"Әйелін қатты сабаған". Белгілі боксшының басы дауға қалды

Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов

Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов әйелін аяусыз сабаған деп айыпталып отыр. Жәбірленушінің туыстары күйеуі зайыбына қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырды десе, боксшы әйелінен қорғану үшін күш жұмсауға мәжбүр болғанын айтады. Полиция бұл отбасылық жанжал бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

"БАСЫ ЖАРЫЛЫП, ЕСІНЕН ТАНЫП ҚАЛҒАН"

Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов екі баласының анасы әйелін қатыгездікпен сабаған деген айыпқа қалды. Мұндай мәлімдемені зардап шегушінің әпкесі Threads әлеуметтік желі платформасында жасады.

Оның айтуынша, маусым айының аяғында болған оқиға кезінде денесіне ауыр жарақаттар түскен сіңілісі ауруханаға түскен.

"Көкшетау. Барынша көпке жария қылуды өтінемін. Мен жәбірленушінің әпкесі ретінде жазып отырмын. 29-30 маусым немесе 1 шілде аралығында әпкемді күйеуі, 1988 жылы туған Теміртас Берікұлы Жүсіпов қатыгездікпен сабап тастаған. Салдарынан ауыр жарақаттар алған ол ауруханаға жеткізілді. Медициналық құжаттарда асфиксия болғаны, басы жарылғаны, бұлшық еті тартылып, миында ісік бары жазылған. Ол есінен танып қалған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды", — деп жазды жәбірленушінің әпкесі.

Зардап шегушінің туысы полиция спортшыны ұстап, бірнеше сағаттан соң босатып қоя бергенін, кейін ол әйеліне қоқан-лоқы жасауды жалғастырғанын, сіңлісінің қауіпсіздігіне алаң болып отырғанын мәлімдеген.

"Ол "барлық жерде байланысым бар" деп, оны [әйелін] видеоға түсірген және оны психикалық ауру қылып көрсетіп, балаларды алып кетем деп айтқан. Айта кететін нәрсе, Теміртас Жүсіпов – кәсіби боксшы, әлем және Азия чемпионы. Мұндай дайындығы бар адам зорлық-зомбылық қолданғаны үшін ерекше жауапкершілік арқалауы керек", – деген әлеуметтік желідегі постында автор.

"ӘЙЕЛІМ МАҒАН БІРНЕШЕ РЕТ ҚОЛ ЖҰМСАҒАН"

5 шілде күні Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі болған оқиға бойынша берген түсініктемесінде ресми тергеу басталғанын растаған.

"30 маусымда Көкшетау тұрғыны отбасындағы жанжал кезінде әйеліне дене жарақатын салғаны анықталды. Оқиғаға қатысушылардың уәждерінің бәрі мұқият тексеріліп, заңды бағасын алады. Тергеу нәтижелері бойынша, кінәлі деп танылған тарап заңға сәйкес жауап береді", – деп хабарлаған полиция департаменті Zakon.kz сайтына.

Теміртас Жүсіпов Orda.kz сайтына телефонмен берген сұхбатында отбасында жанжал болғанын растаған. Ал өзінің күш қолданғанын әйелінің тура сондай іс-әрекетіне қарымта болды деп мәлімдеген.

"Ол мені бірнеше рет ұрып-соқты. Сол күні ол көзімді кілтпен шұқып алуға, қайшы жұмсауға әрекет жасады, мен шыдай алмай кетіп, оны "сабасына түсірдім". Балалар бәрін көрді және мұны растайды", – деді Теміртас Жүсіпов.

Кейінгі жылдары Қазақстанда әйелге қатыгездікпен зорлық-зомбылық жасауға байланысты резонанс туғызған бірнеше оқиға болып, қоғамның наразылығын оятқан.

Қоғамда танымал немесе әлеуметтік дәрежесі жоғары ер адамдардың әйеліне қол жұмсауы бірінші рет емес. Мысалы, былтыр сәуір айында Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаш әйелі Карина Мамашты жүйелі түрде ұрып-соққан деген айып бойынша қамауға алынды. Сол жылы шілде айында Астана соты оны алты жылға бостандығынан айырды.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда тұрмыс жағдайындағы зорлық-зомбылық мәселесі жүйелі сипат алғанын айтады. Жылдар айтылып келе жатса да, ондай іс-әрекеттерді қылмысқа жатқызып, жауапкершілікті қатаңдату тек 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы сабап өлтіргеннен кейін қоғамда наразылық күшейгеннен кейін мүмкін болды. 2024 жылы мамыр айында сот Бишібаевты кінәлі деп танып, 24 жылға бостандығынан айырды.

2024 жылдың сәуірінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтетін заң түзетулері қабылданды. Ұрып-соғу және қасақана жеңіл дене жарақатын салу іс-әрекеттері әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылды. Ұрып-соғуды қылмыстық кодекске ауыстырғанына қарамастан, адам құқығын қорғаушылар көптеген істер жеңілдетілген тәртіппен жабылып қалатынын немесе ондай әрекет жасаған адамға ескерту жасаумен шектелетінін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бишімбаев ісінен кейін әйелдер үйдегі әлімжеттікті жиі айта бастады