Чехия Ресей азаматтарына Шенген визасын бермеу туралы ұсынысты қолдады

Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский.

2023 жылдың 1 қаңтарына дейін Еуроодаққа жетекшілік ететін Чехия Украинаға басқыншылық жасағаны үшін Ресей азаматтарын Шенген визасын қолдану мүмкіндігінен айыру туралы ұсынысты қолдады. Бұл жөнінде Bloomberg агентігі жазды.

"[Ресей азаматтары] мұндай соғысшыл саясаттың салдары барын ұғуы тиіс" деді Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский.

Чехия тамыз соңында Прагада өтетін Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде бұл мәселе бойынша ортақ шешімнің қабылдануына күш салады, деді ол. Мұндай тыйым ЕО-ның Ресейге қарсы кезекті санкция пакетіне кіруі мүмкін.

Бұған дейін Ресей азаматтарына Батыс елдеріне баруға тыйым салуды Украина президенті ұсынған. Оның ұсынысын Эстония, Латвия, Финляндия қолдаған. Германия барлық Ресей азаматына виза беруге тыйым салу идеясына қарсы шықты. "Бұл Путин ашқан соғыс" деді Германия канцлері Олаф Шольц.

Ал Еурокомиссия барлық Ресей азаматына виза бермеу туралы ұсыныс одақ нормаларына қайшы келетіндіктен мұндай ереженің енгізілуі мүмкін емес деп бірден кесіп айтты. "Әрдайым визаға зәру адамдар тобы болады. Бұл гуманитарлық жағдайлар, [ЕО азаматтарының] отбасы мүшелері, журналистер мен диссиденттер" деді Еурокомиссия өкілі Анита Хиппер.

  • Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Еуроодақ Ресей басқыншылығына жауап ретінде Мәскеуге қарсы жеті пакет санкция қабылдады. Бірақ ешқайсысында Ресей газына эмбарго қою жайлы жазылмаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Латвия сеймі Ресейді "терроризмге демеуші болып отырған ел" деп таныдыЕуроодақ пен Ұлыбритания Ресейден көмір сатып алуды тоқтаттыБоррель: Еуроодақ Ресейдің Украинадағы айуандығын айыптайды"Газпром" "Солтүстік ағым – 1" құбырындағы тағы бір турбинаның ажыратылғанын хабарлады Еуроодақ Ресей газына тәуелді болмай өмір сүре ала ма?