Тегеран Вашингтонның 15 тармақтан тұратын бітім жоспарын қабылдамаған сыңайлы. Бұл жоспар ақпанның аяғында АҚШ пен Израильдің Иранға жойқын соққы жасауынан басталып, әлемдік энергетика нарығын тұрақсыздандырған соғысты аяқтауға арналған.
АҚШ жоспарының толық мазмұны әлі жариялана қойған жоқ. Бірақ ұсыныстардың көбі 28 ақпанда басталған соғысқа дейін-ақ айтылып жүрген.
Иран билігі 25 наурыз күні мемлекеттік телеарна арқылы мәлімдеме жасап, АҚШ шамадан тыс шарт қойғанын, Тегеран соғысты өз талабы орындалған кезде және өзі қалаған уақытта ғана тоқтататынын айтты.
Ақ үй құжатындағы жаңа талап – Ормуз бұғазын ашу. Мұнай мен газдың әлемдік тасымалында маңызды рөл атқаратын бұл бұғазды Иран соғыс басталғалы бұғаттап тастаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен келіссөз жақсы өтіп жатыр деп мәлімдесе, Иран өкілдері ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ деді. Екі жақпен жақсы қарым-қатынас орнатқан Пәкістан келіссөз алаңы болуға ұсыныс білдірген.
Ирак астанасы - Бағдат көшесіне ілінген билбордта Иранның қаза тапқан рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің суреті ілінген. 25 наурыз 2026 жыл.
АҚШ ТАЛАБЫ
АҚШ жоспарындағы ең маңызды талап – Иранның ядролық қарудан бас тартуы. Бұл талапты Трамп бұған дейін бірталай мәрте айтқан. Осы жолы ол Иран оған келісті деді.
"Олар келісім жасасқысы келеді" деді Трамп Ақ үйде 24 наурыздың кешінде. "Олар ешқашан ядролық қару ұстамауға келісті".
АҚШ президенті Дональд Трамп Флорида әуежайында Air Force One ұшағына мінерден бұрын журналистер сұрағына жауап беріп тұр. 23 наурыз 2026 жыл.
АҚШ пен оның одақтастары, атап айтқанда Израиль мен Еуропаның ірі елдері Иранда ядролық қару пайда болу мүмкіндігін қауіп көріп, бірталай жыл алаңдаушылық білдіріп келді. Иран мұндай ниеті барын әрдайым жоққа шығарып жүрді.
Тіпті мұндай жоспар бар болған күннің өзінде Иранның қазіргі жағдайы күрделірек. АҚШ пен Израиль кейінгі жылда осымен Иранға екінші рет ауыр әскери соққы жасап отыр. Біріншісі былтыр маусымда болған. Екіншісінде Иранның жоғарғы рухани көсемі қаза тауып, оның орнын ұлы Мұжтаба Хаменеи басты. 8 наурызда ресми түрде тағайындалғаны мәлімделген кіші Хаменеи содан бері әлі жұрт алдына шыққан жоқ. Оның ұстанымы қандай екені де жұмбақ болып қалып отыр.
Сондай-ақ Тегеранда нақты шешімді кім қабылдап отырғаны да белгісіз. Әуе шабуылдары салдарынан көптеген жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапқандықтан, шенеуніктердің өзара байланысы да қиындаған болуы мүмкін.
"Мәселе – биліктің бытыраңқылығында. Үкімет ішінде радикалды топтар бар. Оған Ислам революциясы сақшылары корпусын мысал етуге болады. Олар бейбіт келіссөзге барғысы келетін шенеуніктердің көзін жоюы мүмкін" дейді America First Policy Institute ұйымы төрағасының орынбасары Фредерик Флейц.
15 тармақтан тұратын жоспарда атысты бір айға тоқтату мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ, АҚШ Ираннан ядролық нысандарын жоюды, байытылған уран қорын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) беруді және алда уран байытудан бас тартуды талап етіп отыр.
Бұдан бөлек, Иранның зымыран бағдарламасын шектеу және "Хезболла" сияқты аймақтық қарулы топтарды қолдауды тоқтату да талап етіледі. Вашингтон "Хезболланы" террор ұйымы деп таныған.
