Қаңтардың тоғызына қараған түні Тегеран мен өзге де қалаларда жаппай наразылық білдіріп шеруге шыққан адамдардың қарасы көбейе түсті деп жазды Батыс және араб елдерінің басылымдары. Көшеде наразы адамдар мен қауіпсіздік күштері қызметкерлері арасында тағы да қақтығыстар болып, кей жерлерде әкімшілік ғимараттары өртенген.
Наразылық қырқын алып жатқан шақта билік елде интернет байланысын толық дерлік ажыратқандықтан Иранда болып жатқан оқиғалар жайлы ақпарат алу қиындай түскен.
90 миллионнан астам адам тұратын Иранда экономикадағы дағдарыс пен ұлттық валюта – риалдың қатты құнсыздануы түрткі болған жаппай наразылықтар 28 желтоқсанда Тегерандағы Үлкен базар деп аталатын негізгі сауда орталықтарының бірінен басталған: көптеген дүкен иелері экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық ретінде сауда орындарын жауып тастады.
Сарапшылар гиперинфляция жұрттың жинақ ақшасы мен табысын құнсыздандырып, орта таптың күрт кемуіне және кедейлік ауқымының кеңеюіне алып келетінін айтады.
Аятолла Қашани атындағы бульварда наразылық шеруіне шыққан адамдар. Тегеран, Иран, 8 қаңтар, 2026 жыл.
Бұл жолғы наразылықтың негізгі қозғаушы күші – көшедегі саудагерлер болды, кейін оларға студенттер мен өзге де адамдар, негізінен жастар қосылды. Тегеран, Мешхед, Исфахан және басқа қалаларда көшеге шыққан адамдар әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлағанына елдегі клерикал билік режимін айыптаған ұрандар көтерген.
АҚШ-та тұрып жатқан шахзада Реза Пехлеви Иран халқына үндеуінде билікке қарсы жұмыла қарсылық білдіруге шақырды. Осы жолғы наразылықтар кезінде Иранның шах билігі тұсындағы бұрынғы туын көтеріп жүргендер көзге түсті.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Иран билігі наразыларға күш қолданып, оқ атқанын хабарлады. АҚШ-та орналасқан құқық қорғаушы белсенділер агентігі (Human Rights Activist News Agency, HRANA) Иранда жаппай наразылық басталғалы бері кемі 34 демонстрант пен төрт қауіпсіздік қызметі өкілі қаза тауып, 2200 адам ұсталған деген ақпарат таратты. Ал норвегиялық Iran Human Rights (IHR) ұйымы дерегінше, кемінде 45 адам (сегізі - кәмелетке толмаған) адам мерт болған.
Иранның жоғары рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи жұма, 9 қаңтар күні өз жақтастарын "бірлікке" шақырып, жаппай наразылыққа шыққан адамдардың арасында АҚШ президенті Дональд Трампқа "жағынуға тырысатын басбұзарлар" бар деп мәлімдеді. Аятолла Хаменеи президент Трампқа "Иранның емес, Американың шаруаларымен айналыс" деп ақыл айтты.
Бұған дейін АҚШ президенті Трамп Ирандағы наразыларға бірнеше рет қолдау білдірген. 8 қаңтарда Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трамп Ирандағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтып, ол елдегі режимі құлауы мүмкін екенін де жоққа шығармаған.
Трамп егер Иран билігі наразыларды басып-жаншуын қоймаса, АҚШ қарсы шара қолданатын болады деп ескерткен. Ал Трамптың мәлімдемесіне орай Иран өкілдері БҰҰ-на жүгініп, заңсыз қоқан-лоқы мен елдің ішкі мәселесіне араласуды айыптауды сұрады. Бұған қоса олар аймақтағы АҚШ әскери базаларына шабуыл жасайтынын айтып, сес көрсетті.
Мұның алдында The Times басылымы барлау есебіне сүйеніп, "Иранның 86 жастағы рухани көсемі, аятолла Әли Хаменеидің елде күшейіп келе жатқан наразылықтарды билік баса алмаған жағдайға дайындаған балама жоспары бар, ол – Ресейге қашу" деп жазған еді. Трамп та өзінде осыған ұқсас ақпарат барын, Хоменеидің Ресейге немесе басқа елге кетуі мүмкін екенін айтқан.
Азаттық Иран бойынша сарапшы Қуанышбек Қариден Ирандағы қазіргі ахуал жайында сұхбат алды.
Азаттық: Human Rights Activist News Agency (HRANA) ұйымы Ирандағы толқулар 110-нан астам қала мен ауылды жерге тараған деп хабарлады. 2022 жылғы наразылықпен салыстырғанда қандай ұқсастығы немесе өзгешелігі бар? Бұл жолы шеруге кімдер шықты, олардың талабы қандай? Наразылық қанша уақытқа созылуы мүмкін?
Иран бойынша сарапшы Қуанышбек Қари
Қуанышбек Қари: Желтоқсан айының аяғында Тегеранның Үлкен базарында басталған толқулар әуелгіде елдің орталығы мен батысын шарпыды. Сол екпінмен Парсы шығанағындағы Киш аралына дейін тарады. Кейін біртіндеп елдің басқа да бөлігіне жайылды. Толқу әуелде ұлттық валюта – риалдың (халық арасында "тұман" аталады) бағамы қатты құнсыздануына қарсылықтан, тиісінше бағаның көтерілуіне наразылықтан туындады. Иранға қарсы салынған халықаралық санкциялар кесірінен болған қымбатшылық қарапайым халықтың дастарханына жеткенде, олар көшеге шығып, өз талаптарын білдіре бастады. Яғни, наразылық шеруі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтан туындады.
Дәл сол күндері наурыз айында басталатын Иран күнтізбесі бойынша 1405 жылдың бюджеті талқыланып, бекіген. Ондағы салық мөлшері де қоғам назарын бірден аударған. Ақша реформасы бекіп, үш жыл ішінде риалдың төрт нөлі қысқартылып, деноминацияны жүзеге асыру жоспарланған еді. Дәл сол сәтте ұлттық валютаның 43 пайызға дейін құнсыздануы елді көшеге алып шықты. Алайда шерудің ұраны демде саяси реңкке ие болып шыға келді. Өйткені қарапайым халық Иранның қазіргі билігі түйткілдерді шешуге қауқарсыз деп біледі.
Иранда 2009 жылғы сайлау нәтижесіне қарсы туындаған "жасыл қозғалыс" толқуынан бері бірнеше ірі бас көтеру болды. 2022 жылғы "хиджап қозғалысы" қазіргі толқудың алдындағы ірі наразылық шарасы болатын. Бұл қозғалыс үш айға созылып, басып-жанышталған. Дегенмен "хиджап көтерілісінде" қаншама адам қаза тауып, жараланса да, ирандықтар белгілі бір мөлшерде жетістікке де қол жеткізді деуге болады. Кейінгі жылдары Иран қалалалары көшелерінде әйелдер хиджапсыз жүре беретін болған. Билік ресми мекемелер мен оқу орындары болмаса, хиджап тағу жайлы бұрынғыдай қатаң талап қоя алмайтын дәрежеге жеткен. Хиджап туралы заңдар аты бар, заты жоқ "құрғақ заңға" айналып келе жатқан. Сондай жағдайда базардан басталған, әлеуметтік-экономикалық мәселеден туындаған қазіргі толқуда да ирандықтар белгілі бір нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Ол нәтиже билікті құлату талабымен сипатталады.
Ирандағы наразылықтар кезіндегі көшедегі өрт. 8 қаңтар, 2026 жыл.
Базардағы кәсіп иелерінің бас көтеруіне қазір студенттер мен қоғамның басқа да наразы топтары қосылды. Наразылыққа шығып жүрген әйелдер мен ерлердің қарасы шамамен бірдей сияқты. Әуелде әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мекендейді деген астана Тегеранның төменгі бөлігінен басталған шеру қазір дәулетті адамдар тұратын жоғары бөлікке дейін жайылғаны байқалады.
Бұған қоса, бұл жолғы шеруде елдің орталық және батыс аймақтары ерекше белсенді болды. Шағын қалалар, "шахрестан" аталатын аудан орталықтары тәрізді қалашықтарда күнделікті дерлік бас көтеру жалғасып жатыр.
Азаттық: Көп жыл санкциялар зардабын тартып, экономикасы ауыр жағдайда отырған Ирандағы бұл жолғы наразылық қандай да бір өзгеріске әкелуі мүмкін бе? Иранның өз ішінде бұған байланысты қандай ой-пікір айтылып жатыр?
