Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші рет сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Ақорда жолдаған өтінішті қараған Конституциялық сот осындай тұжырым жасаған. Сарапшылар 2029 жылы биліктен кетемін деген Тоқаев уәдесін еске салып, бұл жаңалықтың саяси астарын әртүрлі талқылап жатыр. Ал президент әкімшілігі мұны "техникалық-құқықтық процедура" деп түсіндірді.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ТҮСІНДІРМЕСІ МЕН ҚАРИННІҢ ЖАУАБЫ
"Менен ел ішінде де, шетелде мемлекет басшысы референдум арқылы өз билігін арттырып, қазір айтып жүргендей, президенттік мерзімін нөлден бастайын деп жатқан жоқ па деп сұрап жатады. Жауап берейін: ондай ниетім болмаған, болмайды да" деген еді Тоқаев 2022 жылы 1 маусымда.
Қаңтар оқиғасынан кейін Конситуция өзгермейтінін айтқан Қазақстан президенті 2022 жылы басты заңның үштен бір бөлігін түзетіп, референдум өткізген. Сол жылы кезектен тыс президент сайлауында қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми өкілеті 2029 жылы аяқталуға тиіс. Алайда биыл күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, президент өкілеті нөлге теңестіріліп, тағы да сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Тоқаев Конституциялық сотқа өзінің және өзі тағайындайтын лауазымдардың өкілеті туралы сұрақ жолдап, орган былай деп жауап берген.
"Аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек" деп жазылған 8 шілдегі Конституциялық соттың нормативтік қаулысында.
Осыдан соң 2029 жылы өкілеті аяқталатын Тоқаев тағы да сайлауға түсе алады.
Бұл жағдайға байланысты президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан Қарин Telegram арнасында мәлімдеме жасады. Ол "бұл шешімнің артында ешқандай саяси астар жоқ, жәй ғана техникалық құқықтық процедура" деп отыр. Қариннің айтуынша, Жоғарғы соттың төрағасы, Бас прокурор, Конституциялық соттың төрағасы мен судьяларын тағайындау бойынша сұрақ туған. Ол президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы ереже өзгермейтінін қайталайды. Бірақ Тоқаевтың тағы сайлауға бара алатынын да жоққа шығармайды.
"САЯСИ МАНИПУЛЯЦИЯ" ҺӘМ "САЯСИ ЭЛИТАҒА ЕСКЕРТУ"
Президент өкілетінің нөлге түсуін саясаттанушы Димаш Әлжанов "құқықтық процедура" емес, алдын-ала есептелген саяси манипуляция деп санайды. Оның сөзінше, бұл Тоқаевтың билікте мүмкіндігінше ұзағырақ қалуын заңдастыру үшін баяғыда-ақ жоспарланған қадам.
– Президенттің өкілеті өте көп, тіпті шексіз деуге болады. Конституция оның өкілетін іс жүзінде ештеңемен шектемейді. Конституцияның өзінде де, саяси жүйеде де тепе-теңдік пен тежеу тетіктері жоқ. Негізгі мәселе – мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаев жүрген жолды іс жүзінде қайталап отыр. Біздегі авторитарлық жүйе енді Тоқаевтың төңірегінде нығайып келеді. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, қоғамның басым бөлігі президент өкілетінің ұзартылатынын бұрыннан-ақ күткен. Сондықтан бұл қоғам үшін айтарлықтай күтпеген жаңалық болған жоқ. Ал қоғамның бұған бәсең реакция танытуы, меніңше, адамдардың жай ғана шаршағанын көрсетеді, – дейді ол.
Ресейлік саяси шолушы Аркадий Дубнов "Ескі Назарбаев жүйесін жоямыз, жаңа, еститін мемлекет құрамыз" деп асығыс қабылданған жаңа Конституция арқылы "мерзімді жаңарту" көзделді деп санайды. Дубновтың пікірінше, қазір басты мәселе – Тоқаевтың 2029 жылдан кейін кететіні не қалатыны емес, маңыздысы – қазіргі жағдайдың өзі-ақ саяси элитаға президенттің орны туралы ойлауға әлі ерте екенін аңғартып отыр.
