Алматыда оннан астам адам полицияның өздерін "заңсыз ұстап отырғанына" шағымданды

Азаттықтың Алматы бюросының басшысы Қасым Аманжол Алматыдағы Медеу аудандық полиция бөлімінде басқа ұсталғандармен бірге. 4 қаңтар, 2022 жыл.

Алматыда оннан астам адам Медеу аудандық полиция бөлімінде өздерін "заңсыз ұстап отырғанына" шағымданды. Олардың сөзіне қарағанда, 4 қаңтарда олар "Жетісу" базары маңында Жаңаөзендегі наразылықты қолдамақ болып, пікірлерін айтқысы келген. Алайда полиция оларды ұстап әкеткен.

"Полицияның бізді жібермей, заңсыз ұстап отырғанына алты сағаттан асты" деді наразылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Олар ұсталған азаматтардың тізімін де жіберді.

Сейсенбі күні полиция дәл осы базар маңынан журналистік қызметін атқарып жүрген Азаттық радиосының Алматы бюросы жетекшісі міндетін атқарушы Қасым Аманжолды да күшпен ұстап әкетіп, шамамен екі сағаттан соң босатқан болатын.

Азаттық тілшісі 4 қаңтарда кешкісін Медеу аудандық полиция бөліміне хабарласқан кезде бұл азаматтардың үстінен хаттама толтырылғанын айтты. Бірақ не үшін ұстағанын түсіндірмеді.

"Олардан сұрақ-жауап алынып жатыр" деді кезекші бөлімінде отырған қызметкер. Ол бөлім бастығының орынбасарына хабарласуды сұрады. Әзірге Азаттық тілшісі жауап ала алмады.

2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың екі есе қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады. Содан бері Қазақстан қалаларында полиция күзеті күшейіп, белсенділер мен ақпарат құралдарын ұстау жиіледі.

Алматыда кемінде он белсенді әкімшілік жауапқа тартылды. 4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше қаласында "оппозиция митингісі өтеді" деген орындарда жүзден астам адам ұсталды. ІІМ әзірге ресми түсініктеме бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықтың Алматы бюросының басшысы Қасым Аманжолды полиция ұстап, босатты