Берік Уәли: "Тоқаев халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазған"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада контртерористік штаб жиынын өткізді. Нұр-Сұлтан, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы күндердегі халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазғанын айтты. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

"Мемлекет басшысының соңғы шешімдері мен үндеулеріне қатысты блогосферада түрлі интерпретация болып жатқандықтан, мына жайтты хабарлауды жөн деп таптым: Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекеттің ең жоғары лауазымды қызметтегі тұлғасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Сондықтан ол шешімді өз бетімен қабылдайды. Қазақстанның конституциялық құрылымын бұзу үшін бандиттер шабуыл жасаған қайғылы күндерде де солай болды. Отандастарға арналған барлық үндеулерін ол әдеттегідей өзі жазды, сырттағы кеңесшілердің қолдауына сүйенген жоқ" делінген мәлімдемеде.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде, қазақстандық және шетелдік сарапшылар арасында Тоқаевтың соңғы күндердегі мәлімдемелері оның елде жаппай наразылық енді басталған күндерде жасаған мәлімделерінен өзгеше екенін айта бастаған. Алғашқы үндеулерінде Тоқаев "халық пікіріне құлақ асу", "диалог", "саяси рефома" туралы айтса, соңғы күндері "террористер", "экстремистер", "бұзақылар" дегенмен қоса, "өзін еркін санайтын ақпарат құралдары", "шолақ белсенділер" деген сөздерді айтып, аты аталмаған жаулармен күресетінін мәлімдеп жүр.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.