Корея сирек металдарға, ОА корей технологиясына көз тігеді. Сеулдегі C5+1 саммитінде не талқыланды?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Корея басшысы Ли Чжэ Мён, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сардар Бердімұхамедов Сеулдегі саммитте. 16 қыркүйек 2026 жыл.

Сеулде өткен "Орталық Азия+Корея" саммитінде қандай мәселелер талқыланды? Орталық Азия басшылары Оңтүстік Корея басшысымен қандай келісімдерге келді? Саммиттің Сеул мен аймаққа пайдасы қандай?

СИРЕК МЕТАЛДАР МЕН КОРЕЯ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОСУ

16 қыркүйекте Сеулде "Орталық Азия+Корея" саммиті өтіп, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сардар Бердімұхамедов қатысты. Оңтүстік Корея басшысы Ли Чжэ Мён "Сеул декларациясын" қабылдады.

Самитте негізінен экономикалық байланыстар, сирек металл сатып алу энергетикалық ресурстар, Корея технологиясын аймақ елдеріне әкелу мәселесі талқыланды.

Ал Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен Сеул Орталық Азия елдерімен сирек металдар бойынша серіктестікті арттырады деп мәлімдеді.

Орталық Азияда уран, литий, вольфрам, молибден сынды құнды әрі сирек металдар бар. Ал Оңтүстік Корея автокөлік, аккумулятор және басқа да жоғары технологиялық өнімдер шығарады. Сеул Оңтүстік Кореядан шикізатты жай сатып алып қана қоймай, сол шикізатты Орталық Азия елдерінде өндеп, өндірісті дамытуды көздейді.

"Сеул декларациясында" Орталық Азияның пайдалы қазбалары мен энергетикалық ресурстарын Оңтүстік Кореялық технологилық мүмкіндіктерімен біріктіру қарастырылған.

Яғни, пайдалы қазбаларды шикізат күйінде Оңтүстік Кореяға экспорттамай, Сеул ұсынатын технологиямен өңдеу жоспарлаған.

"Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни, аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз" деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Тоқаев Сеулге келген сәт. 15 қыркүйек 2026 жыл.

Сеул университетінің докторанты Эмилбек Калилов бұл модель іске асса Орталық Азияда жаңа жұмыс орындары ашылып, ресурстарын тасымалдау мүмкіндіктерін арттырады деп санайды.

Ал саясаттанушы Мұхаммад Шамсуддинов Сеул Орталық Азиямен байланысты арттыру арқылы аймаққа ықпалын арттыруды, сирек минералдарға қол жеткізуді көздейді деп есептейді.

"Оңтүстік Корея халықаралық қатынаста қазір негізгі ойыншылардың бірі саналады. Бұл елдің Орталық Азияға бет бұруын Қытайдың ықпалын тежеуге талпыныс деп қарастыруға болады. Кейінгі кезде минералды ресурстар саласында Пекиннің ықпалы анық көрініп жатыр. Қытай бұл салада лидер саналады. Сирек металдар өндірісінің 90 пайызы Қытайға тиесілі. Бұл металдар экономиканың дамуы үшін өте маңызды. Ал сирек металдар қорына бай Орталық Азия қазір Оңтүстік Кореяның назарын аударып отыр. Сеул сирек металдар бойынша Қытайға тәуелді болмайтын жеткізу тізбегін қалыптастыруға тырысып жатыр" дейді сарапшы Азаттықтың Тәжік қызметіне.

ҚАЗАҚСТАН МЕН КОРЕЯНЫҢ КЕЛІСІМДЕРІ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге сапары барысында Қазақстан мұнайын Оңтүстік Кореяға жеткізу бойынша келісімге қол қойды. Бұған қоса, Сеул мен Астана атом энергетикасы саласындағы байланысты дамытпаққа келісті.

Ресей мен Қытайға атом станциясын салғызатын Қазақстан енді Оңтүстік Кореяның шағын модульді реакторларына қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі Астана Сеул жасаған реактор жобаларын зерттейді, себебі елдің атом саласын дамыту стратегиясына шағын реакторды пайдалануды талдау да кіреді.

