Accessibility links

Танкерлерге шабуылдан кейін КҚК қазақ мұнайын тиеуді тағы тоқтатты

Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.
Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.

Қара теңізде екі танкерге өткен түні жасалған шабуылдан кейін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қазақстан мұнайын тиеуді уақытша тоқтатқанын хабарлады.

КҚК баспасөз қызметінің дерегінше, Маршалл аралдарының туын көтеріп теңізде жүрген Nissos Sifnos танкері мұнай тиеу үшін айлақ нысанына келгенде дрон шабуылына ұшыраған.

"Мұнай қабылдау коллекторларына жасалған дрон шабуылы салдарынан жүк палубасында өрт шықты. Оны танкер экипажы мен КҚК-ның үш қосалқы кемесі сөндірді", — дейді КҚК баспасөз қызметі.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, мұнай төгілмеген. Консорциум суда қалқып тұрған танкерге келген залалды бағалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұған қоса КҚК мұнай тиеуге бара жатқан Marathi танкеріне Новороссийск теңіз терминалынан алты миль (шамамен 11 шақырым) қашықта теңізде шабуыл жасалғанын хабарлады.

Бұған дейін бірқатар танкерге шабуылдар жасалуына байланысты мұнай тиеуді тоқтатуға мәжбүр болған КҚК жұмысын қайта бастағаннан кейін үш күннен соң тағы доғарып отыр.

29 шілде күні Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефонмен сөйлесіп, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) айналасындағы жағдайды талқылаған. АҚШ мемлекеттік департаменті Рубио мен Көшербаев "энергетикалық қауіпсіздіктің маңызын, соның ішінде Қазақстан мұнайын КҚК арқылы кедергісіз әрі сенімді тасымалдау мүмкіндіктерін талқылады" деп хабарлады. Қазақстанның батысындағы кен орындарынан көмірсутек шикізатын Батыстың мұнай өндіруші алпауыттары, соның ішінде АҚШ-тың Chevron және ExxonMobil компаниялары өндіріп жатыр.

Көшербаев пен Рубио телефонмен әңгімелескеннен кейін ертесіне КҚК өкілдері Қазақстан мен консорциумның шетелдік акционерлерінің үндеулері, соның ішінде АҚШ мемлекеттік департаменті арқылы айтылған, халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуылға жол бермеуге шақырған сөздері "еленбегенін" атап өтті.

Ресей Украинаны КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасады деп айыптап отыр. Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұған дейін Киевтің ол шабуылдарға қатысы барын жоққа шығарған.

23 шілдеде Қазақстанның энергетика министрлігі "кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндірісті азайтқанын мәлімдеді. Бұған дейін Reuters дереккөздері Новороссийск маңында КҚК терминалындағы резервуарлар "шикізатқа лықа толып қалғанын" айтқан.

Трамп әкімшілігі Киевті Ресейдікінен өзге кемелерге шабуылды тоқтатуға шақырған. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сілтеп Wall Street Journal хабарлады.

Каспий құбыры Ресей аумағы арқылы өтіп, Қара теңіз жағалауына жетіп тіреледі. Новороссийскідегі терминалдардан шикі мұнай танкерлерге тиеліп, әлемдік нарықтарға тасымалданады. Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын осы құбыр арқылы жөнелтеді. 2025 жылы КҚК желісімен 63 миллион тонна қазақ мұнайын тасымалданды. Жалпы алғанда Қазақстанда шамамен 86 тонна шикі мұнай өндірілген.

Биыл шілденің 17-сі, 19-ы және 20-күндері Новороссийскідегі КҚК терминалдарына барған бірнеше мұнай танкеріне дрондар шабуыл жасаған.

  • Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және Батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум терминалына дрон шабуылы бірнеше рет жасалды. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған.
  • Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
  • АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. Американың бұл жөнінде демарш жазғанын биыл ақпанда Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина айтқан.
Айдар
XS
SM
MD
LG