Алматыдағы жол апаты туралы жазған блогер Әділетхан Молдахан сотталды

Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан

Алматы қаласы Әл-Фараби даңғылында кісі өліміне әкеп соққан жол апаты жайлы жазған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Оған "көпе-көрнеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған еді. Үкімге сай, Молдаханға блогерлікпен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкімін 14 шілдеде Алматы ауданының соты шығарды.

Биыл 21 наурызда Алматыда Александр Пак мінген Zeekr автокөлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апаттан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан еді.

Оқиғадан соң Молдахан желіде пост жариялап, Алматыда түнде автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген еді. Осыдан соң полиция блогерді "шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп ұстаған.

Блогер әрі заңғар Молдахан сот процесі кезінде өзіне тағылған айыпты мойындайтынын айтқан.

Үш адам қаза тапқан Алматыдағы көлік апаты қоғамда аса үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.

Қоғам қысымы күшейген соң ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.

22 маусымда сот Александр Пакты 10 жылға түрмеге қамап, өмір бойына көлік айдау құқығынан айырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда үш адамның өмірін қиған көлік апатына кінәлі адамға үкім шықты