Accessibility links

Шанхайда Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз өткізді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Шанхай, 16 шілде 2026 жыл. Фото: t.me/aqorda_resmi
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Шанхай, 16 шілде 2026 жыл. Фото: t.me/aqorda_resmi

Шанхайға сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейсенбі күні Қытай президенті Си Цзиньпинмен келіссөз өткізді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Тоқаевтың сөзінше, Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 30 млрд долларға жетіп, былтыр өзара сауда көлемі 49 млрд доллар болған, қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан аса қытай компаниясы жұмыс істейді. Екі тарап өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ, былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы сапарлап келген.

Қытайдың "халықаралық аренадағы беделі зор екенін, жетістіктерін бүкіл әлем мойындайтынын" айтқан Тоқаев қазіргі таңда Қытайда жүзеге асырылып жатқан "ауқымды өзгерістерге үлкен қызығушылықпен қараймыз" деп мәлімдеген.

– Бұл, ең алдымен, сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті, – деген Тоқаев.

Ол Қазақстанның Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі екенін, кейінгі жылдары екі ел арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түскенін атап өткен.

Тоқаев Си Цзиньпинді Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтаған.

Қазақстан президентімен кездесуде Қытай басшысы екі ел арасындағы серіктестікке жоғары баға берген.

– Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді, – деген Си Цзиньпин.

Қытай лидері Қазақстанда Тоқаевтың бастамасымен ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын айтып, жақында күшіне енген жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, алдағы айда өтетін Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу соңында тараптар 2027-2030 жылдарға арналған Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы мен жол картасына қол қойған.

Қазақстан президенті Қытайға сәрсенбі күні жұмыс сапарымен барған. 16 шілдеде ол Шанхайда Қытай бизнесмендерімен кездесіп, сол елдің жоғарғы технология компанияларын Қазақстандағы ірі цифровизация мен инфрақұрылымды дамыту жобаларына қатысуға шақырды.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары кезінде екі елдің өкілдері құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойған.

Жұма күні Тоқаев "Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік" тақырыбында Шанхайда өтетін дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатыспақ.

Кейінгі он жылдың бедерінде Қытай билігі "экстремизммен күрес" науқаны аясында елдің батысындағы Шыңжаң өлкесінде тұратын байырғы ұлт өкілдерін – ұйғыр, қырғыз және қазақтарды "қайта тәрбиелемек" болды. Оларды қамап ұстайтын лагерьлер туралы алғаш рет 2017 жылы айтыла бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы ондай лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деген. Қытай бұл айыптарды терістеп, әлгіндей лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қытай үкіметінің аз ұлттарға жүргізіп жатқан саясатын "геноцид" деп айыптап, санкция да жариялаған. Алайда ресми Пекин мұны жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатты "экстремизммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған.

Қытаймен ірі сауда серіктесі ретінде тығыз байланысы бар Астана үшін Шыңжаң мәселесі — сезімтал тақырып. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл "Қытайдың ішкі ісі" деп, мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартып келеді. Дегенмен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі олардың Қазақстандағы туыстарының арыз-шағымын қабылдап, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хат, сұраныс жолдайды. Туыстарымен байланысуға көмектесеміз, жағдайды назарда ұстап отырмыз деп жауап береді.

Айдар
XS
SM
MD
LG