Назарбаевтың түрік құрылысшысы, Навальный зерттеуіндегі қазақ және оралман "Тихановская"

Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесмені Таминжені не байланыстырады?

2000 жылдардың басында қазір 70 пайызы Назарбаев қорына тиесілі компания иелігіндегі қонақүйді салған, содан бері Қазақстан үкіметімен миллиардтаған долларлық келісімшарттар жасасып, 20 жылға жуық уақыт ішінде елдегі ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже кім?

Мақаладан үзінді:

"Тәуелсіз түрік журналисі Юсуф Явуз Азаттыққа берген сұхбатында Феттах Таминже 2000 жылдарға дейін кілем сатумен айналысқан қарапайым кәсіпкер болғанын айтады. Журналист "Совет одағы тараған соң түрлі елде ықпалды адамдармен қатынас орнатқанан кейін оның дәулеті артты" дейді.

Тек 2017 жылдың өзінде Таминженің компаниясы 17 миллиард теңгеден аса салық төлеп, Қазақстанда құрылыс саласында ең көп салық төлеген компания атанды. Компанияның Қазақстанға төлеген салығы 2014-2017 жылдар аралығында 9,5 есе өскен.

– Феттах Таминже – бұл оқиғадағы бас кейіпкердің бірі. Мысалы, бөлінген жер бір мемлекетке, яғни Қазақстан үкіметінің пайдалануына берілген. Бірақ оның рахатын Қазақстаннан гөрі Таминже көрді. Ол кәсіпкердің бұл жерге не қатысы бар? Жүздеген адамға арналған қонақүй салады. Онысымен қоймай, мемлекетке тиесілі жерді пайдаланып жатыр, тіпті онысы үшін ақша төлемейді. Түркі халқының бәрі білетін бір жәндік бар. "Кене" деп атаймыз. Кейбір жануарға кене жабысады. Үлкен бір сиырдың немесе бұқаның қанын ақырындап сорып өлтіреді. Паразит! Феттах Таминже – екі мемлекеттің арқасына жабысып алған паразит, – дейді Явуз".

Мақаланың толық нұсқасына өтіңіз.

Мәтін оқу мүмкін болмаса, Азаттық зерттеуінің видео нұсқасын көріңіз.

Your browser doesn’t support HTML5

Зерттеу: Қазақстанда ең қымбат ғимараттарды кім салады?

Навальныйдың "Путин сарайы" жайлы зерттеуіндегі Болат Закариянов кім?

Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) "Путин сарайы" атты жаңа зерттеуінде Ресей президенті Владимир Путин мен оның төңірегіндегілердің көпшіліктен құпия тірлігі жайлы тың деректер келтірген. Кремльдің баспасөз хатшысы "Путиннің ешқандай сарайы жоғын" айтады. Зерттеуде Қазақстанда туып өскен азаматтың есімі де аталады.

Your browser doesn’t support HTML5

Навальный зерттеуінде аталған қазақ. Болат Закариянов кім?

"Шіріген" жүйенің "реформа имитациясы". Димаш Әлжановпен саясат жайлы сұхбат

Саясаттанушы, "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының мүшесі Димаш Әлжанов "Қазақстандағы саяси модель өзгермесе, билік транзиті мемлекет басына елді ондаған жыл бойы басқаратын тағы бір президентті әкелуі мүмкін" деп есептейді. 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң құрылған "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері бір жарым жылда бірнеше наразылық акциясын өткізген. Азаттық Димаш Әлжановпен сөйлесіп, Назарбаев Ақордадан кеткеннен кейін өткен бірінші парламент сайлауы, биліктің реформа жүргізу туралы уәдесі және оппозициялық топтардың неге бірлесіп әрекет етпегені туралы пікірін білді.

Димаш Әлжанов:

"Жағдай міндетті түрде жаманнан жақсыға қарай өзгеруі керек деп, иллюзияға ерік беретін сияқтымыз. Өзім Қазақстандағы президенттік басқару жүйесін өзгертуді қолдайтындардың бірімін. Билік транзиті Назарбаев өлгеннен кейін басталады деп ойлағанның өзінде бұл қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда демократиялық жүйеге өтеміз дегенді білдірмейді. Керісінше, қазіргі қолында көп құзыреті бар президент басқаратын саяси модель осы қызметке келген кез келген адамды билікті жеке өзі иеленіп алуға және жемқорлыққа итермелейді".

Сұхбаттың толық мәтінін мына жерден таба аласыз.

"Бұл – азаптау". Қазақ билігі қолдана бастаған "кеттлинг" әдісі қайдан шықты? Түсіндіреміз

10 қаңтар күні қазақстандықтар парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауына дауыс беріп жатқанда Алматыда полиция жасағы бейбіт шеруге шыққан ондаған адамды қоршап алып, тоғыз сағатқа дейін суық далада ұстады. Қоршау ішінде ас-сусыз қалған азаматтар полицияға шығармай қойған соң тұрған жерінде әжетін өтеуге мәжбүр болды. "Кеттлинг" деп аталатын бұл әдісті Қазақстан полициясы осымен екінші рет қолданып отыр. Бірақ аты айтып тұрғандай, шеттен келген әдістің тарихы әріден басталады. Азаттық "кеттлингтің" қайдан шыққанын, әлемдік тәжірибенің Қазақстанда қолданған түрімен ұқсастығы және алшақтығын түсіндіреді.

