Ықпалды "күйеу балалар", санкциялар "соғысы" және дау тудырған Наурыз тойы

Алматыдағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық митингі. 27 наурыз, 2021 жыл.

Оқиғаға толы тағы бір апта артта қалды. Жеті күнде сайтымызда сараптама да, сұхбат та, репортаж да болды. Қытай мен Еуропа арасындағы "санкциялар соғысынан" бастап, Шымкенттегі Наурыз тойын қаржыландырудан шыққан дауға дейін сан алуан тақырып қамтылды. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын тағы бір шолып өтсек.

Пол Стронски: Тоқаев пен Назарбаев төңірегі арасында текетірес бары анық

Президенттікке келгеніне екі жыл болған Тоқаев дербестікке ұмтыла бастады ма? Ақорда мен "Кітапхана" арасында "реформашылар" мен "керітартпалар" қақтығысы бар ма? Қазақстанға инвестиция неге азайды? Ресей мен АҚШ арасындағы тартыс күшейген тұста Қазақстанның ахуалы қандай болмақ? Ресей думасындағы Қазақстанның егемендігіне шәк келтіретін мәлімделер Кремльдің жіберіп отырған "сигналы" ма? Вашингтондағы Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры Еуразия және Ресей бағдарламасының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сарапшы Пол Стронски Азаттыққа берген сұхбатында осы және басқа сұрақтарға жауап іздейді.

Қазақстан президенті міндетін атқаруға көшкен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) мемлекет басшысы қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың (сол жақта) қолын алып тұр. Нұр-Сұлтан, 20 наурыз, 2019 жыл.

"Бәке-сәкенің кесірі", "ақша жоқ". Рестораторлар локдаун салдарынан "қыруар шығынға" батқан

Алматыда кезекті карантин басталып, локдаун енгізілуіне байланысты мейрамхана, дәмхана мен өзге де қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы тоқтады. Олар карантинде тамақты өзімен алып кету және үйге жеткізу қызметін ғана ұсына алады. Бұған дейін де көп шығынға батқанын айтқан рестораторлар "енді табысымыздан ғана емес, қызметкерлерімізден де айырылуымыз мүмкін" деп алаңдайды.

Көрнекі сурет

Еуроодақ пен Қытай бір-біріне санкция салды. Арты не болмақ?

Еуропа одағы мен Қытай біріне бірі санкция салды. Батыс елдері Шыңжаңдағы саяси қуғын-сүргінге байланысты Пекинді "адам құқығын аяққа таптады" деп кінәласа, Қытай Брюссельді "демократияны желеу етіп ішкі ісімізге араласты" деп айыптап отыр. "Санкциялар алмасудың" соңы не болмақ?

"Қорласа да, берілмейміз". Күш құрылымдарын сотқа берген белсенділер неге сотта жиі жеңіледі?

Қазақстанда екі оппозициялық белсенді күш құрылымдарын бейбіт наразылық кезінде кеттлингке алған әрекеті үшін жауапқа тартпақ болды. Дархан Шәріпов парламент сайлауы күні полицияның кеттлинг әдісін қолданып, наразыларды бірнеше сағат бойы қоршауда ұстауын құқық бұзушылық деп танымаған Алматы прокуратурасы мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне қарсы шағым беріп, сотта жеңіліп қалды. Осыған дейін сот белсенді Айзат Әбілсейіттің шағымы бойынша да осыған ұқсас шешім шығарған. Азаттық Қазақстанда күш құрылымдарының тарапынан құқығы бұзылған азаматтар неге әділдікке қол жеткізе алмайтынын анықтауға тырысып көрді.

Айзат Әбілсейт арнайы жасақтың құрсауында отыр. 10 қаңтар 2021 жыл.

Оққағар, дипломат, кәсіпкер және миллиардер. Орталық Азиядағы 13 "күйеу бала"

Орталық Азияда ұзақ отырған президенттермен қатар олардың күйеу балалары да жиі аталады. Билікте лауазымды қызмет атқарып, бизнесте де "жолы болғыш" "күйеу балалар" елдегі жемқорлық пен непотизмнің өршуіне себеп дейді сарапшылар. Бір қызығы, арасында қайын атасының қаһарына ұшырағандары "бар игілігінен" айырылады.

Орталық Азия басшыларының күйеу балалары. Солдан оңға қарай: Тимур Тилляев, Димаш Досанов, Тимур Құлыбаев және Отабек Умаров.

Шымкент әкімдігі Наурызды тойлауға жарты млрд теңге бөлген. Ал жұрт мереке лебін сезбеген

Наурызға орай өткен ақындар айтысы, тарихи журналдың құрылған күні, ән байқауы сияқты бірнеше шараға Шымкент әкімдігі бюджеттен 565 миллион теңгеден аса ақша бөлген. Бұл туралы бюджет шығындарын зерделеп жүрген Zertteu Research Institute хабарлады. Шымкенттіктер мұны "ысырап" дейді. Жұрт шулаған соң қала әкімдігі түсінік беруге мәжбүр болды.

"Артында демографиялық экспансия тұр". Алматыда Қытайдың "56 зауытына" қарсы митинг өтті

Алматыда "Демократиялық партия" құру бастамашыл тобының ұйымдастыруымен митинг өтті. Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдындағы алаңда өткен акция 2,5 сағатқа созылып, оған 300-ге жуық адам қатысты. Жиын қатысушылары Қазақстанда Қытай зауыттарын салуға, Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым көрсетуді тоқтатуды, саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Белгіленген орын митинг басталмай тұрып-ақ қоршалып, ол жерде мобильді интернет өшірілді. Кемі жеті адам акция орнына жетпей ұсталды.