Accessibility links

Рубио Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келісім жақын арада жасалады дегенге күмән келтіреді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. 31 қазан 2026 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. 31 қазан 2026 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украинадағы соғысты келіссөз арқылы жақын арада аяқтау мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Еуропа шенеуніктері Азаттық радиосына берген сұхбатында АҚШ-тың бас дипломаты Ресей президенті Владимир Путиннің желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысатынына да күмән келтірді.

Аты-жөнін атамаған еуропалық шенеуніктердің сөзінше, Рубио 31 қазанда аяқталған Атлантадағы G20 елдері сыртқы істер министрлерінің екі күндік кездесуі кезінде Батыс елдеріндегі әріптестерімен әңгімеде алдағы айларда бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне күмән келтірген.

Рубио кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында да ол жөнінде сақтықпен айтты. Азаттық радиосының тілшісі "Мәскеудің ұстанымы өзгермеген жағдайда келіссөз арқылы бітімге келуге бола ма?" деп сұрағанда, "Вашингтон әлі де келісімге қол жеткізуге бола ма, соны анықтап жатқанын" айтты.

«Украинада келіссөз арқылы бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін бе, білмеймін. Қазір соны анықтауға тырысып жатырмыз. Мұнда ешкім келісім жасасуға аз қалдық деп отырған жоқ» деді Рубио.

Оның айтуынша, президент Дональд Трамптың өкілдері, соның ішінде Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф Украина және Иран мәселелеріне көп уақыт бөліп жүр.

Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер. Мәскеу, 5 қыркүйек 2026 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер. Мәскеу, 5 қыркүйек 2026 жыл.

Дегенмен ол түптің түбінде келісім жасалады деген үміті барын да айтты. Оның сөзінше, Атлантадағы G20 кездесуі кезінде Украинадағы соғысқа қатысты келіссөз талқыланбады.

Путиннің Майамиге шақырылуы

Рубио "Путин желтоқсанда Флоридадағы Трампқа тиесілі Дорал курортында өтетін саммитке қатысуы мүмкін бе?" деген сұраққа да нақты жауап бермеді.

«Президент Путиннің Майамиге келетін-келмейтінін де білмеймін. Олар бұл туралы әлі хабарлаған жоқ әрі қатысатынын растаған жоқ» деді ол.

Еуропадағы үш шенеунік Азаттық радиосына айтуынша, Рубио жабық кездесулерде Ресей басшысының шақыруды қабылдайтынына күмән келтірген.

Олардың сөзінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты Атлантадағы кездесуге шақыру және Путинге саммитке қатысу жөнінде ұсыныс жасау шешімі дұрыс қадам болғанын айтқан. Оның пайымдауынша, келісімге қол жеткізу үшін дипломатиялық байланыс қажет.

«Ресеймен де, Украинамен де сөйлесу мүмкіндігі болмаса, екі елді келіссөз арқылы қалай бітістіруге болады?» деді Рубио кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

G20 сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында сұрақтарға жауап беріп тұрған Марко Рубио. Атланта, 31 қазан 2026 жыл.
G20 сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында сұрақтарға жауап беріп тұрған Марко Рубио. Атланта, 31 қазан 2026 жыл.

Оның айтуынша, Трамп шетел басшысын шақыру немесе кездесу оның барлық әрекетін қолдау немесе ұстанымымен келісу дегенді білдірмейді.

Рубио Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланысты сақтаудың тағы бір себебі ретінде Ресейдің ядролық арсеналын атады. Оның пікірінше, екі ел арасындағы қарым-қатынас үзілмеуі керек.

«Болашақта жағдайдың ушығу қаупін ескерсек, АҚШ пен Ресейдің қандай да бір деңгейде байланыста болғаны әрдайым маңызды» деді ол.

Рубио Атлантада Лавровпен ресми кездесу өткізбегенін айтты. Екеуі алдағы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) жиынында екі ел басшыларының кездесуі мүмкін екенін қысқаша талқылаған. Алайда G20 саммитіне қатысты нақты келісім жасалмаған.