Қуанышбек Қари: Жылдан жылға санкциялардың ауырлауы, Иранның халықаралық ортада оқшауланып, сауда-саттықта шектеуге ұшырауы, жұмыссыздық пен әлеуметтің мәселелердің шешілмеуі биліктің әлеуметтік саясатына сенімсіздік қалыптастырды. Сондайда Иран ислам республикасы жарияланғаннан бері өткен 47 жылға жуық уақыт ішінде экономикада өзін-өзі қамтамасыз ету ұранымен жергілікті ресурстарды есепсіз пайдалануы әлеуметтік түйткілдерге себеп болғанын айта кеткен жөн. Сондай мәселенің бірі – қарапайым күнделікті өмірге қажетті су тапшылығы. Су қоймаларының тартылуы электр энергиясын үнемдеп пайдалануға мәжбүрлеген.
Табиғи ресурстардың сарқылуының ар жағында экологиялық мәселелер туындаған. Иран қалаларында күзден көктемге дейін ауаның ластану деңгейінің жоғарылауы халықтың денсаулығына да қастық тәрізді көрінген. Қарапайым таза ауаның жетпеуі, қарапайым ауыз судың тапшылығы, көшедегі нарықтың қалтаға түсірген салмағы – осының бәрі халықты көшеге бастап шыққан себептердің бірі. Ал өз бетімен күнкөріс жасап, алыс-беріс жасайын десе, бағаның құбылуы, әсіресе базардағы кәсіп иелеріне соққы болып тиді. Ұлттық валюта бағамының алуандығы кімге пайда, кімге зарар деген сұрақ туындатты. Елде шетел валютасы ресми бағамның сыртында қара базар нарқы және басқа да бағамдармен бағаланады. Қысқасы, 4-5 бағам бекітілген. Бұл тиісінше, жемқорлыққа есік ашқан. Оны президент Масуд Пезешкиан кейінгі толқулар кезінде мойындады да.
Толқу тұтанған кезде Ирандағы қаржы реттеушісі Орталық банктің басшысы ауысты. Оған бұл қызметті бұрын да атқарып, сол кезде де сынға қалған Әбділнасыр Хеммати тағайындалды. Кейінгі аптада ұлттық валюта тағы да құнсыздана түскенде банк басшысының шетелдік валютаға жауап беретін орынбасары қызметтен кетті.
Наразылық шеруі ұлғайған шақта 1405 жылдың бюджеті қайта қаралды. Онда жалақыны біртіндеп өсіру мәселесі назарға алынды. Жан басына шаққанда субсидия пайызы да төмендетілді. Үкімет шетел валютасын 4-5 бағаммен емес, бірыңғай бағаммен бағалауға үндеп отыр. Бірақ мұның бәрі бір тұтанып кеткен толқуға әсер ете қоймады.
Үкімет басшысы болып есептелетін президент Масуд Пезешкиан кемшіліктерді мойындап, соның бәрін реттеу жауапкершілігін мойнына алып отыр. Ол шеруге сырттағы күштерді емес, үкіметтің өзін кінәлап, соққыны өзіне қабылдап отырған жайы бар. Алайда елдің жоғары рухани көшбасшысы бас көтеруге сырттағы "дұшпандар", үшінші күштер кінәлі дейтін сөзінен танбайды. Иран телерадиосы да аятолланың осы риторикасын қайталаумен келеді. Мұның өзі елде қосбилік орнағанынан хабар береді. Таяу Шығыстағы прокси күштерді қаржылай да, басқалай да қолдайтын Иранның жоғарғы билігінің әрекеті халықтың ашу-ызасын тудырып отыр. Сондайда көшелерден "Керек емес Газа, Ливан, жанымды қидым саған, Иран!" деген ұрандар да естіліп қалады.
Сондықтан бұл бас көтерудің қандай өзгеріске бастап әкелетінін тап басып айту қиын. Өйткені шеру әлі аяқталған жоқ. Шарықтау шегіне де әлі жетпеген тәрізді. Ал халықтың қарымына қарамастан құлай қоятын режим көрінбейді. Дегенмен қазір қақтығысқа ұласып жатқан шеру билік жүйесінің тізесін дірілдетіп, жүйкесіне салмақ салғаны айдан анық. Сайып келгенде, бәрі де күштік құрылымның дербес шешім қабылдауына байланысты шешілетін сияқты. Мәселен, әскер халық жағына шығатындай болса, биліктің құрығаны...
Азаттық: Әдетте Иран билігі мұндай наразылықтарға дем беріп отыр деп сыртқы күштерді айыптайтын. Бұл жолы да сондай мәлімдемелер естілді. Ал оған қоса АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне наразыларға күш қолданбау жайлы ескерту жасағаны мәлім. Осыларға халықтың реакциясы қандай, Иран қоғамы қалай қабылдап жатыр? Мұндай мәлімдемелер наразылыққа қалай әсер етуі мүмкін?
