Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Grand Slam турнирлері қатарына енетін US Open жарысында жеңіске жетті. Қазақстандық 27 жастағы теннисшінің жеңісі жайлы әлемдік БАҚ не жазып жатыр? Шолып шықтық.
"РЫБАКИНА - ӘМБЕБАП ОЙЫНШЫ"
Британиялық ВВС сайты "Рыбакина Нью-Йорктен US Open чемпионы атағымен әрі әлемнің жаңа бірінші ракеткасы ретінде кетіп барады" деп жазды.
Қазақстан теннисшісі Нью-Йоркте өткен финалда Арина Соболенконы (Беларусь) үш сетте жеңді – 6:4, 5:7, 6:2. Осылайша Рыбакина әлемдік рейтингіде Соболенконы екінші орынға ығыстырып, бірінші орынға шықты.
ВВС басылымының теннис сарапшылар Рыбакинаның кортта мүлде эмоция көрсетпейтінін, жеңіліп жатса да, жеңсе де бірқалыпты болатынына баса назар аударған.
Мәселен британиялық экс-теннисші Аннабель Крофт ВВС радиосының эфирінде "Рыбакина кортта өте салқынқанды. Ойын кезінде мүлде эмоция көрсетпейтіні таңдай қақтырады. Рыбакина кортта құдды бір машина сияқты. Оның не ойлап жүргенін, ойында не бар екенін ешкім білмейді" деді.
Елена Рыбакина US Open финалында. 12 қыркүйек 2026 жыл.
Ал тағы бір британиялық экс-теннисші Лора Робсон Sky Sports телеарнасының эфирінде "Рыбакина – кез келген төсеніште (теннис корттары хард, грунд және шөп деп үшке бөлінеді – Азаттық.) әмбебап ойыншы. Грунт оның ойынына сәл келмейді, бірақ тез, динамикасы жоғары корттарда Рыбакинаны тоқтату қиын. Ол алда әлі де Grand Slam жарыстарын жеңетініне сенемін. Хард кортта ол доп асыруы мен доп қабылдауы мықты болса қарсылас шақ келтірмейді" дейді.
Аннабель Крофт ВВС радиосында "Рыбакинаның өкшесін басып келе жатқан қарсыластары көп. Кейде оның ойынында төмендеу болады, бірақ ең маңызды сәттерде ол мықты ойнайтынын көрсетті" деп бағалады.
Қазақстан теннишісі төрт Grand Slam жарысының үшеуінде топ жарды. Яғни, ол биыл қаңтарда Australian Open жарысын, 2022 жылы Уимблдон турнирін жеңген. Енді Парижде грунтта өтетін "Роллан Гаррос" турнирін ұту қалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Елена Рыбакина – әлемнің бірінші ракеткасы. Қазақстандық теннисші бұл жетістікке қалай жетті?Reuters агенттігі Рыбакина финалдағы ойынын "ғажап" деп бағалады.
"Ресейде туып, Қазақстан атынан жарысқа қатысатын теннисшінің ұстамдылығы Соболенконың US Open жарысында 20 жеңістен тұратын сериясын үзді. Беларусь теннисшісі Серена Уильямс және Крис Эверт сияқты US Open жарысын үш рет қатарынан жеңе алмады" деп жазды Reuters.
Америкалық агенттік 27 жастағы Рыбакинаның турнир алдында жарақат алып қалғанын еске салады. Қазақстан теннисшісі US Open турнирі алдында Цинциннатидегі жарыста аяқ жарақатына байланысты жартылай финал ойынын аяқтай алмаған еді. Осыдан соң оның US Open жарысына қатысуына қауіп төнген. Бірақ ол он күннің ішінде жарақатын емдеп, түбінде турнирдің жеңімпазы атанды.
"ТЕМІРДЕЙ МІНЕЗ"
Британиялық Guardian басылымы "Қазақстан теннисшісі екі апта бойы темірдей мінез көрсетіп, ғажап финалда басты қарсыласы Соболенконы жеңді" дейді.
Басылым Рыбакинаның бұрынғы жылдары US Open жарысында жақсы ойын көрсете алмағанын, "бірақ бұл жолы адам сенгісіз психологиялық тұрақтылықпен жеңіске жеткенін" атап өтті.
"Рыбакина сіңірін жарақаттап алып, турнир алдында бір апта жаттықпады әрі турнирге қатыспай қала ма деген күдік болды. Бұған әлемнің бірінші ракетасы атана аламын ба деген қысымды қосыңыз. Ал US Open жарысының екінші аптасында бұған дейін Grand Slam жарысын және олимпиаданы жеңген теннисшілермен ойын күтіп тұрды. Ол бұл сынақтың бәрін артқа тастады" деп жазды Guardian басылымы.
Елена Рыбакина US Open турнирінің кубогымен. 12 қыркүйек 2026 жыл.
Associated Press агенттігі "Елена Рыбакина Нью-Йоркке келіп, Арина Соболенкоға тиесілі барлық атақты әкетіп барады. Алдымен әлемнің бірінші ракеткасы атағын, енді US Open титулын алды" дейді.
AP агенттігі Рыбакина US Open жарысындағы жеңісі үшін 5,5 млн доллар ұтқанын, бұл Grand Slam тарихындағы ең үлкен ақшалай сыйлық екенін атап өткен.
"Соболенко 2,8 млн доллар ақшалай сыйақы алады, бірақ бұған оның көңілі толмады, себебі ол Рыбакинадан жеңілген сәтте ракетасын сындырып, қатты ашуланды" деп жазды AP.
Арина Соболенко жеңілістен соң ракеткасын сындырды. 12 қыркүйек 2026 жыл.
Катардың Al-Jazeera телеарнасының сайты "Рыбакина ғажап ойын көрсетіп, Арина Соболенконы титулынан айырып, тақтан түсірді" деп жазды.
Елена Рыбакина – US Open және Grand Slam жарыстарын жеңген алғашқы қазақстандық теннисші. Ол әлемдік рейтингіде бірінші орынға шыққан тұңғыш қазақстандық әрі бұл белесті бағындырған әлемдегі 30-теннисші болмақ. Рыбакина Grand Slam жарыстарынан бөлек былтыр жылдың үздік сегіз теннисшісі қатысатын WTA Finals турнирін жеңген еді. Бұл турнирдің финалында да ол Соболенкодан басым түскен.