"ҚДТ-ны қолдаған" Ақбердиева соңғы сөзін айтты

Айгүл Ақбердиева (сол жақта) мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева. Ақтау қаласы, 11 қаңтар 2019 жыл.

Астана экстремистік ұйым деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін "билікті құлатпақ болды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиева соттағы соңғы сөзін сөйледі. Сот Ақтауда өтіп жатыр.

4 ақпандағы процеске бірнеше халықаралық ұйымдардың бақылаушылары және Ақтау тұрғындары қатысты.

Айыпталушы Айгүл Ақбердиева соңғы сөзін жарты сағат сөйледі. Ол кінәсіз екендігін, айыбын мойындамайтынын айтты.

- Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар екені рас. Сол себепті мен биліктің жүргізіп отырған саясатымен келіспеймін. Өзіңіз естіген шығарсыз, бүгін Астанада үй өртеніп, бес бала қайтыс болды. Оған да саясат кінәлі. Егер жақсы жәрдемақы төленсе, ата-анасы оларды қараусыз қалдырмас еді. Анасы оларды қарап үйінде отырар еді. Әр азаматтың өз ойын айтуға құқығы бар. Мен "билікті күштеп басып алу" деген ұғымды осы сот басталғанда білдім. Қазақстан азаматы ретінде қоғамдағы әділетсіздікке қатысты тек өз ойымды ғана айттым. Сондықтан қарапайым отбасындағы әйелді бұл айыппен айыптаудың өзі күлкілі. Егер мені шынымен қоғамға қауіпті деп санасаңыз, міне қолым, кісендеңіз де әкете беріңіз, - деді ол.

Судья сот үкімі 6 ақпанда шығатынын хабарлады. Прокурор судьядан Айгүл Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

39 жастағы Ақбердиеваға қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың 24 қыркүйегінен бері жалғасып келеді. Сол жылы 20 қыркүйекте сот оның күйеуі 45 жастағы Абловас Жұмаевты да ҚДТ чатындағы жазбалары үшін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыптап, үш жылғабас бостандығынан айырған еді.

Жұмаев айыбын мойындамай, апелляциялық шағым түсірген, бірақ 2018 жылы 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық апелляциялық соты алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жұмаевтың есімін былтыр саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Бірақ билік елде саяси себеппен сотталған тұтқындар барын терістейді.

2018 жылғы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызымен шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әбілязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері осы қозғалыстың жақтастарына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.