Ресейдің Камчатка өлкесіндегі 35-әскери гарнизон соты Украинадағы соғысқа қатысудан бас тартқан әскери қызметкер Алексей Бреусовты бір жыл сегіз айға соттады. Ол жазасын қоныстану колониясында өтейтін болады. Бұл туралы "Кам-24" сайты хабарлады.
Өлке орталығы Петропавловск-Камчатский қаласының тұрғыны Алексей Бреусовқа әскери немесе соғыс іс-қимылына қатысудан бас тарту бабы бойынша айып тағылған. Ақпаратқа қарағанда, Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін, 6 қазанда Бреусов Петропавловск-Камчатскийдегі әскери гарнизонға жеткізілген. Ол соғыс жүріп жатқан жаққа барудан бас тартқан.
Сот әскери қызметкер Алексей Бреусов Ресей қарулы күштерінің әскери жарғысы мен Ресей армиясының "тәртіптік құқық нормаларын" бұзған деп тапқан. Ақпаратта Бреусов кәсіби әскери қызметкер ме, әлде мобилизация бойынша әскерге алу жарамды азамат па, ол жағы нақты айтылмаған. Бреусов 26 желтоқсанда үкімге қарсы апелляция шағымын берген.
21 қыркүйекте Ресейі президент Владимир Путин Украинамен соғысқа жіберу мақсатында елде "ішінара" мобилизация жариялаған. Қорғаныс министрлігі армия қатарына 300 мың адам шақыруды жоспарлаған, алайда БАҚ биліктің әскерге шақыртылатындарды бір миллионға жеткізу ниеті барын жазған. Кейін мобилизацияға іліккендер соғыс аймағына жеткен соң оған қатысудан бас тартқаны жайлы хабар көбейді. Ондай адамдарды жертөлеге қамап, өзге сарбаздар мен командирлер ұрып-соққаны жайлы да ақпараттар тараған. Қазір мобилизация бойынша әскерге шақыру тоқтап тұр, бірақ ол туралы жарлық әлі күшінде.
21 желтоқсанда Ресей қорғаныс министр Сергей Шойгу Ресей қарулы күштері қатарын 1,5 млн адамға жеткізу қажеті туралы айтты. Бұл дегеніңіз, әскер қатарына тағы 350 мыңға жауық адам қажет деген сөз. Шойгу бұл "Ресейдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет" деп мәлімдеді. Бұған қоса ол армия қатарына мерзімді әскери қызметке қазіргідей 18 жастан емес, 21 жастан бастап 30 жасқа дейінгі аралықтағы адамдарды азаматтық борышын өтеуге шақыруды ұсынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Наполеон да, вермахт та емес. Бұл – украиндар". Әскери стратег Шон Макфейтпен сұхбатМемлекеттік дума елден кеткен ресейліктерге көбірек салық салғысы келедіІІМ: 21 қыркүйектен бері 3,5 мың Ресей азаматы Қазақстанда қалуды жөн көргенРесейде мобилизация жарияланғанда Қазақстанға 837 мың ресейлік келді – Еңбек министрлігіӘбіржіген сарбаз, майы қатқан техника. Аяз Украинадағы соғысқа қалай әсер етеді?