АҚШ вице-президенті Вэнстің сұрауынан соң Киев Қазақстан мұнайын таситын танкерлерге шабуылды тоқтатты - FT

Каспий құбыр консорциумы.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің сұрауынан кейін Украина Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портын қолданатын танкерлерге шабуылды тоқтатқан. Бұл туралы Украина шенеуніктеріне сілтеп Financial Times газеті хабарлады.

Газеттің хабарлауынша, Вашингтон Қазақстаннан Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумына (КҚК) мұнай әкелген танкерлерге шабуыл АҚШ компанияларына зиян келтіріп жатқанына алаңдаған.

Украина КҚК маңындағы танкерлерге 17,19 және 21 шілдеде шабуылдаған. Осыдан соң КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап етіп, мұны Қазақстанның "экономикалық мүдделеріне қол сұғу" деп сипаттаған, бірақ нақты елді атамаған.

30 шілдеде Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, КҚК айналасындағы жағдайды талқылаған еді.

8 тамызда Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеп, Украина АҚШ өкілдерімен келіссөзден соң КҚК мен Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ танкерлерге соққы жасамауға келісті деп жазған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина КҚК-дағы Қазақстан мұнайының экспортына қатысы бар инфрақұрылымға шабуылдамауға келіскен – Bloomberg

1500 шақырымдық құбыр Қазақстанның батысында өндірілген мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді. Америкалық ірі компаниялар Chevron мен ExxonMobil Қазақстанның батысында өндірілетін мұнайдың басым бөлігін осы құбыр арқылы экспорттайды. Ал жалпы Қазақстан мұнайының 80% КҚК арқылы тасымалданады.

Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеп, КҚК инфрақұрылымдарының маңындағы шабуылдан соң Қазақстан мұнай өндіруді азайтқанын жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан сыртқы істер министрі мен АҚШ мемхатшысы КҚК-дағы жағдайды талқылады