ҰҚК "екі экстремистік ошақтың" жойылғанын хабарлады

Алматы қаласы комендатурасының хабарлауынша, қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету операциялары жалғасып жатыр. Күштік құрылымдар Әуезов, Алатау және Медеу аудандарында жұмыс істеп жатыр.

"Блокбекеттерде 56 адам, 9 көлік ұсталды. 22 қару және 1412 оқ-дәрі тәркіленді" делінген ресми хабарламада.

Одан бөлек, ұлттық қауіпсіздік комитеті "Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатысқан екі экстремистік ошақ жойылғанын" хабарлады.

"Бір ошақтың төрт мүшесі ұсталды. Тұратын мекенжайларын тінту кезінде атыс қаруы, шулы гранаталар, оқ, діни әдебиеттер мен өзге де заттай айғақтар табылып, тәркіленді. Екінші ошақтың жетекшісі шетел азаматы жаппай тәртіпсіздікерге қатысқан және шетелдегі террористік топтармен байланысы болған" делінген хабарламада.

Қазақстан билігі елдегі тәртіпсіздікті ұйымдастырған "экстремистік топтардың" нақты кім екенін ашып айтпай отыр.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
  • 10 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.