"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Тоқаевты "баспасөз жендеті" тізіміне қосты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауын жариялап тұр. 28 қазан 2026 жыл.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы (RSF) 2026 жылғы баспасөз бостандығына қауіп төндіретін тұлғалар мен ұйымдардың тізімін жариялады. Олардың қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей басшысы Владимир Путин және Alphabet пен Meta технологиялық компаниялары бар.

"Шекарасыз тілшілер" Тоқаевты сот процестерін журналистерге қарсы қолданатын тұлғалар санатына енгізген. Ұйымның жазуынша, Тоқаев 2019 жылы билікке келгеннен бастап елдегі ақпарат ағынын бақылауды күшейтіп, тәуелсіз журналистерге қысым жасап келеді.

Ұйым мәліметінше, Қазақстанда "жалған ақпарат тарату" айыбымен қылмыстық істер қозғау, журналистерді қорқыту және интернеттегі ақпаратты бақылау тәуелсіз медианың жұмысына кедергі келтіреді. Ұйым ҚазТАГ агенттігінің басшылары Әмір Қасенов пен Әсет Матаевтың журналистикамен айналысу құқығынан бес жылға айырылуын да атап өткен. Сондай-ақ Киевте жүрген қазақстандық белсенді әрі журналист Айдос Садықовты өлтірді деген адамдардың жазаға тартылмай отырғаныны айтылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Наталья Садықова ЕҚЫҰ-ны Садықовтың қазасын тергеуді талап етуге шақырды

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 149-орында тұр. Бір жыл бұрын бұл ел 141-орында болған. Ұйым елде тәуелсіз басылымдар азайып, интернет кеңістігіндегі бақылау күшейгенін, журналистердің ақпарат алуына шектеу қойылатынын жазады.

Билік халықаралық ұйымдардың мұндай бағалауларымен келісе бермейді. 2024 жылғы қарашада сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда сөз бостандығына қатысты мәселе жоқ деп мәлімдеген. Журналистер елдің "Шекарасыз тілшілер" рейтингінде 142-орында тұрғанын еске салғанда, ол рейтингтердің бағалау әдісі әртүрлі болатынын айтып, Қазақстанда журналистердің билікті ашық сынауына мүмкіндік бар деген уәж келтірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Балаева құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесіне реакция білдірді


Президент Тоқаев та халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сынына жауап берген. 2025 жылғы сәуірде ол "өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды" деген.

Трамп тізімге алғаш рет енді

"Шекарасыз тілшілер" АҚШ президенті Дональд Трампты саяси қысым арқылы журналистиканы билік мүддесіне қызмет еткісі келетін тұлға ретінде сипаттайды. Ұйым оның Ақ үйге оралғаннан кейін баспасөзге қарсы шабуылдарын күшейтіп, мемлекеттік мекемелердегі журналистердің жұмысын шектегенін және өзіне сын айтатын ақпарат құралдарына қарсы сот әрекеттерін қолданғанын жазады.

Ресей мен Қытай да тізімде

Қазақстанның көршілері Ресей мен Қытай да тізімнен орын алған. Ресей президенті Владимир Путин саяси қысым көрсететін тұлғалар санатына, ал Қытай коммунистік партиясы журналистерді қудалау, түрмеге қамау және ақпаратты бақылау әрекеттері үшін енгізілген. Ресейдің ақпараттық қадағалау органы Роскомнадзор да журналистерге құқықтық қысым көрсететін құрылым ретінде аталған.

Биыл тізімге жаңадан енгендердің қатарында Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси және Үндістандағы Adani Group конгломератының жетекшісі Гаутам Адани бар.

Alphabet пен Meta медианың табысына қауіп төндіреді

"Шекарасыз тілшілер" Google мен YouTube-тің иесі Alphabet және Facebook, Instagram, Threads платформаларын басқаратын Meta компанияларын журналистиканың қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіретін ұйымдар деп бағалайды.

Ұйымның есебінше, Alphabet пен Meta цифрлық жарнама нарығының басым бөлігін иеленіп, басылымдардың жарнамадан түсетін табысын азайтып отыр. Google іздеу жүйесіндегі жасанды интеллект жасаған қысқаша жауаптар да оқырманның басылым сайтына өтуін сиретуі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Шекарасыз тілшілер": Meta мен YouTube Қазақстан журналистеріне қысым жасауға жол берді

2026 жылғы тізімге барлығы 33 тұлға мен ұйым енген. "Шекарасыз тілшілер" оларды саяси қысым, журналистерге қарсы күш қолдану, құқықтық қудалау, экономикалық қысым және журналистерге сенімсіздік туғызу сияқты санаттарға бөлген. Ұйым бұл тізімді баспасөз бостандығы индексін толықтыратын, журналистердің жұмысына кедергі келтіретін нақты тұлғалар мен құрылымдарға назар аударатын жоба ретінде ұсынады.