Тоқаев "Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін" іске қосуды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсімінде сөз сөйлеп тұр. Шанхай, 17 шілде, 2026 жыл. (Ақорда фотосы)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында "цифрлық көпірді" іске қосуды, ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзуді ұсынды. Тоқаев бұл ұсынысын 17 шілдеде Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында айтты.

"Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "әлемде ЖИ-ді зерттеушілердің жартысынан көбі Қытайда екенін", "ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі Қытай мамандарына тиесілі екенін" айтты.

Тоқаев биыл құрылған Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының алғашқы отырысын Астанада өткізуді, құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін Қазақстан орналастыруды ұсынды. Бұл ұйымды құруда Қытай мен Қазақстан үлкен рөл атқарған еді.

Тоқаев Шанхайға жұмыс сапары барысында Қытайдың жоғарғы технология компанияларының басшыларымен де кездесіп, Қазақстанға шақырған. 16 шілдеде Қазақстан мен Қытай компаниялары құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев Қытайдың жоғарғы технологиялық компанияларын Қазақстанға шақырды

Бұған қоса, Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, 2027-2030 жылдарға арналған Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы мен жол картасына да қол қойды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шанхайда Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз өткізді