Трамп Гонконгты АҚШ-пен сауда қатынасындағы ерекше мәртебесінен айырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі раушан бағындағы баспасөз мәслихатында. Вашингтон, АҚШ, 14 шілде 2020 жыл.

Сейсенбі, 14 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Гонконгтың АҚШ заңнамасындағы ерекше мәртебесін тоқтату туралы бұйрыққа қол қойды. Ол мұндай қадамға Қытайды жазалау мақсатында барғанын айтты. Ақ үй басшысының сөзінше, Пекин Британияның бұрынғы колониясы – Гонконгке қарсы “басып-жаншу әрекеттерін” жасап отыр.

Қытайдың Гонконгке арналған ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңын атап өткен Трамп Гонгконгты АҚШ-пен сауда қатынасындағы ерекше мәртебесінен айыратын бұйрыққа қол қойды.

“Ешқандай артықшылық, ешқандай арнайы экономикалық мәртебе, ешқандай құпия технологияның экспорты” деді ол баспасөз мәслихатында.

Дәл сол күні Трамп қауіпсіздік туралы жаңа заңды қабылдауға мұрындық болған Қытай шенеуніктеріне қызмет көрсететін банктерді жазалайтын конгресс мақұлдаған заңға қол қойды.

“Мен бүгін Қытайды Гонконг халқына қарсы агрессиялы әрекеттері үшін жауапқа тартатын заңға және бұйрыққа қол қойдым. Бұдан былай қарым-қатынас тұрғысынан Гонконг ішкі Қытайға теңеледі” деді Трамп.

Бұйрықтың Ақ үй жариялаған мәтініне сәйкес, енді “Гонконгтегі демократиялық процестер мен институттарға нұқсан келтіретін әрекетке не саясатқа” қатысы бар деген кез келген адамның АҚШ-тағы мүлкі бұғатталады. Сондай­-ақ, Гонконгке экспорт жасаудағы лицензиялық ерекше мәртебе де жойылады және қолында Гонконг паспорты бар азаматтар арнайы мәртебесінен айырылады.

Қытайдың қауіпсіздік туралы жаңа заңын сынаушылар Гонконг 1997 жылы Қытайға өткенде уәде етілген еркіндіктерді жояды деп алаңдайды. Ал заңды жақтаушылар үкіметке қарсы наразылық акциялары бір жылға жалғасқан Гонконгте тұрақтылық орнайды дейді.

Қауіпсіздік туралы заңға сәйкес, Пекин сатқындық, сепаратизм немесе терроризм деп тапқан кез келген әрекетті жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

АҚШ пен Қытай қатынасы онсыз да ушығып тұрған. АҚШ Қытайға осыған дейін сауда қатынасындағы теріс баланс үшін, Шыңжаңдағы ұйғыр және қазақ секілді діні ислам этникалық топтардың қуғынға ұшырауы жөнінде және коронавирус пандемиясы үшін шүйлігіп келген.

Қытайдағы жартылай автономия мәртебесіне ие екі әкімшілік аумағы бар: бірі – Макао, екіншісі – Гонконг. Бұрын Британия колониясы болған Гонконг 1997 жылы Қытайға беріліп, бірақ 2047 жылға дейін ішкі саясатын өзі анықтауға мүмкіндік алды. Әкімшілік аумақ Пекинге тек сыртқы саясат пен қорғаныс мәселесінде бағынатын болды. Осылайша "Бір ел, екі жүйе" қағидаты қалыптасты.

Гонконгте ішкі Қытайға қарағанда еркіндік көп. Онда жұрттың пікірін ашық білдіру және жиналу еркіндігі бар, баспасөзде және интернетте мемлекеттік цензура жоқ, сот үкіметтен тәуелсіз. Сондықтан Пекиннің Гонконгке қатысты әрбір әрекеті "ішкі іске араласу" деп қабылданып, жергілікті халықтың үлкен қарсылығына тап болып келеді.

Былтыр маусымда Гонконг үкіметі Пекин күдікті санаған адамдарды Қытайға экстрадициялау жөнінде заң жобасын ұсынған соң, жергілікті халық бірнеше айға созылған наразылық акциясын бастады. Үкімет заң жобасынан бас тартқанымен, митингілер жылдың соңына дейін жалғасты. Наразылық ұшығып, көшеге бір миллионнан астам халық шығып, бұл Гонконгтегі ең ауқымды қарсылық акциясы болып тарихқа енді. Халық елдің қазіргі билігінің отставкаға кетуін, митинг кезінде ұсталғандарды босатуды, Гонконгте демократиялық өзгерістер жасауды талап етті. Пекин бұл наразылық үшін "Қытайды ұнатпайтын" сыртқы күштерді айыптап, жергілікті халықты "отпен ойнамауға шақырған".

Осыған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Гонконг Қытайдан толық автономды болмағандықтан бұдан былай АҚШ-пен ерекше қатынас жасай алмайды деп мәлімдеген.

Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ-тың бұл қадамы өзіне соққы болып тиюі мүмкін. Себебі АҚШ-тың ең үлкен оң сальдосы Гонконгпен сауда қатынасында байқалып отыр. АҚШ-тың санақ жүргізу бюросының (U.S. Census Bureau) мәліметінше, өткен жылы Гонконгпен сауда қатынасындағы сальдо 26,1 миллиард долларды құраған. Мемлекеттік департаменттің дерегінше, Гонконгте АҚШ-тың 85 мың азаматы тұрады және 1,3 компаниясы жұмыс істейді.

Жаңалық Reuters агенттігінің хабары негізінде әзірленді

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пекиннің Гонконгтегі агрессиясы қырғи қабақ соғысқа әкеле ме?