Қуанышбек Қари: АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі толқуға шыққандарды басып-жаншитын болса, оның аяғы жақсы болмайтынын ескертумен келеді. Интернет өшіріліп, елді толқу толықтай кернеген тұста аятолла Хаменеи 9 қаңтар күнгі сөзінде өздерінің берілмейтіні айтып, Батысқа дөң-айбат шеккен. Ал Франциядағы ирандық журналистер кейбір шенеуніктердің виза жасатуға тырысып жатқанын хабарлаған. Мәселен, Иран мәжілісінің төрағасы Мұхаммед Бақыр Халибоф Франция визасына тапсырыс бергендердің қатарында аталды.
Иранның жоғары рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи. Тегеран, 3 қаңтар, 2026 жыл.
Жоғары рухани көшбасшы аятолла Әли Хаменеидің де Ресейге баруы мүмкін деген жобамен қосалқы b жоспары жасалғаны туралы британдық The Times газеті жазғаны белгілі.
Иранда ұшақ қатынасы сирей бастағаны айтылады. Ал осы аптада 28 сағат ішінде Тегеранға Ресейдің бес бірдей ИЛ маркалы әскери-көлік ұшағы қонғаны хабарланған. Ресми мәлімет бойынша, осы ұшақтар Иранның Ресейде шығарылған тікұшақтарына қосалқы бөлшек жеткізген көрінеді.
Толқу барысындағы алып-қашпа мәліметтердің көптігі, қауесеттердің тарауы билік үшін жағдайдың ушыға бастағанын көрсетсе керек. Бұл қарбалас әрекеттер, арпалыс Иракта Саддам Хусейн биліктен кетер алдындағы ахуалды еске түсіреді. Иракқа АҚШ бастаған Батыс елдері әскер енгізер қарсаңда да ел астанасы Бағдатқа Ресей ұшақтары оқтын-оқтын қонып жатқан. Сол кезде Иран басылымдары Саддам Хусейннің досы, ресейлік саясаткер, осы оқиғалар тұсында Ресейдің сыртқы сауда палатасын басқарған Евгений Примаковтың бірнеше мәрте Иракқа барып, Саддам Хусейнді Ресейге баруға үгіттегенін хабарлаған. Кейінгі бір мәліметтерде ресейлік ұшақтар Саддам Хусейн архивін Мәскеуге тасымалдаған-мыс деген деректер де кездесті.
Азаттық: Наразылық кезінде Иранның шах билігі тұсындағы бұрынғы туын көтеріп жүргендер көзге түсті. Шетелде тұратын шахзада Реза Пехлеви бұл жолы да халыққа үндеу жасады. Иран қоғамына оның ықпалы бар ма? Бұрынғы билік жүйесін жаңғыртуды қолдайтындар көбейді ме?
Қуанышбек Қари: Иә, шеруде исламдық Иранның туын түсіріп, өртеп жатқандар, оның орнына арыстан бейнелеген монархиялық Иранның туын көтеріп жүргендер байқалды. Мұндайда қазіргі шерудегі ұран фольклоры да айрықша назар аудартады. "Жасасын шах, жасасын!", "Ақырғы майдан ілгері, Пехлеви, орал, кел бері!", "Реза, Реза Пехлеви! Ұлттық ұран сен тегі!" сынды бұрынғы монархияны шақырған өлеңге құрылған ұйқас ұрандар және жоғары басшы аятолла Сеид Әли Хаменеиге қарата "Биыл қан төгіледі, Сеид Әли төңкеріледі!", "Шах үйіне келеді, Заххак (Иран аңыздарындағы жылан патша, аятолланы астарлау) төңкеріледі!", "Жойылсын диктатура!", "Жоғалсын Хаменеи!" деген ұрандар көтеріліп жатыр. Осыдан 46-47 жыл бұрын "Жоғалсын шах!" деп жаппай көшеге шыққан ирандықтар қазір "Жасасын шах!" деп ұрандап жүр.
1979 жылы Ираннан қуылған Мұхаммед Риза Пехлевидің ұлы, биыл 65 жасқа толатын Реза Пехлеви анау айтқандай бесленді күрескер болмаса да, қазіргі шерудің сырттағы көсеміне айнала бастағандай. Қазір АҚШ-та тұратын ол "Біз – ұлы, байтақ елміз, Иранды қайтарамыз!" деген ұранмен елді көшеге шығуға шақырып, үндеу жасады. Ол арнайы жолдау жариялап әскерді, күштік құрылымды халық жағына шығуға үндеп отыр.