– Тоқаев халыққа берген уәдесіне адалдығын мәлімдеп, 2029 жылға дейін толық жұмыс істей салуы да әбден мүмкін. Екінші жағынан, оның 2029 жылдан кейін де мемлекет тізгінінде қалу туралы шешім қабылдауына әлемдегі турбуленттілік, күрделі халықаралық жағдай мен ел қауіпсіздігіне төнген сын-қатерлер негізгі сылтау болуы ғана қалып тұр. Басқаша айтқанда, ол кетуі де мүмкін, қалуы да мүмкін. Осылайша, оның орнына дәмелі болып жүргендердің бәріне "Түзу тұрыңдар да, бастарыңды қылтитпаңдар" деген ашық белгі жолдап отыр, – дейді Дубнов.
Саясаттанушы Асқар Нұрша да бұл жағдайға билік элитасының ішкі психологиясы тұрғысынан қарайды. Оның сөзінше, 2029 жыл жақындаған сайын Ақорда төңірегіндегі саяси элиталар арасында болашақ билік үшін астыртын бәсеке күшейе бастаған. Сондықтан бұл шешім президентті мерзімінен бұрын әлсіз басшыға айналдырмай, стартта тұрған саяси топтардың аптығын басу үшін жасалды дейді.
–Тоқаев тағы бір мерзімге қалса, қасірет орнамайды. Бірақ мәселе басқада. Әңгіме оның президенттікке енді қайта түспеймін деген жеке уәдесінде болып тұр. Мұны ел ішінде де, Батыста да жақсы біледі. Сондықтан ендігі сөз оның саясаткер ретіндегі жеке беделі мен екінші Назарбаевқа айналмауы туралы болып отыр. Менің болжамымша, қоғамды да, саяси додаға ерте қосылып кеткендерді де сабырға шақырып, жағдайдың қызуын басу және президентті мерзімінен бұрын "ақсақ үйрекке" айналдырмау үшін осындай шешім қабылданған, – дейді саясаттанушы.
Саясаттанушы, Берлиндегі Карнеги орталығының қызметкері Екатерина Шульман Конституциялық соттың нормативтік қаулысын нағыз автократияның белгісі деп бағалады. Ол мұны 2020 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің президент мерзімін нөлге түсіріп алғанымен салыстыра сипаттайды.
– Президент Тоқаев "бір ғана 7 жылдық президенттік мерзім болады" деп уәде берген еді. Солай болады да. Бірақ тек келесі жолы ғана. Бұл, әрине, әзірге тек теориялық болжам сияқты естіледі. Аяқ астынан президент Тоқаев Конституциялық сот өзіне қалдырған сол мүмкіндікті пайдаланбайтын болған жағдайда. Әрине, оқиғаның дәл осылай өрбитінін елестету бізге қиын. Бірақ "физикалық тұрғыдан мүмкін нәрсенің бәрі саяси тұрғыдан да мүмкін" дегендей, шынымен, солай болса, бұл өз халқының игілігін ойлайтын мемлекет қайраткерінің дана қадамы болар еді. Тағы да қайталаймын: мұндай сценарийдің жүзеге асуын біз өте екіталай деп санаймыз. Бірақ кәсіби адалдығымызға сай, мұндай мүмкіндіктің бар екенін айтпай кете алмаймыз, – деді ол.
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаев Қазақстанның қазіргі жағдайын 2023 жыл президент мерзімі нөлден басталған Өзбекстан мысалымен түсіндіреді.
– Бұл жүйенің барлығына ортақ нәрсе – мықты саяи институттардың жоқтығы және жария саясаттың жойылғандығы. Берік саяси іргетас жоқ. Бұл – батпақтың үстіне салынған зәулім ғимарат сияқты. Есесіне ішкі кулуардағы ойындар өршіп тұр, ал олар жүйені, әсіресе, шешім қабылдайтын негізгі тұлға кеткен жағдайда үнемі тепе-теңдіктен шығарып жіберу қаупін тудырады, – деп жазды саясаттанушы Facebook желісінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтан 2019 жылғы 20 наурызда қабылдап алды. Содан бері ол екі рет кезектен тыс сайлауда жеңіске жетіп, елді 7 жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатыр. 2022 жылғы Қаңтар көтерілісі кезінде Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кетті де, саяси билік біржолата Тоқаевтың қолына өткен.