Accessibility links

Оралман Галина Федюшконың жергілікті "Светлана Тихановскаяға" айналуы


Ауыл медпунктінде мейірбике болып істейтін Галина Федюшко өртенген үйінің ішінде тұр. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Ауыл медпунктінде мейірбике болып істейтін Галина Федюшко өртенген үйінің ішінде тұр. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Ақмола облысындағы Радовка ауылында бірде-бір азық-түлік дүкені жоқ, мобильді байланыс нашар істейді, ауыз су тәулігіне бір сағатқа ғана беріледі. Ауыл халқы қазір бір-біріне қарсы екі жаққа бөлінген. Әдетте кинода ғана кездесетін ауыл сюжетінің бас кейіпкері – Украинадан тарихи отанына оралған, билікке "ыңғайсыз сұрақтар" қойып, ауыл мәселесін көтеріп жүрген мейірбике Галина Федюшко. Ол ақиқат іздеп президент әкімшілігіне де хат жазған, бірақ соңында биліктегілер оның өзін кінәлі еткен.

"АҚЫЛДЫ" ҚАЛА МЕН ХАН КЕСЕНЕСІ МАҢЫНДАҒЫ АУЫЛ

Радовка ауылы Қазақстан астанасынан 135 километр қашықта орналасқан. Ауылға жету үшін әуелі Ақкөл ауданының әкімшілік орталығы, билік "ақылды қала" деп атайтын Ақкөл кентіне барасыз. Бірнеше жыл бұрын кентте Қазақстандағы алғашқы Smart City ("ақылды қала") жобасы қолға алынып, тәртіпті қадағалау үшін қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелерге видеокамералар, ал тұрғын үйлерге энергия үнемдейтін есептегіш құрылғылар орнатқан.

2019 жылдың соңында Ақкөл кентіне бұрынғы президент, қазір ол қызметінен кеткенімен, елдегі билеуші партияны басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев барып, жобаның қалай жүзеге асып жатқанын көріп қайтқан. Қыста "ақылды" кентке жолы түскен адам қазандық мұржасынан будақтап шыққан қара түтін мен қардан тазартылмаған жүргінші жолына тап болады. Ақкөлден Радовкаға жол-жөнекей көлік ұстап немесе такси жалдап баруға болады. Асфальт төселмеген жолмен 25 километр жердегі ауылға жету астанадан Ақкөлге дейінгі 110 километр жолға төлейтін ақшадан екі есе қымбатқа түседі.

Радовка ауылындағы Абылай хан кесенесіне жол сілтейтін белгі. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы Абылай хан кесенесіне жол сілтейтін белгі. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Радовка қараусыз қалған мекенге ұқсайды. Ауылда жаңа үйлер байқалмайды, ескі шатырлар байқалмайды. Бұрынғы кірпіш зауытының иесіз қалған ғимараты алыстан көзге түседі. Бір кездері Радовка ауылы осы кірпіш зауытының қасынан бой көтерген. Үш жыл бұрын жұмысы тоқтап қалған зауыт қазір саудаға қойылыпты.

Радовкадағы орталық көшелердің қиылысында "Абылай хан кесенесі – 2,6 км" деген жазуы бар жол сілтейтін белгі тұр. Билік ауыл маңынан Абылай ханға кесене салуды жоспарлап отыр.

Ақмола облысы әкімдігінің дерегінше, Радовкада 92 адам тұрады.

ӨТКЕНГЕ ОРАЛУ

Радовкадағы медицина пункті жергілікті бастауыш мектеп ғимаратында орналасқан. Бұрын бұл жерде асхана болған. Медицина пунктінің кіреберісіндегі ағаш есікке алабажақ "қытайлық" дастархан қағылып, еденіне әбден тозған, мұздан көктайғақ боп жатқан линолеум төселіпті.

Радовка ауылындағы медпункт. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы медпункт. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Ұзындығы алты-жеті адым болатын бөлменің ішіне кіргендер жарты ғасыр бұрынғы заманға кері оралғандай күй кешеді. Бөлменің ортасындағы жанып тұрған пештің үстіне кептіруге қойған ағаш пен аяқкиім көзге түсті. Ағаштан жасалған қолжуғыштың жанында су құйылған көк түсті пластмасс бөшке тұр. Әбден тозып, жарыла бастаған төбеде шатырдан аққан судың ізі қалыпты. Қабырғаға бөлмені кварцтайтын ескі шам ілінген. Оның астына кереует қойылған. Қабырға, еден мен есік майлы бояумен сырланған. Науқастарды қарауға арналған орынды пердемен бөліп қойыпты. Оның артындағы мектепке қарай өтетін есік тарс бекітулі тұр. Есіктің ар жағынан кейде балалардың айғай-шуы естіледі. Терезенің алдында қуат көзіне қосылған, қазір 21-ғасыр екенін еске салатын жалғыз зат – планшет жатыр.

Үстел басында ақ халат, қалпақ, қолғап киіп, бетіне маска таққан жергілікті мейірбике Галина Федюшко отыр.