Сайлау күні полиция қоршауында болған белсенді әрі журналист Инга Иманбай:

“Басында арандату әрекеттері болды. Онысы 40 минутқа созылды. Арандатушылар шаршаған болуы керек, кейін дыбыс күшейтетін құралдар әкеліп қоя бастады. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы “Опять метель” дейтін әнді шамамен 20 рет қайталап қойды.

Мен мұны психологиялық қысым деп қабылдадым. Себебі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде “Метель” операциясы (Мәскеудің шешіміне келіспей, Алматыда бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын Совет армиясы сарбаздарының күшпен таратуы - ред.) болған".

Мақалаға өтіңіз.

Қытайдан қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы шабуылға ұшырады

Қазақстанға Қытайдан қашып келген екі этникалық қазаққа белгісіз адамдар шабуыл жасады. Алматыда Қайша Ақанды үйінің қасында соққыға жыққан. Ақмола облысында Мұрагер Әлімұлына пышақ жұмсап, жеңіл жарақат салған. Шабуылды кім жасағаны белгісіз. Полиция бұл екі оқиғаны тексеріп жатыр.

Your browser doesn’t support HTML5

"Пышақ жұмсап, тепкіледі". Қытайдан қашқан екі қазақ шабуылға ұшырады

"Тұрмыстағы зомбылық". Жұртты даурықтырған заң жобасы шынымен қауіпті ме?

Қазақстанда "Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы кейінгі бірнеше айдан бері дау тудырып, қоғамды екіге жарды. Сарапшылар мен жоба авторларының айтуынша, наразылықтың көбі жобаның шикілігінен және дұрыс түсіндірілмегенінен болған. Оның үстіне, көпшілік сынап жүрген баптардың біразы құжаттан алынып тасталған. Дегенмен сарапшылар заң жобасы бұл күйінде қабылдана қоюы екіталай деп болжайды. Мақаланы оқығыңыз келсе, сілтемені басыңыз.

Оралман Галина Федюшконың жергілікті "Светлана Тихановскаяға" айналуы

Ақмола облысындағы Радовка ауылында бірде-бір азық-түлік дүкені жоқ, мобильді байланыс нашар істейді, ауыз су тәулігіне бір сағатқа ғана беріледі. Ауыл халқы қазір бір-біріне қарсы екі жаққа бөлінген. Әдетте кинода ғана кездесетін ауыл сюжетінің бас кейіпкері – Украинадан тарихи отанына оралған, билікке "ыңғайсыз сұрақтар" қойып, ауыл мәселесін көтеріп жүрген мейірбике Галина Федюшко. Ол ақиқат іздеп президент әкімшілігіне де хат жазған, бірақ соңында биліктегілер оның өзін кінәлі еткен.

Мақаладан үзінді:

"Галина Федюшко 1973 жылы Қазақстанның Торғай облысында дүниеге келген. Әкесі бұл өңірге соғыстан кейін Украинадан тың игеруге келіпті. Федюшконың анасы – қазақ. Ата-анасы Галинаның тоғыз айлық кезінде Украинаның солтүстік-батысындағы әкесінің туған жері Ровненск облысына қоныс аударған. Галина сол жақта медицина училищесін бітіріп, бірнеше жыл мейірбике болып істеген.

– Бала күнімде ата-анама "мені Қазақстанға апарыңдаршы" деп қолқа салатынмын. Бұл жердің ауасымен бір рет тыныстаған адам қайда жүрсе де, осы жақты аңсап тұрады, – дейді 2009 жылы Қазақстанға оралу себебін түсіндірген Федюшко. Ол ата-анасы мен күйеуі қайтыс болғаннан кейін Қазақстанға көшуге бел буған.

Украина азаматы кәмелет жасына толмаған екі баласымен бірге әуелі оралман мәртебесін, ал бір жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алған. Қазақстан үкіметі Федюшкоға отбасының әр мүшесіне 200 мың теңгеден төлеген. Басында Галина біраз уақыт астанадағы бір балабақшада жұмыс істепті. 2011 жылы "Нұр Отан" партиясына кіріп, Радовка ауылына мейірбике болып жұмысқа тұрған.

– Ауыл маған қатты ұнады. Бұл жердің орманы мен табиғаты Украинаны еске салады, – дейді Галина".

Мақаланың толық нұсқасын оқи отырыңыз.

"Тиын төлеп, тентіретіп қоймақ". Жері "мемлекет қажетіне" алынатындар қысым көргенін айтады

Есігі балтамен бұзып қиратылған, жарықсыз, сусыз қалған үй. Қарағанды облысында бірнеше ауылдың тұрғыны мыс өндірісіне бола олардың жер телімін мемлекет қажетіне деп алып, өздерін тезірек көшіру үшін қысым көрсетіп жатқанына шағынады. Әкімдік тұрғындарға баспана ұсынып, оған көнбеген азаматтардың жерін күштеп тартып алуды сұрап, сотқа жүгінетінін айтады. Мақалаға өтіңіз.

"Өлгенін дәлелде". Сирияда хабарсыз кеткендердің туыстарының сергелдеңі

Қазақстан заңына сай, жоғалған адамды бір жылдан кейін "хабарсыз кетті" деп, ал үш жылдан соң "өлді" деп тануға болады. Тірі емес деуге негіз болса, тиісті анықтама алты айдан соң да беріледі. Билік органдары Жоғарғы соттың қаулысын алға тартып, Сирияда жоғалғандар жайлы ондай анықтама бермейтіндіктен, туыстары пәтерін сата алмай, жетім балаларға жәрдемақы ала алмай отыр. Ал заңгерлер мәселені шешуге қаулының кедергі емесін айтады. Мақалаға өтіңіз.