Бұл талаптардың көбі соғысқа дейін де айтылып жүр. Алайда Ормуз бұғазын ашу және Иранның Парсы шығанағы аумағындағы энергетика нысандарына шабуылдарын тоқтату – 28 ақпанда басталған соғыс кезінде пайда болған талап.
Егер Тегеран бұған келіссе, АҚШ Иранға қойылған санкцияларды алып тастап, азаматтық атом энергиясы бағдарламасын іске асыруға көмектеспек.
"АҚШ ұсыныстарының ауқымы үлкен: Иранның мәмілеге келуінің өтемі ретінде санкциялық жеңілдіктер берілмек" деді Азаттыққа "Халықаралық дағдарыс тобы" ұйымының Иран жөніндегі сарапшысы Найсан Рафати.
"Бірақ өткенге қарайтын болсақ, жоспардың жүзеге асуы Иранның бұрыннан бері өз "қызыл сызығы" санап келген мәселелерде қысым астында жол беруіне байланысты. Ядролық бағдарламаға келсек, Иран уранды байытуға құқығы барын айтып келеді... Бұл ел сондай-ақ зымыран бағдарламасы жөнінде келіссөз жүргізуден де бас тартқан" дейді Рафати.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ормуз бұғазында не болып жатыр? Қазақстан мұнай тасымалын арттыра ала ма?ИРАН ҰСТАНЫМЫ
Иран шенеуніктері ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ деп айтумен шектелмей, АҚШ мәлімдемелерін келеке етті. Мәселен, Иран қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Ибраһим Зұлпықар Трамп әкімшілігі "өз-өзімен келіссөз жүргізіп жатыр" деді.
"Біз сияқтылардың ешқайсысы сендермен қазір де, алда да келісім жасамайды" деді ол 25 наурызда.
Соғысты аяқтау мәселесінде Иранның да өз талаптары бар және олар АҚШ ұстанымына қарама-қайшы. Мәселен, Тегеран Ормуз бұғазы Иранның бақылауында екені, ол жерден өтетін кемелерден жолақы талап етуге және зымыран бағдарламасына шектеусіз іске асыруға құқылы екені мойындалғанын қалайды.
Иранның жаңа рухани көсемі Можтаба Хаменеи бұл қызметке тағайындалғалы жұрт алдына шыққан жоқ. Бұл – 2016 жылғы наурызда түсірілген суреті.
Иран талаптары да АҚШ-тың "қызыл сызығынан" өтіп отыр. Тегеранның айтуынша, АҚШ Парсы шығанағындағы әскери базаларын жауып, соғыс шығындарын өтеуі керек және Иранға ендігәрі шабуылдамауға кепілдік беруі қажет.
"Әзірге экономикалық жеңілдік туралы уәде мен тоқтаусыз атқылау ауыртпалығы Иранды Вашингтон күткен мәмілеге итермелей қоймас" дейді Рафати. "Режим өзін АҚШ шартына көнетіндей шарасыз күйде көріп отырған жоқ".
Флейцтің пікірі ұсыған ұқсас.
"Ең үлкен қиындық – Иранды қандай мәселе болмасын келіссөзге көндіру. Меніңше, қазір біз оларды келіссөз үстеліне отырғызу кезеңінде тұрмыз. Бастапқы мәселелерді шешуде белгілі бер алға жылжу бар. Бірақ қазір Иран өкілінің АҚШ-пен немесе арағайындармен келіссөз үстеліне отырғаны керек" дейді ол.
Осы тұста 25 наурыз күні екі жақ та әуе шабуылдарын іске асырды.
Иранның жартылай мемлекеттік SNN ақпарат агенттігі Тегерандағы тұрғын үйге соққы жасалғанын, құтқарушылар қирандылар арасында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
Кувейт пен Сауд Арабиясы дрондарды қағып түсіргенін хабарласа, Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусы Израильге және АҚШ-тың Кувейт, Йордания және Бахрейндегі базаларына соққы жасағанын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ормуздың ізінен Қызыл теңіз бұғатқа ұшырай ма? Ирандағы соғыс және Йемендегі хуситтер