– Қабылдау бөлмесі, процедура кабинеті, құжат сақтайтын орын – бәрі осы бір жер. Былтыр денсаулық сақтау министрі Біртанов (бұрынғы министр Елжан Біртанов қарашаның басында жемқорлық күдігімен ұсталды – ред.) "қазақстандық медицина цифрландыру бойынша әлемде бесінші орын алады" деп есеп берді. Мына жерден цифрландыруды көріп тұрсыз ба? Биыл "мені кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосыңыз" деп бас дәрігерге үш рет өтініш бердім. "Ноутбук немесе планшетті өзім әкелемін" дедім. Төтенше жағдай бола қалса, ауруханамен байланыса алмаймын, – дейді журналиске жұмыс орнын таныстырған Федюшко.

Мейірбикенің жұмыс үстелінің артында қағаз қоятын шкаф тұр. Оның үстіне қойылған үлкен шыны бөтелкенің сыртына "Спирт 70%" деген жазу жапсырылыпты. Шкафтың ішінен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған жолдауының қағаз нұсқасы көзге түседі.

Радовка ауылындағы медпункттің мейірбикесі Галина Федюшко. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы медпункттің мейірбикесі Галина Федюшко. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

– Мынаның бәрін (шкафтағы қағаз бумасын көрсетіп) енді ғана әкеле бастады. Бұған дейін ешқандай құжат болмаған. Міне пеш, оның жанында бактерицидті шам тұр. Кәріз жүйесі мен су құбыры жоқ. Талап бойынша, бөлмені күніне үш рет кварцтап, одан кейін желдету керек. Бірақ бөлмеде кішкентай терезе жоқ. Ауыл мен қаладағы медицина мекемелеріне арналған санитарлық нормалар бірдей. Медицина пунктін осы жерден санитарлық-эпидемиологиялық станцияның рұқсатынсыз ашты, – дейді еңбек жағдайына шағынған мейірбике.

Балалар, мұғалімдер, мейірбике мен санитарлық қызметкер (ол медицина пунктінде пеш те жағады) мектептің артындағы қазылған жердің үстіне ағаштан тұрғызылған әжетханаға барады. Шатырға орнатылған екі бейнебақылау камерасы медицина пунктінің кіреберісі мен мектептің отын сақтайтын артқы ауласын бақылайды.

"ҮНЕМІ ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛҒЫМ КЕЛЕТІН!"

Галина Федюшко 1973 жылы Қазақстанның Торғай облысында дүниеге келген. Әкесі бұл өңірге соғыстан кейін Украинадан тың игеруге келіпті. Федюшконың анасы – қазақ. Ата-анасы Галинаның тоғыз айлық кезінде Украинаның солтүстік-батысындағы әкесінің туған жері Ровненск облысына қоныс аударған. Галина сол жақта медицина училищесін бітіріп, бірнеше жыл мейірбике болып істеген.

– Бала күнімде ата-анама "мені Қазақстанға апарыңдаршы" деп қолқа салатынмын. Бұл жердің ауасымен бір рет тыныстаған адам қайда жүрсе де, осы жақты аңсап тұрады, – дейді 2009 жылы Қазақстанға оралу себебін түсіндірген Федюшко. Ол ата-анасы мен күйеуі қайтыс болғаннан кейін Қазақстанға көшуге бел буған.

Украина азаматы кәмелет жасына толмаған екі баласымен бірге әуелі оралман мәртебесін, ал бір жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алған. Қазақстан үкіметі Федюшкоға отбасының әр мүшесіне 200 мың теңгеден төлеген. Басында Галина біраз уақыт астанадағы бір балабақшада жұмыс істепті. 2011 жылы "Нұр Отан" партиясына кіріп, Радовка ауылына мейірбике болып жұмысқа тұрған.

– Ауыл маған қатты ұнады. Бұл жердің орманы мен табиғаты Украинаны еске салады, – дейді Галина.

Мейірбике Галина жергілікті зейнеткер Белоусовтардың мүддесін қорғағаннан кейін қиындықтарға тап болған. Зейнеткерлер Федюшко істейтін медицина пунктінің жанында тұрған. Бір бөлігі медицина пунктіне жалға берілген, екінші бөлігі тұрғын үй болған ғимарат жергілікті кәсіпкер Суровтың отбасына тиесілі. Бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлер медицина пункті орналасқан ғимаратты өзіне қайтармақ болып, айналасына биік қоршау орнатып, зейнеткерлер үйіне кіретін аумақты жауып тастаған. Мейірбикенің айтуынша, ол зейнеткерлерге кәсіпкерлер әрекетінің заңдылығын тексеруді сұрап, салалық мемлекеттік органдарға өтініш беруге көмектескен.

– Мен жер мәселесіне, яғни, Радовкадағы жер актілері мен ғимараттарға спекуляция жасау мәселесіне тиіп кеттім. Суров бүкіл ауылды басып алған. Ол осы үйлердің бәрін үстіне ақша қосып, сатып отыр. Ол ауылды қандай негізде басып алған? "Федюшко қатты ақылды ғой!" – түсінесіз бе? Осылай қудалау басталды, – дейді мейірбике.

