Америкалық Ocean Infinity компаниясы осыдан бір жыл бұрын жоғалып кеткен Аргентинаның "Сан-Хуан" сүңгуір қайығы мұхиттың қай тұсында жатқанын анықтаған. Бұл туралы хабарлама Аргентина әскери-теңіз күштерінің Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Онда сүңгуір қайықтың теңізде 800 метр тереңдікте жатқаны айтылған, әзірше бұдан өзге дерек келтірілмеген.
El #MinisterioDeDefensa y la #ArmadaArgentina informan que en el día de la fecha, habiéndose investigado el punto de interés N°24 informado por Ocean Infinity, mediante la observación realizada con un ROV a 800 mts de profundidad, se ha dado identificación positiva al #AraSanJuan
— Armada Argentina (@Armada_Arg) November 17, 2018
Атлант мұхитына жорыққа аттанған Аргентинаның "Сан-Хуан" сүңгуір қайығымен байланыс өткен жылғы қарашаның 15-і күні үзілген. Қайықта барлығы 44 адам болған. 2017 жылы желтоқсанның басында Аргентина билігі сүңгуір қайық экипажы түгелдей қаза болды деп ресми түрде жариялаған.
"Сан-Хуан" сүңгуір қайығының қандай жағдайға ұшырағаны әлі күнге дейін белгісіз. Билік қайықта жарылыс болуы ықтимал деген жорамалды жоққа шығармайды. Сүңгуір қайықты іздестіруге оннан астам ел, солардың арасында АҚШ, Ұлыбритания мен Ресей де атсалысқан.