Снежное қаласы, Донецк облысы. 11 маусым 2014 жыл.
ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының өкілі Исабель Сантос Алматы маңындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан қазақстандық оппозиционер Владимир Козловпен жолықты. Тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылдың қазан айында «мемлекеттің конституциялық құрылымын құлатуға шақырды, Жаңаөзен мұнайшыларының талай айға созылып, 2011 жылдың желтоқсанында қару қолданумен аяқталған жаппай ереуілін ұйымдастырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерінің үкіметтері Козловтың өзіне қарсы істің «саяси астары бар» деген уәжін қолдайды.
Украина сыртқы істер министрлігі 12 маусым күні қарулы сепаратистер Донецк облысының Снежное қаласынан Днепропетровск облысына бара жатқан жетім балалар отырған автобусты ұстап, жүргізушісін Ресейге қарай бұрылуға мәжбүр еткенін мәлімдеді. Автобуста 28 украин азаматы, оның ішінде 25 жетім бала мен отбасылық типтегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері болған. Бұдан ары 9 бала мен жол бастаушы бір ересек адамды Украина-Ресей шекарасын кесіп өтер тұста автобустан түсіріп кеткен, қалған 18 адам Ресейдің Ростов облысына қарай әкетілген.
Өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" өкілдерінің қасында отырған балалар. 12 маусым 2014 жыл.
12 маусым күні Бразилияда футболдан әлем чемпионаты басталды. Бір айға жалғасатын әлемдік жарыста 32 елдің командалары өзара бәсекеге түседі. Алғашқы ойында Бразилия командасы Хорватия құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Әлем чемпионатының финалы шілденің 13-і күні Рио-де Жанейродағы «Маракана» стадионында болады.
Абайдың шөбересі - бәйбішесі Ділдәдан туған ұлы Мағауиядан тарайтын Ишағы Жағыпарқызы 12 маусым күні 92 жасында қайтыс болды. Туыстарының Азаттыққа хабарлауынша, марқұм Шығыс Қазақстан облысындағы Ақшоқы ауылына жерленеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Ишағы Жағыпарқызы - Абай әулеті жайлы естеліктер мен деректерді жеткізген адамдардың бірі.
Маусымның 13-іне қараған түні Симферополь маңындағы қырым татарлары мешітіне белгісіз адам жанғыш сұйықтық құйылған зат лақтырған. Полиция бақылау камерасына түсіп қалған бұл оқиғаны тексеріп жатқанын айтады.
Қазақстандағы Ақжайық және Қатонқарағай қорықтары (суретте Шығыс Қазақстан облысы Көкен-тау бөктеріндегі балбал тастар бейнеленген) ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық қорықтары тізіміне енгізілді. Бұл туралы Швецияның Йенчепинг қаласындағы Ист Вестерн Скарп қорығында 10-13 маусым аралығында өткен ЮНЕСКО-ның "Адам және биосфера" бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесінің жиынында айтылды. Биосфералық қорықтардың дүниежүзілік тізіміне жаңадан барлығы 13 қорық кіргізілген.
Украина үкіметі әскері ресейшіл сепаратистер бақылауында болған Мариуполь қаласын қайтарып алғанын хабарлады. Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков Facebook-тегі парақшасында үкімет әскері 13 маусым күні түске таман қалалық әкімдік үстіне украин туын тіккенін жазды. Министрдің айтуынша, ұрыста бес сепаратист қаза тауып, екі украин сарбазы жараланған.
14 маусым күні Ауғанстанда президент сайлауының екінші кезеңінде алғашқы турда өзгелерден көп дауыс жинаған екі кандидат - бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани саяси бәсекеге түсті. Сайлаудың алдын ала нәтижесі 2 шілде күні белгілі болмақ.
14 маусым күні Луганск түбінде ресейшіл сепаратистер Украинаның ИЛ-76 әскери транспорттық ұшағын атып түсіріп, ұшақта болған 49 адам қаза тапты. Олардың тоғызы экипаж мүшелері, қалғаны әскерилер екені хабарланды. Бұл қазаға байланысты маусымның 15-і Украинада қаралы күн болып жарияланды. Днепропетровск облысында қаза тапқан әскерилерді 27 маусымға дейін аза тұтады.
Суретте: Атып түсірілген украиналық Ил-76 әскери ұшағы құлаған жерде тұрған ресейшіл сепаратист. Луганск, 14 маусым 2014 жыл.