"Күйеуім ұрып жатыр" деп полиция шақырған әйел неден қайтты? Динараның жұмбақ өлімі

Марқұм Динара Мыңбаева үйлену тойында. (Сурет отбасы альбомынан алынды).

28 жастағы Динара Мыңбаева өлерінен бірер сағат бұрын полициядан көмек сұрап, қоңырау шалған. "Не болды?" деген оператор сауалына "Күйеуім ұрып жатыр" деп жауап берген. Ертесінде келіншек жұмбақ жағдайда қаза болды.

Осы қоңыраудан соң полиция келіп, күйеуін ұстап әкеткен. Бірақ үш сағаттан соң босатқан. Таңертең Динара қайтыс болады. Тергеу дерегі бойынша, оның жансыз денесін бірінші қайнысы көрген. Азаттықтың қолына түскен іс материалдарына қарағанда, таңғы он жарым шамасында оянып, жуынатын бөлмеге барғанда Динараның жансыз денесін көрген. Ол марқұм жеңгесін жерге түсіріп, жатқызған, артынша полиция мен ағасына хабарласқан. Бұл – марқұмның қайнысының тергеушіге айтқаны.

Динараның күйеуі тергеушіге сол күні екеуінің арасында жанжал болғанын айтқан. "Жанжал кезінде бірінші Динара мені ұрды, сосын ашуланып, мен де оны ұрдым" деген. Осыдан кейін Динара полиция шақырып, күйеуін бөлімшеге алып кеткен. Ол полицияда 3–4 сағат болып, босатылған соң досының үйіне кеткенін айтқан. Ертеңіне түске қарай бауыры хабарласып, Динараның өзіне қол салғанын айтқан. Күйеуі үйге келгенде Динараға алғашқы көмек көрсетуге тырыстым дейді. Бұл – тергеу құжаттарында жазылған ақпарат.

ТЕРГЕУДЕГІ СӘЙКЕССІЗДІК

Тергеудегі жауаптарда сәйкессіздік бар. Марқұмның күйеуі "інім болған жағдай туралы он екі шамасында хабарласып айтты" деген. Бірақ көршісі оны 10:30-дарда пәтерден көргенін айтқан. "Күйеуі әйелі Динараның жүрегіне массаж жасап, көмектесіп жатты" дейді көршісі. Марқұмның қайнысы да ағама он жарымдарда хабарластым деген.

Динараның туыстары іс біржақты тергелді деп есептейді. Олар әйел өзіне қол жұмсады дегенге де күмәнмен қарайды. Жанжалдасып жатқан күні Динара анасына хабарласып, күйеуінен таяқ жегенін, ажырасқысы келетінін айтқан. Анасы ертең барып, алып кетемін деген.

Динара Мыңбаева (отбасы архивінен)

Сіңлісі Әсел Тұрдықұлова марқұм Динара өзіне қол салатындай "психикасы әлсіз адам емес еді" дейді: "Осы уақытқа дейін қиындық көрді ғой, өлем десе сол кезде-ақ өлетін еді, оны бұрын да бірнеше рет ұрған екен, шыдап жүрген. Өлгісі келген адам "ажырасамын, кетемін" деп айтпайды, оған ештеңе қызық болмайды. Оның үстіне ол 102-ге хабарласып, полиция қызметкерлерінен көмек сұрап отыр", – деді ол Азаттыққа.

Сүйекке түскен адамдар да тергеуде жауап берген. Құжатқа қарағанда, марқұмның туысы Динараның сол жақ беті, құлақ тұсы мен шекесінде сарғайған, көгерген іздер көрген. Әселдің айтуынша, мәйіттің денесіндегі көгерген, қызарған тұстарын адам қайтыс болғаннан кейін болатын қалыпты физиологиялық құбылыс деп сендірген. Бірақ туыстары оны ұрып, қылғындырған деп топшылайды.

ІС НЕГЕ ТОҚТАДЫ?

Жақындары Динара қайтыс болардың алдында күйеуімен арада қандай жанжал болғанынан бейхабар. "Күйеу бала Динара қайтқалы келген жоқ, хабарлассақ алмайды, жазсақ жауап бермейді" дейді туыстары. Азаттық марқұмның күйеуіне жазып та, хабарласып та көрді. Алайда Азаттық тілшісі екенін естігенде тұтқаны тастай салды, одан кейінгі қоңырауларға да, хаттарға да жауап берген жоқ.

Сот-медициналық сараптама Динараның мойны қысылып, механикалық асфиксиядан қайтыс болғанын анықтаған. Бірақ сарапшы "қандай күшпен, қандай жолмен, қандай жағдайда қысылғанын" анықтай алмаған. Тергеу сот-медицина сараптамасын екі рет жасатқан. Өйткені біріншісінде сараптамаға оқиға орнынан табылған қызыл лента қоса берілмеген. Екінші сарапшы мәйітті көрмей, суреттер мен бұған дейін жиналған материалдарға қараған. Оған оқиға орнында табылды делінетін лента берілген, бірақ қасында ілмегі болмаған. Сол үшін лента адамды көтере ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап бере алмаған. Лента мойындағы ізге сәйкес келе ме, жоқ па, оған да анық қорытынды шығара алмаған. Алайда ондай лента із қалдыруы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Динара Мыңбаева отбасымен (Сурет отбасы альбомынан алынды).

Іс Қылмыстық кодекстің "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тергеліп, биыл сәуірде тоқтатылады. Прокурор қаулысында "істі тоқтатуға Динара Мыңбаеваның өзіне қол жұмсағаны негіз болды" деп жазылған. Тергеу органы 105-бапта көрсетілген "адамды өзіне қол жұмсауға тікелей жеткізетін әрекеттер, яғни біреудің қорқытуы, қатыгездігі, жүйелі қорлағаны не басқа заңсыз әрекеті анықталмады" деп тауып, істе қылмыс құрамы жоқ деген тұжырым жасаған.

"ІС ТОЛЫҚ ЗЕРТТЕЛГЕНІН ҚАЛАЙМЫЗ"

Істі тоқтату туралы қаулыда Динара күйеуінен бірнеше рет таяқ жегені де жазылған. Бұл деректі бірнеше куәгер растаған. Бірақ мұны тергеу органы қайғылы жайтқа қатысы бар себеп-салдар деп таппаған.

Әсел Тұрдықұлованың айтуынша, қорғаушы бұл іс туралы ел-жұртқа көбірек таратып, резонанс тудырудан басқа амал жоқ екенін айтқан. Осыдан кейін ғана қылмыстық іс қайта ашылған.

"Менің және отбасымның талабы – істің нақты, объективті, толық зерттелгенін қалаймыз. Бас прокуратура, ішкі істер министрлігінің қолына алуын сұраймыз. Талабымыз сол. Күйеуі мен енесінің кінәсі көп, қорлық көрсетіп келді, қол көтерді. Менің әпкем өліп отыр, күйеуі мен енесі тайраңдап жүре бермесін. Ертең басқа қызға үйленеді, басқа қыздың өмірін құртады ондайлар. Сол үшін жазасын алғанын қалаймын", – деді ол Азаттыққа.

Динара Мыңбаева балаларымен (отбасы архивінен)7

Марқұмның туыстарының шағымынан соң іс төрт айдан соң, тамыз айында қайта ашылды. Өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу бабымен екінші мәрте тергеу жүріп жатыр.

Азаттық сауалына Қарағанды облыстық тергеу басқармасы бастығының орынбасары В.В. Токарев: "Қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға, оның ішінде өзіне қол жұмсауға ықпал етуі мүмкін себептер мен жағдайларды тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы мен нәтижелері туралы өзге мәліметтерді ұсыну мүмкін емес" деп жауап берді.

Азаттық полиция мен прокуратурадан полицейлер Динараның күйеуін ұстап әкеткен соң оған қандай шара қолданылды, ол қандай негізбен үш сағаттан соң босатылды деп сұраған. Бұл сұрақты құзырлы органдар жауапсыз қалдырды. Марқұм әйелдің артында үш және бір жастағы екі баласы қалды. Олар қазір әкесінің қолында.