Қазақстан президенті Каспий теңізіндегі әскери жаттығуда қаза тапқан 14 әскери қызметкер мен аман қалған 3 сарбазды марапаттаған тұста тізімде жоқ Айнар Ахметовтың туыстары мәселе көтерді. 28 қыркүйектің таңында қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.
27 қыркүйектің кешінде Facebook желісінде Дәметкен Сүлейменова есімді азамат атышулы жаттығуда “нағашысының немересі Айнар Асхатұлы Ахметовтің де болғанын” мәлімдеп, қазір әскердегі туысына хабарласа алмай отырғанын айтты.
Бұл жазба әлеуметтік желіде тез тарап, бастапқыда айтылған 19 адам қалай 17-ге дейін азайып қалғаны талқылана бастады.
24 қыркүйек күні Каспий теңізіндегі әскери-оқу жаттығу кезінде катерден жағаға жетуі керек болған 17 сарбаздың 14-і суға батты. Үшеуі аман қалған.
Сол күні түсте болған жайт туралы хабарлама таратқан қорғаныс министрлігі “алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен" деді. Министрлік артынша "суға 17 адам түскенін, оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметкер құтқарылғанын, екеуі іздестіріліп жатқанын" хабарлады. Кейін екі сарбаздың мәйіті де табылды.
Бірақ сол күні әлеуметтік желіде катерден суға түсірілді деген 18 әскери қызметкердің тізімі тараған. Онда тірі-өлісі белгісіз деп жазылған Мағауия Ә.А. есімді сарбаз көрсетілген. Бірақ аман қалғандар мен қаза тапқандардың аты-жөні аталғанда, бұл сарбаз айтылмады.
Содан желідегі жұрт бастапқы 19 адамның қатарынан шығып қалған осы Ахметов пен Мағауия болуы мүмкін деп жатты.
Бүгін, 29 қыркүйек күні қорғаныс министрлігі осы екі сарбаз бойынша мәлімдеме жасап, жаттығу кезінде олардың жағада болғанын хабарлады.
“Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр” деді министрлік.
Бейбіт күнде 14 әскери қызметкердің қаза табуы қоғамда үлкен наразылық тудырды. Олардың басым бөлігі мерзімді әскерге шақырылған жас жігіттер. Санаулы күннен кейін үйлеріне қайтуы керек болған.
Бұл оқиғадан соң жұрт әскерде болған бұған дейінгі қайғылы жағдайларды еске алды.
Мәселен, 2015 жылы да Ақтаудағы "Орталық - 2015" оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметкер суға кетіп қаза болған еді. Сол кезде алты БТР-80 көлігі мен 52 әскери қызметкер теңізге шығып, қатты желдің салдарынан көліктер суға батып кеткен. Төрт сарбаз да опат болған. 2016 жылы күзде Ақтау гарнизон соты алты офицер мен әскери қызметкерді "жаттығу жүргізу ережесін бұзғаны үшін" 2,5 жылға дейін түрмеге кесті.
Бұдан бөлек, әскердегі әлімжеттікке көп шағым айтылады. Қорғаныс министрлігі әлімжеттіктің етек жайғанын терістеп, әскер сапындағы өлімнің себебі қызметке байланысты емес деп жүрді.
25 қыркүйек күні осы оқиғаға байланысты әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталғаны мәлім болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Министрді алмастыру қорғаныс саласындағы мәселелерді шеше ала ма?- 26 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізу туралы комиссия құрды. Келесі күні ол қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, орнына Айдос Мырзахметовті тағайындады.
- Сондай-ақ, Қазақстан президенті қаза тапқандар мен аман қалғандарға мемлекеттік марапат жариялады.
- Сол күні Тоқаев қорғаныс басшылығымен кеңес өткізіп, осы саладағы олқылықтарды мойындады.
- Қоғамда Каспий теңізіндегі оқиға қызу талқыға түскен тұста, сарбаздардың қазасы туралы өткір пікір жазған азаматтарға өзін полиция өкілі деп таныстырған адамдар қоңырау шалып, жазбаларын алып тастауды талап еткені айтылып жатыр. Әзірге құзырлы органдар бұл жайлы мәлімдеме жасамады.