Таяу Шығыстағы қарулы жанжал кесірінен Қазақстан мен Иранның экономикалық ынтымақтастығы қиындықтарға тап болып отыр, ал бірлескен жобалар тоқтап қалды, деп мәлімдеді 16 сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов парламент үйінде журналистерге.
"Бізде астық жеткізу, азық-түлік өнімдерімен алмасу жобалары болды. Бұл жобалар қазір тоқтап тұр деп нақты айта аламын, — деді Исетов Сенаттағы брифингте. —Біздің бизнесіміз бен кәсіпкерлеріміз қазір әліптің артын бағумен отыр".
Сонымен бірге Исетов Иранмен ынтымақтастық ауқымы ел экономикасы үшін бәлендей үлкен болмағандықтан, елеулі экономикалық шығын келмегенін айтты.
"Көлемі шағын болды, ол елдің экономикалық жағдайына тікелей әсер етті деп айта алмаймын. Әйткенмен, Иранмен жақсы серіктестік қарым-қатынас болғанын ескерсек, әрине, әсері бар, бірақ айтарлықтай үлкен емес", деді министрдің орынбасары.
Үкімет бұған дейін Қазақстаннан Иранға астық пен ет сияқты ондаған өнім түрін жеткізуге дайын екенін мәлімдеген.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы бастаған әуе шабуылдары және Тегеранның Израиль мен Таяу Шығыстағы АҚШ базаларына қарымта шабуылдары Таяу Шығыстың ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына да әсер етті. Бұл соғыс автокөліктерден бастап азық-түлік пен өнеркәсіп өнімдеріне дейін барлық тауар түрін жеткізуді бөгеді, бұл инфляциялық қысымды күшейтті. Тәжікстан мен Түрікменстандағы тұтынушылар баға өсіп, иран тауарлары қат болып жатқанын хабарлады.