"Қазақстанда азаматтық қоғамның кеңістігі тарылған". ЕО-ның адам құқығы туралы есебінде не айтылған?

Orda.kz редакциясын тінту кезінде есікті күзетіп тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл

Еуропа одағы 2025 жылға арналған Адам құқығы және демократия есебінде "Қазақстанда кейбір реформаларға қарамастан саяси плюрализм шектеліп, бейбіт митинг өткізу, ұйым құру және жұрттың ойын еркін айтуға шектеу әлі сақталған" деп мәлімдеді.

ЕО есебінде Қазақстанға жеке тоқталып, елде "Әділетті Қазақстан" мен "Еститін мемлекет" концепциясын нығайту үшін саяси және институционалдық реформалар жарияланғанын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейтіп жатқанын атап өткен.

Бірақ ЕО "елде азаматтық қоғамның кеңістігі тарылып, тәуелсіз басылымдарға, саяси белсенділерге және азшылық топтарға түрлі істер қозғалып жатқанын, үкіметтік емес ұйымдарға бақылау күшейіп, журналистерге қысым артқанын" айтады.

"Бейбіт митингіні шектеу жалғасып, ыңғайға келетін бейбіт митинг туралы заң құқықтық әділетсіздік пен өзін-өзі цензуралауға жол ашты. Жыл соңында қабылданған "ЛГБТ үгіт-насихатына тыйым салу" заңы ЛГБТ өкілдерінің құқығын бұзуы мүмкін" дейді ЕО құжатта.

Еуропа одағы былтыр Қазақстанда адам құқығын екіжақты дамыту үшін жеті жоба жүзеге асырып, "Адам құқығы және демократия" деп аталатын бағдарламаға 4.8 млн еуро бөлгенін айтады. Бұл жобаның мақсаты Батыс Қазақстандағы адам құқығын қорғауды дамытуға, азаптауды жоюға, сот жүйесіндегі мәселелерді шешуге, баспанаға қол жеткізу құқығын қорғауға, жеке бас деректерді қорғауға, БҰҰ алдындағы адам құқығы бойынша міндеттерді орындау болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан соты неге журналистерді кәсібінен шеттетуге көшті?

Еуропа одағы Қазақстанмен серіктестікті дамыту келісіміне сай адам құқығы жүйелі диалогтың бөлшегі дейді. Диалог 2025 жылы наурызда Брюссельде болғанын, адам құқығы мен демократия мәселесі былтыр маусымда ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестік комитетінің отырысында да, 2025 жылы желтоқсанда ЕО мен Қазақстанның қарым-қатынасы кеңесінде де талқыланғаны айтылды.

Бұл жиындарда "ЕО делегациясы Қазақстандағы адам құқығы мәселесін жүйелі түрде көтеріп, Қазақстан билігін реформаларды халықаралық міндеттемелеріне негіздеп жүзеге асыруға шақырған".

"Қазақстандағы реформа процесі жалғасып жатқанын ескере отыра, ЕО реформалар азаматтық қоғамның араласуымен тиімді жүзеге асуының маңыздылығына баса назар аударды. ЕО адам құқығын, соның ішінде әйелдер мен ЛГБТ құқығын қорғау бойынша біріккен кампанияларды қолдады" деп жазылған есепте.

Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы құқық қорғаушы ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген .

  • Былтыр 30 желтоқсанда Қазақстанда "ЛГБТ насихатына" тыйым салатын түзетулер мен өзгертулер енгізу туралы заң қабылданған. Әкімшілік кодекстегі жаңа нормаларда "ЛГБТ және педофилия насихаты" үшін айыппұл мен әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Депутаттар бұл заң "отбасы, адамгершілік және болашақ жайлы түсініктерді қорғау" үшін қажет деп түсіндірген. Ал сарапшылар заң көрші Ресейде 2013 жылы қабылданған заңға ұқсайтынын айтқан. Бұған дейін Еуропа одағы мен бірнеше Батыс мемлекеті Қазақстан заңдарына енгізілген жаңа шектеулерге байланысты алаңдаушылық білдірген . Дипломатиялық миссиялары бұл түзетулер Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне қайшы келетінін айтқан еді.
  • Кейінгі кезде Қазақстанда бейбіт митинг өткізу қиындады. Жергілікті әкімдіктер жұртқа бейбіт митингіге рұқсат бере бермейді. Ал рұқсатсыз митингіге шыққандар, бейбіт жиынға шақырғандар жауапқа тартылады. Журналистер жұмысына кедергі келтіріліп, 2025 жылдың соңында журналистердің желідегі парақшалары бұғаттала бастады. Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнара Бажкенова, KazTAG агентігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновтің (екеуінің бас бостандығы шектеліп, бірнеше жылға журналистік іспен айналысуға ҚазТАГ ақпарат агенттінің бас директоры Әсет Матаевтың бас бостандығы үш жарым жылға шектелді. Оған үш жыл кәсіби және қоғамдық әрекеттермен араласуға тыйым салынды. Ал ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтың бас бостандығы бір жыл үш айға шектелді. Оған бес жыл журналистік қызметпен айналысуға шектеу қойылды. Екеуі де рақымшылық актісіне сай, сот залынан босатылды.) үстінен іс қозғалды. Қазір елде бірнеше журналист істі болып жатыр.
  • 2024 жылдың ортасында Қазақстанда балалар мен әйелдерді қорғау үшін "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау заңын" күшейткен. Бала мен әйелге зорлық-зомбылық көрсетіп, қол жұмсағандарға қылмыстық жазалар енгізілген.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Freedom House-тың жылдық есебі шықты. Қазақстан туралы бөлімінде не айтылған?