Еуропа шенеуніктерінің айтуынша, Рубио жабық кездесулерде Украинаны НАТО-ға қосу мәселесі туралы да пікір білдірген. Ол мұны жақын болашақта жүзеге асыру мүмкін емес әрі Путин үшін қабылдауға келмейтін мәселе ретінде сипаттаған.

Бұған қоса, Рубио Ресей Донбастың бүкіл аумағын басып алған күннің өзінде, бұл Кремльдің территориялық амбициясын қанағаттандырмайтынын ескерткен.

АҚШ мемлекеттік департаменті әзірге түсініктеме бермеді.

Қара теңіздегі атысты тоқтату бастамасы

Рубио бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты ашық оптимизм танытпағанымен, Вашингтон нақты бір бағытта — Қара теңіздегі атысты тоқтатуға қатысты келісімге қол жеткізетіндігіне үміттеніп отыр.

Атлантадағы келіссөз кезінде Еуропа елдерінің өкілдері Мәскеуді стратегиялық маңызы бар Қара теңіздегі кеме қатынасына қауіп төндіретін шабуылдарды тоқтатуға шақырған. Бұл бағыт Украина ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда маңызды рөл атқарады.

Рубионың айтуынша, астық пен отын тасымалының бұзылуы, әсіресе азық-түлік импортына тәуелді елдерге қиын соғып отыр.

«Бұл әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне, сондай-ақ кейбір елдердің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деді ол.

Бұл мәселені Украина президенті Владимир Зеленский де 31 қазанда Стамбұлда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесу кезінде қозғады. Зеленский Анкараға Украинаның егемендігін қолдағаны және Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салғаны үшін алғыс айтты.

Украина басшысы Владимир Зеленский және Түркия басшысы Режеп Ердоған қол алысып тұр. Cәуір 2026 жыл.
Украина басшысы Владимир Зеленский және Түркия басшысы Режеп Ердоған қол алысып тұр. Cәуір 2026 жыл.

Еуропа елдері Лавровтың мәлімдемелеріне қарсы шықты

Атлантадағы кездесу Мәскеу мен Еуропа үкіметтері арасындағы терең қайшылықты көрсетті. Лавровтың жиынға қатысуына наразылық білдірген бірнеше делегация G20-ның дәстүрлі отбасылық суретіне түсуден бас тартты. Соның салдарынан ортақ фотосурет түсіру рәсімі өтпей қалды.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас талқылау кезінде Лавров соғыс туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтер таратты деп айыптады.

Каллас журналистерге Ресейдің Украинаға шабуылды үдетіп жатқанын алға тартып, Мәскеу бейбіт келіссөзге дайын еместей көрінді деді.

Ал Лавров Еуропаның әрекетін «менмендікке толы бойкот» деп сынап, Трамп әкімшілігінің Мәскеумен диалог жүргізуге дайын екенін құптады.

Рубио АҚШ дипломатиялық шешімді іздеу жолдарын жалғастыратынын айтып, соғыстың екі елге де орасан зор зиян келтіріп жатқанын атап өтті.

Ол Ресейдің Украина энергетикалық инфрақұрылымына жасаған шабуылдарын, бейбіт тұрғындар арасындағы адам шығыны артуын және Ресей әскерінің ауыр шығынын атады. Рубионың бағалауынша, Ресей ай сайын шамамен 20 мың сарбазынан айырылып жатыр.

«Бұл — адам шығыны көп әрі жойқын соғыс» деді Рубио. Оның айтуынша, соғыс созылған сайын Украинаны қалпына келтіру қиындай түседі.

Вашингтонның басты мақсаты — екі тараппен де байланысын пайдаланып, қақтығысты тоқтатуға ықпал ету мүмкіндігін анықтау, деді ол.

Екі күнге созылған министрлер кездесуінде қорытынды құжат қабылданған жоқ. Украина, Таяу Шығыс, сауда және теңіз қауіпсіздігі мәселелеріндегі келіспеушіліктер әлемдегі ең ірі экономиканың ортақ мәмілеге келуіне кедергі болды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG