Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алда президент сайлауына түсу-түспеуге қатысты нақты жауапты 2027 жылы айтамын деді.
"Қайта сайлауға түсуге заңды түрде құқығым бар. Алдағы сайлауға келсек, сіз сұрағандай, сайлауға түсетінім я түспейтінім жайлы айтуға әлі ерте. Себебі еліміздің алдында тұрған өте көп міндетті жүзеге асыруымыз керек" деді Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берген күні "Власть" журналисіне.
Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енген соң, 2026 жылғы 7 шілдеде Конституциялық сот негізгі заңда президент жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланатыны туралы талап болғанына қарамастан, Тоқаев қайтадан президенттікке үміткер бола алады деген шешім шығарған.
Конституциялық сот "1995 жылғы Конституциядағы нормалармен лауазымға сайланған я тағайындалған адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енген соң тиісті лауазымдарға қайта сайлана я тағайындала алады" деген ұйғарымын жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тоқаевтың президенттік мерзімін "нөлден бастауға болады" - Конституциялық сот2022 жылы қарашада өткен кезектен тыс сайлауда Тоқаев 81 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп жарияланған. Сол кезде Конституцияға енгізілген өзгеріске сай, президенттің мерзімі бес жылдан бір реттік жеті жыл мерзімге ұзарған еді.
Бұған сай, Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімі 2029 жылы аяқталуы тиіс. Ол жеті жылдық президенттік мерзімі біткен соң билікті заңды жолмен тапсырып беретінін бірнеше рет айтқан.