Ресей Украинамен шектесетін аймақтан әскерін әкетіп жатқанын мәлімдеді

Әскери жаттығуға қатысып жатқан украин солдаты

Ресей қорғаныс министрлігі Украинамен шектесетін аймақтан әскерін әкетіп жатқанын хабарлады. Мекеме мәлімдемесінде Оңтүстік әскери округіндегі әскердің бір айлық жаттығуы аяқталғанына байланысты 10 мыңнан астам жауынгер кері қайтарылған.

"Әскери дайындық бойынша жаттығулар Астрахань, Волгоград және Ростов облыстарында, Ставрополь және Кубанда, Солтүстік Кавказда және Қырымда, Абхазия, Армения және Оңтүстік Осетияда өтті", - деп жазылған министрлік сайтындағы мәлімдемеде.

25 желтоқсанда Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ конгресмендері және сенаторлармен онлайн сөйлескен. Онда Донбастағы бақылау және орыс-украин шекарасындағы Ресей әскері туралы сөз болған.

Қараша айында Conflict Intelligence Team ұйымының зерттеушілері Ресей Украинамен шектесетін аймағына әскерін және техникасын орналастырып жатқанын айтқан. Бұл мәліметті Пентагон да растап, Ресей-Украина шекарасындағы әскер туралы барлау мәліметтерін Киевке бермек болған.

Желтоқсан басында Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ лидері Джо Байден видео байланыс арқылы сөйлескен. Байден Мәскеуге Украинаға шабуыл жасаса, қатаң санкция салатынын ескерткен.

Ал Путин Байденге НАТО әскерінің Украина аймағына дейін кеңейтілгенін қаламайтынын жеткізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина түбінде Ресей әскері көбейді. Батыс газеттері соғыс болуы мүмкін дейді