Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова кремльшіл журналист Владимир Соловьевтің "Орталық Азия мен Арменияға арнайы әскери операция жүргізу" жайлы айтқан сөзін "журналистің жеке ойы", "Мәскеудің ресми ұстанымы емес" деді.
Бұған қоса, Захарова Соловьев мұны "мәлімдеме емес, сұрақ ретінде айтты", ал "диван сарапшылар оны Ресейдің ресми позициясы ретінде провокацияға бұрды" деп отыр. Министрліктің өкілі "Ресейдің ресми позициясын ресми өкілдер айтады" дейді.
10 қаңтарда Ресейдің пропагандашыл журналисі Владимир Соловьев "Соловьев Live" хабарында Армения мен Орталық Азияны Ресейдің ықпал аймағы санап, "қажет болса, неге өз ықпал аймағымызда арнайы әскери операция бастамасқа?" деген еді.
12 қаңтарда Армения СІМ Ресей елшісі Сергей Копыркинді шақырып Соловьевтің сөзіне байланысты наразылық нотасын табыс етті. Өзбекстан депутаты Әлішер Қадыров мұндай сөздер "стратегиялық әріптестікке кері әсер ететінін", "Орталық Азия елдері кез келген агрессияға тойтарыс бере алатынын" айтқан. Қырғызстанда парламент депутаты Дастан Бекешев Соловьевті нон грата тұлға деп жариялауды ұсынды. Ал Қазақстан депутаты Айдос Сарым "Соловьев сынды "сәуегейлердің"пікіріне мемлекеттік дәрежеде реакция берудің асқан қажеті жоқ" деген.
Захарова мәлімдемесінде жағдайды "іспен сараптауға" шақырып, Ресей Орталық Азия мен Арменияға "талай рет көмекке келіп, қол ұшын созды" дегенді меңзеді.
"Қанша рет көмекке келіп, қол ұшын создық қой?.. Қанша рет тарихтағы қиын сәттерден қалай шығу жолын іздедік. Қанша рет түсініспеушілік болған сәттерді артта қалдырдық. Міне, осыған мән беру қажет. Ешқашан сүрінбей, провокацияға баса назар аудармау керек" деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл жай ғана эмоция емес". Соловьевтің сөзіне Орталық Азия қалай жауап берді?Ресейдің пропогандашыл журналистері мен депутаттары Орталық Азия елдерін қатысты қатқыл әрі даулы мәлімдемелер жиі айтады. Мәселен, 2022 жылы қарашада Соловьевтің "Россия 1" арнасындағы "Вечер с Соловьевым" бағдарламасында ресейлік "сарапшылар" "Украинадан кейінгі мәселе - Қазақстан", "ол жақта да Украинадағыдай нацистік процестер өрістеуі мүмкін" деген еді. Бұл сөзде қоғамда қызу талқыланған. Ал аймақ елдерінің билігі мұндай мәлімдемелерді "Мәскеудің ресми ұстанымы емес" дейді.