Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесі төмендейді" деген сөздерді сынға алып, мұндай сөзді "күңкіл әңгіме" деп атады.
"Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген" деді ол 12 наурызда мәслихат депутаттарының форумында.
Қазақстанда ақпанда жаңа Конституция жобасындағы "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады" деген тармақ қоғамда талқы тудырған. Көп адам жобадан орыс тілін алып тастауды, тек қазақ тілін ғана қалдыруды талап еткен. Сыншылар бұл тармақ елде қазақ тілінің мәртебесін көтеруге кедергі болады деген қауіптерін айтқан.
Қоғам сынынан соң бұл тармақтағы "тең" сөзі "қатар" деп ауыстырылған.
Тоқаев бүгін, 12 наурыздағы сөзінде "орыс тілі үшін қам жеген" авторларды да, жарияланған мақалаларды да атамады. Қазақстан Конституция жобасындағы "тең" сөзін "қатар" деген сөзге ауыстырғанда Ресейдегі бірнеше сайт бұл шешімді сынайтын мақалалар жариялаған еді.
Қазақстанда қоғам сыны күшейген тұста билік пен жобаны дайындаған конституциялық комиссия өкілдері "ел бірлігі", "геосаяси ахуал" деген себептерді алға тартқан. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді. Демек сол үшін ең бастысы – мемлекетті сақтау керек" деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қатар" мен "теңнің" арасы. Тіл бабындағы бір сөзге қатысты дау