"Жай ғана посты өшіре салшы, өтінемін". Каспийдегі апаттан соң сын жазғандар жазбаларын өшірген

Каспий теңізіндегі әскерилерді іздеу жұмыстары. 24 қыркүйек 2026 жыл.

Каспий теңізіндегі апаттан 14 сарбаздың қазасынан соң желіде сыни пікір жазғандардың біразы "полиция хабарласқан соң пікірлерін өшіргенін" айтып жатыр. Сарапшы мұндай әрекеттер билікке деген сенімді төмендетеді деп санайды.

"ПОСТЫ АЛЫП ТАСТАЙСЫҢ БА?"

–Алматы қаласы полиция департаментіненмін. Темірлан, сенде Threads бар ма?

–Бар.

–Қарашы, сол жерге пост шығарыпсың.

–Иә, шығардым.

–Бір кішкентай өтініш болып тұр. Сол посты алып тастайсың ба?

Бұл – Алматы тұрғыны Темірлан мен өзін полиция қызметкері деп таныстырған адамның әңгімесі. Ол Темірланнан Threads-та жариялаған жазбасын өшіруді сұраған. Темірлан жазбасында бұрынғы қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті әскери сотқа тартуды талап еткен. Полиция қызметкері пост қоғамдағы жағдайды ушықтырып, митингіге ұласуы мүмкін деп, жазбаны өшіру керегін айтқан.

–Мәселе мынада, 2022 жылғы митинг қайталанбасын дейміз. Көріп тұрсың ғой, пікірлер, репосттар өте көп тарап жатыр.

–Өзіңіз білесіз ғой, онда бірдеңе жазып отырған адамдар үшін мен жауап бере алмаймын. Мен өз азаматтық позициямды білдірдім.

–Көңіл айтатыныңды жаз, бірақ ату туралы, трибунал туралы емес

–Мен "ату керек" деп жазған жоқпын.

–Жай ғана посты өшіре салшы, өтінемін. Сенен адамша, жай ғана сұрап тұрмын.

Әңгіме барысында өзін Дастан, кейін Жасұлан деп таныстырған адам Темірланды "Масанчи 57 мекенжайына" шақырады. Бұл — Алматы полиция департаментінің ғимараты. Темірлан жазбасын өшірмейтінін айтқан. Кейін ол әңгімені желіге жариялап, полициядан қысым көріп жатқанын жазды. Бірнеше сағаттан соң үйіне полиция қызметкерлері келіп, аудионы өшіруді сұраған. Кейін Темірлан Threads-тағы жазбасы мен аудионы өшірді.

Осындай жағдайға тап болған Темірлан ғана емес. Желіде Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты билікті сынаған жазбаларын полиция хабарласып, өшіруді талап еткенін айтқандар көбейді. "Органнанмын" деп звондаған адамның көбі Алматы мен Астана қалалық полиция департаментінде істейтінін айтқан. Авторлар қысымнан қорқып, жазбасын өшірген. Азаттық екі қаланың полиция департаменттерінен азаматтарға мұндай қоңыраулар жасалған-жасалмағанын және жазбаларды өшіруді талап ету цензура емес пе деп ресми сауал жолдады. Жауап бес жұмыс күні ішінде келуге тиіс.

Your browser doesn’t support HTML5

Каспий апаты жайлы сыни пікір жазғандар постарын өшіріп тастады

Бұған қоса, Threads-те жазбасы өшірілгендер де бар. Мәселен, Райымбек Тулешов деген қолданушы әскерге шақырылу және Каспийдегі жағдайға қатысты жазбалары жойылып кеткенін жазды. Meta платформасы бұл контентті өшіру бойынша ресми өтініш келіп түсті деген хабарлама жіберген. Ал Азаттық Азия тілшісі Мәдина Қуанова Instagram және Threads аккаунттары бұғатталғанын жазды. Ол бұған "Тоқаев неге Ақтауда емес?" деген сауал тастаған жазбасы себеп болды ма деп күмән келтіреді. Себебі жазба аккаунт бұғатталғанға дейін мыңдаған лайк жинап, қатты тарап кеткен.

"ӨЗІНЕ СЕНІМСІЗ ЖҮЙЕ ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАДАН ҚАУІПТЕНЕДІ"

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға билік пен халықтың реакциясы жөнінде әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен сұхбаттастық. "Желідегі жазбаларына бола құзырлы органдардан қоңырау шалу, жазбаларды алып тастауды талап ету – өзіне сенімсіз биліктің әрекеті" дейді сарапшы.

Азаттық: Каспий теңізіндегі сарбаздардың қазасынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрін ауыстырды, қорғаныс министрлігін тексеретін комиссия құрды, марқұм сарбаздардың туыстарына барлық көмекті жасауды тапсырды және бәріне медаль, орден беруге жарлық шығарды. Сондай-ақ, қорғаныс министрлігіне жаңа министрді таныстырған жиында әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды. Биліктің оқиғаға қатысты осы және өзге де іс-шараларына қандай баға бересіз?