Мейірбикенің 2020 жылғы 28 қазанда Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жазған хатынан үзінді:

"Радовка ауылының бір топ тұрғыны және Нұр-Сұлтан қаласының бір тұрғыны менімен өштесіп, бірнеше рет маған негізсіз жала жауып, тіл тигізуге тырысып, осылайша заңды еңбек ету құқығым мен іскерлік беделіме нұқсан келтіріп отыр. Осы уақытқа дейін кәсіби біліктілігімнің төмендігін не медициналық жұмысымда қателік жібергенімді растайтын бірде-бір факт тіркелмеген. Ақмола облыстық денсаулық сақтау департаменті Ақкөл аудандық ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшалов аталған адамдармен бірге әрекет етіп жүр деп күдіктенемін. Өйткені ол үнемі осы топтың сөзіне еріп, менің уәжіме құлақ аспайды. Ол бұл мәселе туралы мүлде естімейді не аталған топтың мүддесі үшін естігі келмейді".

12 қарашада министр Цой "электронды үкімет" сайтында мейірбикеге "бұл мәселе Ақмола облыстық әкімдігінің құзыретінде" деп жауап беріп, жергілікті билікке жүгінуге кеңес берген.

ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МЕЙІРБИКЕГЕ БЕРГЕН МІНЕЗДЕМЕСІ

Мейірбикенің қудалау туралы шағымы президент әкімшілігіне дейін жеткен. 2020 жылы тамызда Қазақстан президентінің көмекшісі, халықтан түскен өтініштерді бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова Галина Федюшконы онлайн-форматта тыңдаған. Федюшконың айтуынша, Дүйсенова облыс басшылығына "мәселенің ақ-қарасын ажыратуды" тапсырған.

Бірақ облыс әкімдігі бұл кикілжіңге мейірбикенің өзі кінәлі деп тапқан.

Радовка ауылындағы медпункттің кварцтау шамы. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы медпункттің кварцтау шамы. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасымен Радовкаға арнайы жұмыс тобы барып, 21 тұрғынмен және мейірбике Галина Федюшкомен сөйлескен. 2020 жылғы 29 қазанда облыс әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова басшылыққа хат жазып, "тұрғындардың бірнеше ұжымдық шағымындағы фактілер расталды, жергілікті атқарушы органдар мен аудандық аурухананың өкілетті тұлғаларының жұмысында үлкен кемшіліктер бары анықталды" деп мәлімдеген.

Әкімнің орынбасары басшылыққа "Оның (Галина Федюшко – ред.) қызмет міндетін дұрыс атқармауы, жеке тазалықты сақтамауы, жұмыс орнында отырмауы, ауыл тұрғындарының жеке өміріне араласуы, жұмыс уақытында ішімдік ішіп, жеке басты қорлауы, ұрыс шығарып, жеңіл дене жарақатын салуы, адамдарды бопсалап, қорқытып-үркітуі халықтың наразылығын туғызып, ұзаққа созылған кикілжіңге әкеліп соққан" деп хабарлаған.

Айна Мүсірәлімова Ақкөл аудандық полиция бөліміне сілтеп, Галина Федюшконың 2010-2012 жылдары "кәмелеттік жасқа толмаған баланы тәрбиелеу, оқыту және асырау бойынша міндетін орындамайтын және оған кері әсер ететін ата-ана" ретінде профилактикалық есепте тұрғанын айтқан.

Хатта "Мейірбике 2011-2020 жылдар аралығында санитарлық-гигиеналық нормаларды бұзғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны, денсаулыққа залал келтіргені, сот үкімін орындамағаны және көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін бес рет әкімшілік жауапкершілікке, медицина пунктінен көмір ұрлағаны және адамның ар-ожданы мен беделіне нұқсан келтіргені үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған" деп көрсетілген.

Әкімнің орынбасары Федюшконың ауыл тұрғындарының үстінен полицияға жазған арызын "сөз тасу" деп бағалаған.

"Кикілжіңге Федюшконың тұрғындардың үстінен бірнеше рет шағым түсіріп, арыздануы себеп болған. 2019 жылы полицияға ауыл тұрғындарына қарсы 18, 2020 жылы 14 шағым түскен. Оның бірде-бірі расталмаған" деп жазады Айна Мүсірәлімова.

Шенеуніктің дерегінше, осыдан кейін халықтың мейірбикемен қарым-қатынасы одан әрі ушыққан. 1 қыркүйекте ауылдың 60 тұрғыны жергілікті медицина пунктінен тіркеуден шығып, Радовкадан 25 км жердегі Наумовка ауылына барып қаралуға мәжбүр болған.

ТАЗА МАТЕРИАЛЫ ЖОҚ ЗАҢСЫЗ МЕДИЦИНА ПУНКТІ

Облыс әкімі орынбасарының хатында Галина Федюшко жұмыс істейтін медицина пунктінің заңсыз ашылғаны айтылған.

Хатта "Қазіргі медицина пунктін мектептің 30 шаршы метр бөлмесіне орналастыру нормаға сәйкес келмейді. Ақкөл аудандық тауарлар және қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасы медицина пунктінің қызметіне рұқсат бермеген" делінген.

Шенеунік сондай-ақ жұмыс тобы барған кезде медицина пунктінде дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын сақтайтын тоңазытқыш, кварцтау шамы, таразы, бой өлшегіш пен таза материалдар болмағанына назар аударады.

Мүсірәлімова бұл жағдайға аудандық әкімдіктен бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен мейірбикеге дейінгі қол астындағы қызметкерлер кінәлі деп тапқан.

