Армения Еуропа одағына кіруге ресми түрде өтініш беру процесін бастайды. Бұл туралы 24 тамызда Армения премьер-министрі Никол Пашинян парламентте мәлімдеді.
Биыл мамырда Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан Армения ЕАЭО-дан шығу және Еуропа одағына бет бұру мәселесін референдумда шешуі керек деген.
Пашинян 24 тамыздағы парламент отырысында Армения Еуропа одағына мүше болуға ресми өтініш жіберіп, жауап алғанда әрі елдің Еуропа одағына мүше болу процесінің күнтізбесі келісілсе ғана референдум өтуі мүмкін дейді.
"Оған дейін референдум туралы айту ерте" деп мәлімдеді Армения премьері.
Бұған қоса, Пашинян Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан мүше әскери ұйым. Арменияны қатарынан шығарып тастаса "өте қатты қуанатынын" айтты.
"ҰҚШҰ-дағы жұмысымызды жандандырмаймыз деп сенімді түрде айта аламын. Ұйым бізді қатарынан шығарып тастауды талқылап жатыр. ҰҚШҰ бізді қатарынан шығарып тастаса қатты қуанар едім. Бұл бізді "шығу керек пе әлде қалу керек пе" деген диллемадан босатар еді" деді Пашинян.
Мамыр басында Арменияда Еуропа лидерлері қатысқан саммит өткеннен кейін Владимир Путин Ереванды "жағдайды ушықтырмауға" шақырып, Арменияның Еуропа одағына қосылуы немесе ЕАЭО-дан шығу мәселесі референдум арқылы шешілуі керек деген. Путин Арменияны "Украина сценариімен" де қорқытқан. Бұл оқиғаның бәрі Армениядағы парламент сайлауы қарсаңында болған еді. Сарапшылар Мәскеу Армениядағы парламент сайлауына араласып, ықпал етпек болды деген еді. Сайлау нәтижесінде Пашинянның партиясы жеңіске жетіп, ол премьер қызметінде қалған.
Армения Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде Әзербайжанмен соғысып, бұл қақтығыста Ресейден және ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған. Бірақ ҰҚШҰ тарапынан Ереванға көмек болмаған еді. Бұл жайт та Армения мен Ресейдің арасын суытты. Ресми Ереван кейінгі кезде ҰҚШҰ жиындарына қатыспады.