"Корея Республикасы – атом энергетикасы саласы бойынша жетекші елдердің бірі. Кореялық компаниялар мен ғылыми ұйымдар қазіргі кезде болашағы бар шағын модульді реакторларды әзірлеп жатыр, Қазақстан оны зерттеуге ынта білдіріп отыр" деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Астана Оңтүстік Кореяның шағын реакторларына қызығушылық танытып отыр

Қазақстан, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның автоөндірісін Орталық Азияда дамытуды да ұсынды.

Қазір Астана мен Сеул құны 4 млрд доллар болатын 46 жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында – кореялық Hyundai, Kia және Samsung компанияларының өндірісі бар. Қазір Қазақстанда кореялық Hyundai, Kia көліктері танымал.

"С5+1 ФОРМАТЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ БІРІГУІНЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР"

Азаттық "Орталық Азия + Корея" саммитінің жай-жапсарын халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, PhD докторы Асылзат Қарабаевамен толығырақ талқылады.

Азаттық: Сеулде өткен С5+1 форматындағы жиын – Орталық Азия мен Оңтүстік Корея арасындағы алғашқы саммит. Кореялықтарға Орталық Азия неге маңызды және Орталық Азия үшін Оңтүстік Корея қаншалық пайдалы серіктес?

Асылзат Қарабаева, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, PhD доктор

Асылзат Қарабаева: Екі жақтың да бір-біріне пайдасы тиетін келісімдер жүргізіліп жатыр. Орталық Азия елдері Кореяға көбіне шикізат көздерінен маңызды пайда әкелетін дүние болса, Оңтүстік Корея Орталық Азияға аса жоғары технологиялар мен өнеркәсіп өнімдерін ұсына алады. Сондай-ақ адами ресурсты, яғни, кәсіби мамандарды даярлау тұрғысынан да көмектесе алады. Ең маңыздысы, бұл саммиттың басты тақырыбы – сирек кездесетін маңызды минералдар. Қазір геосаяси, геоэкономикалық жағдайлардың өзгеруіне байланысты Оңтүстік Корея сирек минералдар бойынша бір мемлекетке, мысалы, Қытайға тәуелділігін азайту үшін басқа экспорт көздерін іздеп отыр. Соның бірі – Орталық Азия елдері. Ал Орталық Азия елдерінде мұндай минералдар бар және оны жеткізетін мүмкіндігі де жеткілікті. Сондықтан бұл байланыс екі жаққа да пайдалы.

Азаттық: С5+1 форматы арқылы Орталық Азияның бес елі өзара бір топ, бір команда сияқты болып келіссөз жүргізіп жүр. Мұндай саммиттерде әр елдің жеке мүддесі де айтылады, көтеріледі. Алайда осы формат Орталық Азия елдерін өзара бір жеке экономикалық одақ ретінде бірігуге алып келуі мүмкін бе? Өйткені бұрын дамыған елдер Орталық Азия елдерін географиялық тұрғыда біріктіріп қараса, енді экономикалық жағынан да бірге қарауға көшті.

Асылзат Қарабаева: Бірден болмаса да, уақыт өте келе Орталық Азия елдері экономикалық мүдделерін ортақтастырып, осындай саммиттердің арқасында өзара экономикалық, инфрақұрылым байланыстарын артыра алады. Мысалы, теміржол, автожол салуға, сонымен қатар шығарған өнімдерін басқа елдерге – Еуропаға, Қытайға және Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы елдерге жеткізуге мүмкіндік ашылады. Яғни, шынымен де мұндай форматтар Орталық Азия елдерінің бірігу мақсатына қызмет етіп жатыр деп айта аламыз. Әрине, біз Орталық Азия елдері бір блок, бір хаб ретінде тезірек танылса дейміз, бірақ бұл жылдам жүзеге асатын дүние емес. Дегенмен қазір ақырындап сол үрдіске келе жатырмыз деп айтуға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кореялық корпорация Алатау қаласының бас жоспарын дайындауға қатыспақ