9 маусымда Алматы облыстық соты тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының белсенділері мен олардың жақтастарының ісі бойынша аппеляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот шығарған үкімді күшінде қалдырды. Шағым берген сотталушылар тарабы бұған қарсылық білдірді.
– Бірінші сатыдағы соттың заңсыз үкімін облыстық сот күшінде қалдырды, – деді сотталушы Нәзигүл Мақсұтхан сот шешіміне наразы екенін айтып.
– Біз әлі күресімізді жалғастырамыз. Жоғарғы орындардан, халықаралық ұйымдардан көмек сұраймыз. Біздің құқығымыз, отбасымыздың құқығы тапталып жатыр. Біз Қазақстанда өмір сүруден қалдық, – деді сотталушы Гүлнәр Шаймұрат.
Биыл 13 сәуірде Талдықорғанда жабық өткен сот процесінде судья "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айып тағылған 19 адамды кінәлі деп танып, олардың 11-ін бес жыл мерзімге бас еркіндігінен айырып, қалған сотталушылардың еркіндігін 4 жыл 8 айдан 5 жылға дейінгі мерзімге шектеген еді.
Қамау жазасын алғандар арасында "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан да бар. Ал белсенділер Гүлнәр Шаймұрат пен Гүлдария Шеризаттың (қазір Қытайда қамауда отырған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі) кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, судья олар жазасын кейін өтейді деп үкім еткен. Сейсенбі күні апелляция соты ол шешімді өзгертпеді.
2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында "Атажұрт" белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы наразылық акциясын өткізген. Олар Қытаймен визасыз режимді жоюды, Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, соның ішінде Қытайда қамауға алынған Қазақстан азаматы Әлімнұрт Тұрғанбайға бостандық беруді талап етіп, Пекиннің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатына наразылық ретінде Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген. Сол үшін кейін оларға қарсы әуелі әкімшілік іс қозғалып, кейін іс қылмыстық бапқа ауысып, сотқа жеткен. Белсенділердің туыстары бұған Қытайдың Қазақстанға жіберген наразылық нотасы себеп болды деп күдіктенеді. Осыған ұқсас уәжді "Атажұрт" белсенділеріне араша сұраған халықаралық ұйымдар да айтқан.
Пекин жүк көлігін айдайтын Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпаған деп санайды.
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары сот процесі кезінде де, үкім шыққаннан кейін де осы мәселені қозғап, істі тоқтатуға, үкімді жоюға үндеген. Олар ту және портрет өртеу сөз еркіндігі аясында қорғалатынын, акция кезінде ешкім жапа шекпегенін айтып, бұл істің артында Қытай тұруы мүмкін екенін мәлімдеген.
АҚШ Конгресі мен президент әкімшілігінің Қытай жөніндегі комиссиясы Қазақстандағы "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісін ақпандағы және мамырдағы айлық есебінде атап өткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ту өртеу акциясы қалай болған? Сотқа тартылған 19 адам кім?Қазақстан парламенті мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің мүшесі депутат Жарқынбек Амантай әркім өз призмасы, өз көзқарасы тұрғысынан пікір айтады, ал мемлекеттің өз мүддесі бар деген ой айтты Азаттық сұрағына берген жауабында.
– Біздің мемлекеттің заңы бар және мемлекеттің мүддесі бар. Сондықтан біздің елдің ішінде болып жатқан кез келген өзгеріске, халықаралық ұйым екен деп, олардың пікірі өлшем баға деп қарауға келмейді. Елімізде де адам құқықтарына байланысты үлкен ұйымдар бар, белсенділер бар, сондықтан азаматтардың құқықтарының жан-жақты сақталуына, өзін өзі қорғауына жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған.
– Бұл іс араздық қоздыру бабымен қозғалғаны белгілі. Қытай басшысының портреті мен туын өртеуді араздық қоздыру деп ойлайсыз ба?
– Елімізде ұлттық немесе нәсілдік, діни наным-сенімге қатысты қылмыстар, құқық бұзушылықтар қатаң жолы кесілетінін білесіз, бұған жол берілмейді.
– Ауыр жаза емес пе сіздіңше?
– Сот шешіміне баға бере алмаймын. Біз, қоғам ауыр немесе жеңіл болды деп айта беруіміз мүмкін, бірақ негізгі істің астарындағы дүниені құқық қорғау органдары, тергеушілер көріп отыр.
– Қытай Астанаға жолдаған нота істің жазасына әсер етті деп ойлайсыз ба?
– Жазасына әсер етуі мүмкін емес, ол екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа көлеңкесін түсіруі мүмкін. Қазір әлемдегі геосаяси жағдайдың қандай күрделі екенін білеміз.Біз мемлекеттің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, халықаралық қарым-қатынастарға зиян келтіретін қадамдарға барар кезде он ойланып, тоғыз толғануымыз керек, – депутат Жарқынбек Амантай Азаттыққа.