Радовка ауылындағы тұрғындардың бастамасымен ашылған бейресми медпункт. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы тұрғындардың бастамасымен ашылған бейресми медпункт. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Облыс әкімінің орынбасары кінәлілерді дер кезінде мейірбикенің жауапкершілігі мен әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға қатысты шаралар қабылдамағаны, әлеуметтік шиеленіске жол бергені, Радовка халқына тиісті деңгейдегі медициналық қызмет ұсынбағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынған.

"МЕНІ АУЫЛДАН ОТ АЛЫП ҚУЫП ЖАТЫР"

– Бәрін қалай шебер ұйымдастырып, ақиқатты айтпай, оқиғаны қалай бұрмалаған. Шындықтың бір бөлігін айтып, қалғанын жасырып қалған. Маған қарсы іс қолдан құрастырылған. Мені көмір ұрлады деп шығарды. Жақтырмағаны үшін сатып кетті. Атымды қорлап, нақұрыс етіп шығарды. Екі рет жұмыстан босатты, сот арқылы қызметіме қайта оралдым. Бұлай болмайды! Менің де жақсы өмір сүруге құқығым бар ғой, – дейді мейірбике Галина Федюшко.

Радовка ауылындағы медпункттің мейірбикесі Галина Федюшко. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы медпункттің мейірбикесі Галина Федюшко. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Ол 2020 жылы 18 қарашада Ақкөл аудандық полиция пунктінен алған мінездемесін көрсетті. Онда Федюшконың Радовкада тұрған жылдары спирттік ішімдікті асыра пайдалану фактісімен көзге түспегені жазылған.

Галина Федюшконың 2020 жылғы 1 қазанда Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимоваға жазған хатынан үзінді:

"2015 жылы қазанда белгісіз адамдар үйімнің сыртына балағат сөздер жазып кетті. Көрші ауылдағы автобус аялдамасында да менің тегімді қосып жазған осындай мазмұндағы сөздер пайда болды. 2019 жылы әлдекім үйімнің сыртындағы қоршауға қабірге қоятын қаралы гүл шоғырын іліп кетті. Биыл жоғарыда аталған сөздерге ұқсас "граффити" көпірде және Радовкадағы бұрынғы дүкен ғимаратында кездесті. Әр жолы полицияға шағым берсем де, еш нәтиже шығара алмадым".

Мейірбике шенеуніктердің хаты мен Радовкаға жұмыс тобы келіп-кеткеннен кейін "қудалау күшейгенін" айтады. Айтуынша, былтыр 26 қыркүйекте ауылға аудандық және облыстық басшылық өкілдері келіп, тұрғындармен кездескеннен кейін белгісіз біреулер Федюшконың үйіне өрт қойған. Полиция мұны кім істегенін сол күйі таба алмаған.

– Мен Ақкөлде демалыста жүргенмін. Үйге келгенде, есіктің бұзылғанын көрдім. Өрттің ошағы мына жерде болған (жартылай өртенген диванын нұсқады). Жаңа диваныма обал болды. Ұлым екеуміз осында тоғыз жыл тұрдық. Үйді өз бетімше жөндей алмаймын. Мені ауылдан от алып қуып жатыр. Ал менің басқа барар жерім жоқ. Жесір әйелмін, – дейді Федюшко.

Қазір мейірбике Ақкөлден пәтер жалдап тұрады, Радовкаға жұмысқа баруға күнделікті қалтасынан ақша шығаруға мәжбүр.

ЕКІНШІ МЕДИЦИНА БӨЛІМШЕСІ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ШАҒЫМЫ

Федюшкомен әңгімелескенімізге жарты сағат болғанда медицина пунктіне ауыл тұрғындары келді.

"Біз де журналиске сұхбат бергіміз келеді" деді олар.

"Жүріңіз, сізге бәрін түсіндіреміз" деген тұрғындар бізді осы ауылдағы екінші бейресми медицина пунктіне апарды. Дәл сол көшенің бойында бұрынғы тұрғын үйде орналасқан бөлмеге екі темір кереует пен үстел қойылған. Олардың арасында тамырға ине салғанда дәрі құтысын ілетін советтік аспап тұр. Қабырғасына қарайған "Мәскеу" термометрі ілінген бөлменің бір бұрышында жылытуға арналған "пушка" пеші көрінеді. Ауыл тұрғындарының бірі тілшінің құжаттарын сұрап, суретке түсіріп алды.

Ауыл тұрғындарының атынан Радовкадағы мектептің бұрынғы директоры Алтын Сәдуақасова сөйледі. Ол бұл бөлмені Нұр-Сұлтанда тұратын кәсіпкер және кірпіш зауыты иегерлерінің бірі Владимир Суров медицина пунктін ашу үшін тегін бергенін айтты.

Радовка ауылындағы мектептің бұрынғы директоры Алтын Сәдуақасова. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылындағы мектептің бұрынғы директоры Алтын Сәдуақасова. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

– Директор болған кезімде мектеп мұғалімі Ольга Чибилева медицина пунктінде санитарлық қызметкер жұмысын қоса істеп жүрді. Федюшко онымен ұрсысып, Ольганы жұмыстан шығарып жіберді, – дейді Алтын Сәдуақасова.

Азаттық: Мейірбикенің сізге қандай зияны тиді?

