Украина АҚШ өкілдерімен келіссөзден соң Каспий құбыр консорциумына (КҚК) және Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ танкерлерге соққы жасамауға келісті деп жазды Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеп.
Дереккөздердің сөзінше, АҚШ өкілдері Киевпен келіссөз жүргізген, нәтижесінде Украина Қара теңіздегі Қазақстан мұнайының экспорты үшін маңызды инфрақұрылымға, КҚК-ға, Ресейге қатысы жоқ танкерлерге шабуылдамауға келіскен.
30 шілдеде Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, КҚК айналасындағы жағдайды талқылаған еді.
Украина КҚК маңындағы танкерлерге 17,19 және 21 шілдеде шабуылдаған. Осыдан соң КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап етіп, мұны Қазақстанның "экономикалық мүдделеріне қол сұғу" деп сипаттаған, бірақ нақты елді атамаған.
1500 шақырымдық құбыр Қазақстанның батысында өндірілген мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді. Америкалық ірі компаниялар Chevron мен ExxonMobil Қазақстанның батысында өндірілетін мұнайдың басым бөлігін осы құбыр арқылы экспорттайды. Ал жалпы Қазақстан мұнайының 80% КҚК арқылы тасымалданады.
Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеп, КҚК инфрақұрылымдарының маңындағы шабуылдан соң Қазақстан мұнай өндіруді азайтқанын жазған.