АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының екі партиядан сайланған 20 мүшесі президент Дональд Трампқа Ресей президенті Владимир Путинді биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырудан бас тартуға үндеп хат жолдады.
Бұл бастамаға республикашыл конгрессмен Дон Бэйкон және демократтар Пэт Райан мен Гил Сиснерос мұрындық болды. Конгрессмендер Путинді саммитке шақырмауға себеп ретінде Украинадағы соғысты, сондай-ақ Иран 12 америкалық сарбазды жаралаған шабуылына Ресей берген барлау деректерін пайдаланған болуы мүмкін деген хабарларды алға тартып отыр, деп хабарлады Азаттықтың Вашингтондағы тілшісі Алекс Рауфоглу.
Конгрессмен Бэйкон журналист Рауфоглудың жазбасын әлеуметтік желіде бөлісіп, "Америкада Путинге ешкім қуана қоймайды" деп жазған.
АҚШ конгрессмендері президент Трампқа үндеуінде:
"Біз биыл желтоқсан айында Майамиде өтуі тиіс "Жиырмалық тобы" (G20) саммитіне Владимир Путинді шақыруыңызға байланысты кәдімгідей алаңдайтынымызды білдіріп осыны жазып отырмыз, және де сізді ол шақыруыңызды дереу қайтарып алуға табандылықпен шақырамыз. Ресей төрт жылдан астам уақыт бұрын Украинаға себепсіз әрі ақтауға келмейтін басқыншылық жасаған болса, енді оның Иранға спутник суреттері мен тиісті барлау деректерін бергені, туралы алаңдатарлық мәліметтер жетіп отыр. Ол деректер Иранның америкалық күштерге, соның ішінде наурыздың аяғында Сауд Арабиясындағы Сұлтан ханзада әуе базасына жасаған шабуылына септескен болуы мүмкін. Хабарларға қарағанда, сол шабуыл салдарынан он екі америкалық әскери қызметші жараланып, алыстан радиолокациялық бақылау және басқару жүргізетін ұшақ (AWACS) жойылған...
Қазір әділетсіз соғысты тоқтату мәселесін талқылауды қоспағанда, мейлі G20 саммиті аясында болсын, мейлі кез келген басқа алаңда болсын, Ресеймен экономикалық ынтымақтастық орнататын немесе пікірталас өткізетін уақыт емес. Біз Ресейдің америкалық әскери қызметшілер де, Украина халқы да зардабын тартып отырған сұмдық әрекеттері үшін жауап беруіне қол жеткізуге әрекет жасауды одан әрі жалғастыруымыз керек", – деп жазған.
Бұған дейін, қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио президент Трамп Путинге биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 қатысуға шақырту жібергенін хабарлаған.
Сонымен қатар, үш еуропалық шенеунік Азаттық радиосына оңаша әңгімеде Ресей басшысының мұндай шақыруды қабыл алатынына Рубионың күмән келтіргенін айтқан еді.