Алтын Сәдуақасова: Ольга менің мұғалімім болатын! Ол менің қол астымда осындай мұғалім істейді деп үстімнен арыз жазып, жұмысыма араласа бастады. Келер жылы баласын нөлінші сыныпқа алып келді. Ұрыс-керіс сол кезде басталды. Педагогикалық жұмысты түсінбей, үнемі ісімізге араласып, полиция шақырумен болды. (Федюшко ұлына мектеп мұғалімдері тарапынан буллинг жасалғанын айтады – ред.). Әлімжанованы жұмысқа алдық. Федюшко оны да жұмыстан шығарып жіберді. Еден жуушы Мұхамедханованы да қызметінен босатты. 22 қыркүйекте Федюшконың "арқасында" зейнетке шығу туралы өтініш жаздым, – дейді Сәдуақасова.

2014 жылғы 8 желтоқсанда Ақкөл аудандық соты Сәдуақасоваға балағат сөз айтқаны үшін Федюшкоға 5556 теңге айыппұл салған.

– Медицина пункті көбіне жабық тұратын. Ол көп ішеді. Көмір ұрлап, кісіге қол көтерді. Үнемі қорлайтын сөздер айтады. Мұндай медицина қызметкеріне қалай қараласың? Міне папка, – деді ауыл тұрғындарының мейірбикеге қарсы жинаған материалдарын көрсеткен бұрынғы директор.

Папкада Галина Федюшкоға қарсы шығарылған сот шешімдері мен қаулылар жинақталған.

Радовка ауылының тұрғыны Наталья Крейдич. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Радовка ауылының тұрғыны Наталья Крейдич. Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

– Балам бес айлық еді. Мейірбикенің ине салған жері көгеріп қалды. Ол жақпа май ұсынды, балам жарты сағат ұйықтағаннан кейін айқайлап оянды. Жақпа майдан денесі күйіп, орнында тыртық қалды, – дейді Федюшкоға бес жыл бұрынғы өкпесін еске алған ауыл тұрғыны Наталья Крейдич.

Крейдичтің мейірбикеге ренжуіне тағы бір себеп бар. Оның бұрын ауылда бейресми дүкені болған. Федюшконың шағымынан кейін бұл дүкен жабылып қалған.

– Дүкенімізді жауып тастады. Адамдар енді нан сатып ала алмай отыр, – дейді ол.

Федюшконың айтуынша, дүкенде заңсыз түрде ішімдік сатылған. Осы себептен ол салық қызметіне шағым түсірген.

– "Мен сендерге қарсы "майданған" шығамын" деді. Ол – медицина қызметкері емес. Ішеді, қызмет көрсетпейді. Есі дұрыс емес, – дейді дауыс көтеріп сөйлеген ауыл тұрғыны Юрий Снатков.

Азаттық: Мейірбикеге наразылықтан басқа тағы қандай шағымдарыңыз бар?

– Жоқ! Су, жарық бар. Кейде жарық өшеді. Ақаулар болып тұрады. Онсыз болмайды ғой. Жақсы өмір сүріп жатқанбыз. Радовка туралы ешкім білмейтін. Ешкімді мазаламайтынбыз. Бәрі дос болып, бірге жұмыс істейтін,– дейді тұрғындар атынан жауап берген Сәдуақасова.

Азаттық: Содан кейін не болды?

– Украинадан Федюшко келді, – дейді жамырай жауап берген ауыл тұрғындары.

– Светлана Тихановская! – деді көп ішінде миығынан күлген біреу.

Ауыл тұрғындары көршілес Наумовкадағы мейірбикеге көңілі толатынын айтты. Ол қосымша қызмет көрсеткені үшін үстеме ақы алмайды. Ал медицина пунктіндегі жылу мен тазалыққа ауыл тұрғындарының өзі жауап береді. Олар мейірбикенің темір киім ілгішті дәрі құтысын ілуге пайдаланып, екі адамға бір сәтте тамырына ине салып жатқаны туралы смартфонға түсірілген видеоны мақтанышпен көрсетті.

– Ауылда суды тәулігіне бір рет бір сағатқа ғана беретіні мәселе емес пе? Бұрын екі күнде бір рет беретін. Елестетіп көріңізші. Үлкен шу шығарып, әкімдікке хат жаздым. Басқаларға бұл керек емес. Көрмейсіз бе, оларды мазалайтын мәселе жоқ екен. Ауылда бар болғаны төрт су құбыры ғана бар. Осыдан кейін менен тағы не күтеді? Олар тіркеуден шығып, басқа мейірбикеге кетті. Ендеше маған қандай талабы бар?! – дейді Галина Федюшко.

"ФЕДЮШКОНЫҢ БІР ӨЗІНЕ БОЛА ҒИМАРАТ БЕРУДІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?!"

Ауыл тұрғындары мен мейірбике арасындағы дауға Нұр-Сұлтан тұрғыны, кәсіпкер Владимир Суровтың әйелі Наталья Сурованың да қатысы бар. Сурова Федюшкоға қарсы тарапты қолдайды. Ол – кикілжіңнің басталуына себеп болған бірінші медицина пункті ғимаратының иегері. Қазір Суровтар отбасы бұл ғимаратты жазғы үй ретінде пайдаланады.