АҚШ-та тұрып жатқан шахзада Реза Пехлеви
Реза Пехлевидің әсіресе, 8-9 қаңтар күні Тегеран уақытымен 20:00-де (Астана уақытымен 22:30) ирандықтарды аятолла режиміне қарсы ұрандап шеруге шығуға шақыруы қарымды болған тәрізді. 8 қаңтардың кешінде елдің көшеге ағылып шығуы, көшеге шықпағандарының балконнан билікке қарсы ұрандауының арты толқудың ел бойынша кең жайылып, Иранды тұтас қамтуына себеп болған сияқты. Осы ұран жетегімен ел көшеге көптеп шыға бастаған соң Иран билігі интернет пен ұялы байланысты толықтай өшірді. Starlink спутник желісі арқылы байланыс бар дегенімен, оның көрінісі айқын байқалып отырған жоқ.
9 қаңтарға қараған түннен бастап Иран сыртқы әлемнен оқшаулана бастады, кейбір әуе қатынасы рейстері тоқтағаны да айтылып отыр. Ел интернеттен ажырап қалған кезде ресми ақпарат агенттіктері шахзаданың ұранынан кейін көшеге шыққандар аз болды деген сыңайда видеолар мен ақпарат таратты. Бұл мәліметке сенсек, Реза Пехлевидің ұранына ілескендер көшеге қарағанда әлеуметтік желіде көбірек белсенді болған. Ресми мәлімет көздері шахзаданың ұраны жарияланған 7 қаңтардан кейін 24 сағат ішінде әлеуметтік желілерде билікке қарсы жарты миллионнан астам пост жарияланып, 1 млрд 200-ден аса рет қаралып, 309 млн лайк басылғанын жариялады.
Иранда бұрынғы билік жүйесін қолдайтындар да, қарсылар да бар. Сондайда көшелерде "Жоғалсын зорлықшы, шах пенен бұл басшы!" деп ұрандаған аятолла басшылығын да, шах жетекшілігін де қаламайтындар қарасы аңғарылатыны бар. Дегенмен қазіргі биліктің саясатына қарсы күштерді жұмылдыратын монархиядан басқа балама күш байқалмай отырғанын айта кету керек.
Your browser doesn’t support HTML5
Иран қалай ислам республикасына айналды?
Оның үстіне, ирандықтар шах режимі тұсында діни идеологиялық қысымға ұшырамаған. Тіпті керек болса, осыдан тура 90 жыл бұрын, 1936 жылы биліктің өзі әйелдердің хиджаб киюіне қарсы болып, хиджабқа қарсы арнайы заң қабылдаған. Сонда билік өкілдері әйелдің жамылғысын күшпен, мәжбүрлеп тартып алып, отқа лақтырған кездері болған. Алайда арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде мүлде керісінше көрініске куә болып отырмыз. 1979 жылға дейінгі монархиялық Иран АҚШ-тың Таяу Шығыс аймағындағы одақтасы болған.
Азаттық: Иранның қазақтар шоғырланған аудандарындағы жағдай қандай? Иран қазақтары наразылық туралы не деп жатыр?
Қуанышбек Қари: Иран қазақтары елдің солтүстігіндегі Гүлстан провинциясын мекендейді. Бұл аймақ қазіргі толқуға кештеу үн қосты. Әдетте, Горган, Мазендаран маңайы саяси белсенділігі төмен аймақтар сияқты көрінетін. 2025 жылғы жаздағы "12 күндік соғыста" да Израиль зымырандары бұл төңіректі қатты төмпештей қоймаған. Тек әскери нысандарға зымыран түсіп, өртенгені хабарланған. Бұл жолы да Гүлстандағы әскери ғимараттың өртенгені жайлы видеолар тарады.
Осындай аймақтағы Иран қазақтары – елдегі саяси қозғалыстарда белсенділігімен танылмаған қауым. Дегенмен кейінгі бас көтеруде олардың арасында да бірен-саран адамның ұсталғаны айтылады. Билік сондайда Иран ислам республикасының туын жыртқаны үшін айып тағып отырса керек. Интернет өшіп, ұялы байланыс тоқтаған 9 қаңтарға қараған түннен бері Иранмен байланыс үзіліп, дәл қазір оқиғаның қалай дамығаны туралы мәлімет аз екенін айта кеткен лазым.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иранда "Венесуэла сценарийі" қайталануы мүмкін бе? Сарапшымен сұхбат