Серік Бейсембаев

Серік Бейсембаев: Үш-төрт күннен бері 24 қыркүйекте болған оқиғадан соң билік бір-екі күн не істерін білмей абдырап қалды. Кейін осындай нақты қадамдарға бара бастады. Қорғаныс министрінің орнынан алынуы қоғам тарапынан айтылып жатқан талаптарға, қоғамдағы шиеленіс пен наразылықтың артуына берілген жауап сияқты. Меніңше, алғашқы күндері билік қоғамнан мұндай резонанс болады деп ойлаған жоқ сияқты. Екі күннен соң билік осындай қадамдарға баруға мәжбүр болды. Бұл қадамдар, менің ойымша, қоғамның көңіл-күйіне бір рет ықпал етуі мүмкін. Бірақ жалпы елдегі саяси жүйе, мемлекеттік басқару жүйесіне қатыты сыни көзқарасты аса азайта қоймайды. Біріншіден, мұндай шешімдер дер кезінде қабылдануы керек. Екіншіден, әскери саланың реформасы жөнінде елде бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Бірақ тек осындай қайғылы жағдайдан кейін жасалған қадамдар бұл шешімнің құнын, қадірін түсіреді.

Азаттық: "Билік қоғамның сыны осындай болатынын болжай алмай қалды" дедіңіз. Жалпы елде мұндай оқиғалар болғанда желіде осындай сын қатты көбейеді, талап та күшейеді. Бұл осыған дейін талай қайталанған жайттар ғой. Билік әлеуметтік желідегі сынды болжай алмай қалды деп айтуға бола ма?

Серік Бейсембаев: Сын тек әскери басшылыққа ғана емес, жалпы саяси жүйеге айтылып жатыр. Яғни, желіде жазылған постарда әскери басшылықты орнынан алудан бөлек елдегі қалыптасқан сөз бостандығына, адам құқығына қатысты, сайлаулардағы әділетсіздік, Тоқаевтың сөзінде тұрмауы, жалпы билік пен халық арасындағы қарым-қатынасы сөз болды. Каспийдегі оқиға триггер болған сияқты. Оның әр жағында бұған дейін халықтың жиналып, қордаланып қалған наразылығы көрініс тапты. Яғни, менің ойымнша, Ақорда дәл осындай сипаттағы саяи талаптың бірден өршіп кететінін болжаған жоқ.

Әскери сала – саяси жүйенің бір ғана бөлшегі. Мәселе тек әскери саланы рефеормалауда емес, бұл – биліктегі адамдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Жұрт денсаулық, білім сияқты басқа да салаларда мұндай мәселелермен бетпе-бет келіп жүр. Сәйкесінше, бұл биліктің бүгінгі кейпіне айтылған сын болды. Меніңше, билік осыдан қорыққан сияқты.

Каспий теңізіндегі іздеу-құтқару операциясы. Маңғыстау облысы 24 қыркүйек 2026 жыл.

Азаттық: Сарбаздардың қаза тапқанын ең алдымен қорғаныс министрлігі өзі мәлімдеді және жұртты ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды. Одан кейін түрлі БАҚ, блогерлер жедел ақпарат таратты. Бұл оқиғада билік пен қоғам арасындағы коммуникация қандай болды? Осы туралы не айтасыз?

Серік Бейсембаев: Өкінішке қарай, бұған дейінгі жағдай қайталанды. Оқыс оқиға жайлы билік толық ашып айтып бере алмады. Қазірдің өзінде бірнеше күн өтті, ресми ақпараттың бәрі қысқа. Оқиға қалай болды, әскери басшылар қандай әрекеттер жасады, өлімге не себеп болды, жел қаншалықты қатты болды, әскери катер қай жерге тоқтады, барлығы қоғамға жеткізілуі керек еді. Нақты ақпарат болмағандықтан желіде түрлі-түрлі сөздер шығып жатыр. Жеткілікті ақпараттың болмауынан дақпырт тарады. Яғни, мемлекеттің ақпараттық қызметі өзінің функциясын дұрыс атқарып жатқан жоқ. Ресми ақпаратқа сенуге шақырғанымен, сол ресми ақпарат, өкінішке қарай, өз функциясын толық атқарып жатқан жоқ. Журналистер, блогерлер оқиға орнына барып, ақпаратты жедел тарата алар еді. Бірақ оларға да шектеу қойылған немесе олар қылмыстық іске тартылудан қорқып, өздерін цензуралайды. Соның салдарынан үлкен ақпараттық вакуум пайда болды. Әлі күнге дейін сол вакуум қалып отыр.

Азаттық: Цензура деп қалдыңыз, кейбір адамдар полицияның қоңырауынан кейін әлеуметтік желідегі жазбаларын өшіріп тастағанын айтып жатыр. Қоғамның реакциясына биліктің реакциясы туралы не айтасыз?

Серік Бейсембаев: Ақордада азаматтардың барынша өз пікірін білдіруіне шектеу қою, ақпараттық кеңістікке толық бақылау орнату деген ұстаным бар сияқты. Бірақ қазіргі жағдайда, әлеуметтік желі дамыған заманда бұл мүмкін емес нәрсе. Резонанс туындаған кезде адамдар өз пікірін білдіреді, наразылық танытады. Бұл – қалыпты жағдай. Ал мұндайдан қауіптенетін саяси жүйе, өкінішке қарай, өзіне сенімсіз жүйе. Адамдарға полициялардың барып не телефон шалып, жазбаңызды өшіріңіз деуі – халықпен байланыстың моральдық, заңдық шеңберден шығуы. Дәл осындай реакция билікке деген сенімді бұзып, ресми ақпараттың құнын түсіреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Каспийдегі қайғылы әскери жаттығу: 19 қалай 17-ге айналды?Министрді алмастыру қорғаныс саласындағы мәселелерді шеше ала ма?Каспийдегі әскери жаттығуда 12 сарбаз қаза тапты. 25 қыркүйек – елде аза тұту күніҚазақстан Каспийде қаза тапқан сарбаздарды аза тұтып жатыр