Билік медпункт етіп ашу үшін жөндеп жатқан ғимарат. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Билік медпункт етіп ашу үшін жөндеп жатқан ғимарат. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

Ауыл тұрғындарына берілген қазіргі бейресми медицина пункті ғимараты да Владимир Суровқа тиесілі. Федюшко Суровтар аудандық ауруханаға жалға берген екі ғимаратта да мейірбике болып істеп көрген. Бірақ ауыл тұрғындарының шағымынан кейін Суровтар ғимаратты жалға беруден бас тартқан.

– Федюшко медицина пунктінің бірінші ғимаратын әбден ластап үлгерді. 2011 жылға дейін ол жерде басқа мейірбике істеген. Оған еш қарсылығым болмайтын. Медицина пунктін (ғимараттың екінші бөлігін) пайдалануға рұқсат бердім, өйткені біз ол жаққа тек жазда ғана баратынбыз. 2016 жылы Федюшко ғимаратта маған ұнамайтын әрекеттер жасай бастады. Мысалы, кварцтауға арналған шамды қосып, өзі бір аптаға Ақкөлге кетіп қалатын. Кез келген сәтте өрт шығып кетуі мүмкін еді. Ол ғимаратты мақсатты түрде пайдаланған жоқ, – дейді Наталья Сурова.

Ғимарат иесінің шағымынан кейін Федюшконы медицина пунктінен шығарып, Суровтарға тиесілі екінші ғимаратқа орналастырған. Бірақ Сурованың сөзінше, мейірбике екінші ғимаратта да өз міндетін дұрыс атқармаған.

– Медицина пунктінің санитарлық жағдайы өте нашар болды. Күйеуімді үнемі әкімдік пен аурухана өткізетін жиналыстарға шақырады. Ауыл тұрғындары одан Федюшконы медицина пунктінен шығаруды сұрайды. Онда Федюшконың бір өзіне бола ғимарат берудің қажеті қанша? – дейді ғимаратты жалға беруден неге бас тартқанын түсіндірген Наталья Сурова.

Мейірбике соңғы рет қызметіне қайта оралғаннан кейін Суров аудандық ауруханаға "ғимаратты медицина қызметкерін ауыстырсаңдар ғана жалға беремін" деген талап қойған.

– Олар басқа қызметкер жібере алмаған соң, Суров та ғимаратты жалға бермей отыр. Федюшко өз қызметіне жауапсыз қарайды. Ол өз міндетін мүлде орындамайды. Бәрін басқарғысы келеді, бірақ оны ешкім тыңдамайды. Өкінішті, – деп күлді Наталья Сурова.

Сурова күйеуімен бірге меценаттықпен айналысатынын айтты.

– Ауыл тұрғындарымен қарым-қатынасымыз жақсы. Бәрімен емес, әрине. Ауылда Федюшконы жақтайтындар да бар. Біз олармен байланыспауға тырысамыз. Ал бізден көмек сұрағандармен жұмыс істейміз, сөйлесіп, көмектесеміз. Бұлай жасауға міндетті болмасақ та, жаңа жылдың алдында сый-сияпат апарамыз, – дейді Сурова.

Азаттық: Ауылдағы су және байланыс мәселесін шешу жоспарыңызда жоқ па?

– Қазір зауыт жабылды, сондықтан ол жақта ешқандай жоспарымыз жоқ. Суров зауытты саудаға қойды. Әзірге ол жақта ешқандай қимыл байқалмайды. Мүмкін біреулер зауыт аумағын ауыл шаруашылық мақсатына пайдаланып қалар. Сонда ауыл тұрғындары басқа қожайынның қол астынан жұмыс табар еді, – дейді Сурова.

Оның айтуынша, зауыт үш жылдан бері жұмыс істемей тұр. Бұған сырты тегіс емес кірпішке деген сұраныстың азаюы себеп болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынған зауытты Суров 2000 жылдардың басында сатып алған. Желідегі хабарламада зауыттың бағасы 60 миллион теңге деп көрсетілген.

– Халық тоғыз жылдан бері медициналық қызметке қол жеткізе алмай келе жатқанына алаңдаймын. Қазір Наумовкадан мейірбике келеді. Жұрт қуанып жүр. Әкімдік бұл ауылға дұрыс көңіл бөлген жоқ. Ол жақта мәселе өте көп, – дейді билікті сынаған меценат.

Сурова көрші зейнеткер Белоусовтармен арадағы кикілжіңді былай түсіндіреді:

– Өз учаскемнің аумағын заңды түрде сот және жер комитетінің рұқсатымен қоршап алдым. Өйткені Белоусова – Федюшконың құрбысы. Олар отбасыма қатысты бұрыс іс-әрекет жасай бастады. Яғни, ауыл ішінде әртүрлі өсек таратты. Белоусоваға бұл әрекетін қоймаса, аумақты қоршап аламын деп бірнеше рет ескерттім. Бірақ ол мені балағаттап жауап берді.

Зейнеткер Людмила Белоусова Суровтар ауылда жүріп, "қолайсыздық туғызатынын", ал Федюшкоға зейнеткерге жақтасқаны үшін ғана шүйлігіп алғанын айтады.

Зейнеткер Людмила Белоусова. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Зейнеткер Людмила Белоусова. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

– Суровтар бәріне қолайсыздық туғызды. Зауытты істен шығарды. Зауыттың балансындағы үйлерді қазір жүрген адамдарға сатып жіберді. Олардың бәрі бір-бірімен дос. Медицина пунктін тартып алды. Олар біздің келісімімізді сұраған да жоқ. Гаражын алып тастасын деп, бізді сотқа берді. Әжетханаға бара алмай қалдық. Галина ауламызды, медицина пунктін қорғап, барлық жерге арыз-шағым жаза бастады. Ақиқатқа жеткіміз келді, бірақ не болғанын көріп отырсыз ғой, – дейді Людмила Белоусова.

Зейнеткер Федюшкоға медицина қызметкері ретінде ешқандай мін тақпайды. Белоусова бастамашыл топ мейірбикені қудалап жүр деп есептейді.

– Ауыл тұрғындарының жартысы Федюшкоға қарсы хатқа қол қойған жоқ. Ауыл екіге жарылды. Құлаққа маза жоқ! Бастамашыл топ аяқ бастырмайды. Аузына келгенін айтады. Федюшко сияқты адам бұл жерге керек емес, сондықтан оны орнынан алып тастағылары келеді, – дейді Белоусова.

Суровтар отбасы мен Федюшконы тағы бір оқиға байланыстырады. Мейірбике бір кездері Суровтардан үй сатып алған. Арада кикілжің туғаннан кейін Суровтар сатып алу-сату туралы келісімшарттың күшін жойғысы келген. Бірақ мейірбике сот арқылы меншік құқығын дәлелдеп шыққан.

– Үйді маған өзі сатып алып, кейіннен қуып шыққысы келді. Мен өте ыңғайсыз адаммын, ыңғайсыз сұрақтар қоямын, – дейді мейірбике.

Қыркүйекте өртеніп кете жаздаған үй қазір бос тұр.

БОЙКОТ ЖАРИЯЛАУ

Зейнеткер Зәуреш Жолдасбаева жергілікті мектепте от жағушы болып істейді. Ол Радовкаға былтыр астанадан көшіп келген. Айтуынша, карантин кезінде қалада өмір сүру қиындап кеткен. Зейнеткер мектепті күндіз-түні жылумен қамтамасыз еткені үшін айына 70 мың теңге алады.

Зәуреш Жолдасбаева — мектепте пеш жағушы. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Зәуреш Жолдасбаева — мектепте пеш жағушы. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

– Ғимарат ескі әрі үлкен. Жылу жүйесі апатты жағдайда тұр. Балалар отыратын сыныптар жылымайды. Оларды жылыту үшін бөлек пеш жағамыз. Барлық жерден су ағып тұр. Балалар отыратын бөлменің температурасы +20-22 градус болуы керек. Кем дегенде, +18 градус. Санитарлық-эпидемиологиялық станцияның талабы сондай, – дейді Жолдасбаева.

Оның пікірінше, мейірбикені жұмыстан шығаруды талап етіп жүрген бастамашыл топқа негізінен бұрынғы директормен байланысы бар мектептің бұрынғы мұғалімдері кірген. Жолдасбаева олардың бұрын жаңа мұғалімге де дәл солай бойкот жариялағанын айтады.

– Негізінен балалары осында оқитын ата-аналар ғана наразы болды. Оларға біресе ауылға жіберілген мұғалім ұнамады. Ол орыстілді емес еді. Олар балаларын екі апта мектепке жібермей қойды. Бір оқушы ғана келіп жүрді. Аудандық білім бөлімінен адамдар келіп, ауыл тұрғындарынан балаларын неге мектепке жібермегенін білуге тырысты. Ата-аналар бойкот жариялады. Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі "Не болды?" деп сұрады. "Бұл бұрынғы ұжымның жұмыстан кетуіне байланысты" деп жауап бердім. Директор жұмыстан босатылғаннан кейін, қызметкерлер де жұмыстан кетті, – дейді зейнеткер.

Осыдан кейін Жолдасбаеваның үстінен полицияға арыз түскен.

– Олар бәрін диктофонға жазып, кейін арыз жазады екен. Мен полиция қызметкеріне өз пікірімді білдіруге конституциялық құқығым барын айттым. Неге оларға қарсы сөйлеуден қорқуым керек? – дейді Зәуреш Жолдасбаева.

Ол бастамашыл топқа мүше ауыл тұрғындары күш-қуатын Радовканың мәселелерін шешуге жұмсағаны дұрыс болар еді деп есептейді.

– Су мен байланыс жоғы үлкен қиындық туғызып отыр. Бастамашыл топтың күш-қуатын дұрыс бағытқа салса, әр үйде су болар еді. Бірақ олар басқа шаруаның соңында жүгіріп жүрген сияқты. Бұл жағдайдың қынжылтатыны соншалық, еріксіз күлкің келеді. Қорғанбасаң, олар неше түрлі нәрсені ойдан шығарып айтуы мүмкін, – дейді мейірбикемен болған кикілжің туралы пікірін айтқан Зәуреш Жолдасбаева.

Галина Федюшко жергілікті тұрғындар ауыз су алатын шлангіні көрсетіп тұр. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.
Галина Федюшко жергілікті тұрғындар ауыз су алатын шлангіні көрсетіп тұр. Радовка ауылы, Ақмола облысы, 30 қараша 2020 жыл.

"ОЛАРДЫ ТАТУЛАСТЫРА АЛМАЙ-АҚ ҚОЙДЫҚ"

Ақкөл аудандық ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшалов – мейірбике мен ауыл тұрғындары арасындағы дауда маңызды рөлге ие адамдардың бірі. Ол Галина Федюшконың өзі мәселелерге тап болғаннан кейін жергілікті медицинаны сынай бастағанын айтады.

– Ол өз қателігі анықтала бастағаннан кейін сөйлей бастады. Шындық пен өтірік араласып кетті. Ол халыққа көмегін аямай, өз жұмысын жақсы атқарса, оны бәрі қолдар еді, – дейді Серік Ақшалов.

Бас дәрігер ауыл тұрғындарының өтінішімен мейірбикені тәртіптік жауапкершілікке тартып, себепсіз үш сағаттан артық жұмыс орнында болмағаны үшін қызметінен босатқан. Ақшалов ауыл тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша халықтың 70 пайызы мейірбикеге сенімсіздік білдіргенін айтады. Бірақ сот заңды процедуралар сақталмаған деп тауып, Федюшконы жұмысқа қайта алуды міндеттеген.

Біз сәл асығыстық жасадық. Процедуралар мен конституциялық құқықты бұздық.

– Біз сәл асығыстық жасадық. Процедуралар мен конституциялық құқықты бұздық. Сот осыны ескеріп, мейірбикені қайтадан жұмысқа алуды міндеттеді. Апелляция сотына шағым бердік, ол мынадай себептермен жұмыста болмады дегенді дәлелдеуге тырыстық, бірақ оған ешкім мән бермеді, – дейді Ақшалов.

Нәтижесінде бас дәрігердің өзіне сөгіс жариялаған. Серік Ақшалов Радовкадағы бірде-бір медицина пунктінің санитарлық нормаларға сай келмейтінін мойындайды. Ол Суровпен келіссөз сәтсіз аяқталғаннан кейін әкімдік басқа ғимаратты сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізгенін, жақында жаңа медицина пункті ашылатынын айтады.

– Қазіргі ғимаратты амалдың жоқтығынан пайдаланып отырмыз. Солай істеуге мәжбүрміз. Ол ғимараттың аумағы да жарамайды. Процедура бөлмесі жеке болуы керек. Жөндеу жұмысынан кейін жаңа ғимарат барлық талаптарға сай болады. Ол жерде кәріз жүйесі мен су да бар. Федюшко сол жерде істейтін болады, – деді бас дәрігер.

Ақшалов ауыл тұрғындарының бастамасымен ашылған екінші медицина пункті де мәжбүрліктен жұмыс істеп тұрғанын айтады. Оның дерегінше, денсаулық сақтау нормаларына сәйкес, 50 адамнан көп тұрғыны бар елдімекенде медицина пункті жұмыс істеуі керек.

– Ауыл тұрғындары медициналық қызметсіз қалмауы үшін Наумовкадағы екінші мейірбикеден уақытша келіп тұруын сұрадық. Әр азаматтың медициналық көмек алуға құқығы бар. Ауыл тұрғындары мен Галинаны татуластыруға бірнеше рет тырысып көрдім. Тұрғындар үзілді-кесілді қарсы болып отыр. "Ол сенімнен шығып қалды" дейді. Федюшкоға "адамдардың көңілін табыңыз, келісімге келіңіз" деймін. Ол да келіспейді. Әзірге осы. Тіл табыса алмай отыр. Турасын айтқанда, жағдай қиын, – дейді бас дәрігер.

Азаттық: Федюшкоға мейірбике ретінде айтар сыныңыз бар ма? Мейірбикенің жұмысына салғырт қараған кезі болды ма?

Серік Ақшалов: Өтіп кеткен жайт қой. Еш жерде тіркелмеген. Бәрі кейін анықталды. Қазір оны дәлелдей алмайсың. Уақыт өтіп кетті. Енді оны жауапқа тарта алмаймыз. Тексеру жүріп жатыр. Оған құжаттарды түзетуге екі апта уақыт бердік. Екі аптадан кейін тағы да жұмысын тексердік. Жартысы орындалған, жартысы орындалмаған. Тағы уақыт бердік. Енді тағы да тексеруге барамыз. Түзелсе жақсы, болмаса, шара қолданамыз. Оған бірнеше рет жұмысын Ақкөлге ауыстыруды ұсындық, көнбеді. Бізге ауыл тұрғындары мен мейірбике арасында келісім болғаны керек. Оны еш көндіре алмай-ақ қойдым.

Ақмола облысы Ақкөл ауданының әкімшілік орталығы Ақкөл кенті. 30 қараша 2020 жыл.
Ақмола облысы Ақкөл ауданының әкімшілік орталығы Ақкөл кенті. 30 қараша 2020 жыл.

Бас дәрігердің дерегінше, Ақкөл ауданында 26 мың азаматқа медициналық қызмет көрсетіледі. Олардың жартысы Ақкөл кентінде тұрады. Ақмола облысының денсаулық сақтау саласына 2019 жылы алты миллиард теңге, 2020 жылы 20 миллиард теңге бөлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG