"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы ақылы жолдардан ондаған миллиард теңге пайда тапқан, бірақ елдегі жолдардың сапасы "сын көтермейді". Ал утилизация алымынан түскен 1,5 трлн теңге "тиісті мақсатына сай жұмсалмай келеді". Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы бюджеттің атқарылуын бағалау туралы 15 шілдедегі есебі осылай дейді. Мәліметті құзырлы органның қорытындысына сүйеніп BES.media сайты жариялады.
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, республикалық автожолдардың құрылысы мен жөндеуіне жауапты "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының есепшотына 2021-2025 жылдар аралығында 2,6 триллион теңге қаражат құйылған. Оның ішінде 930,5 млрд теңге – несие, 574,4 млрд теңге – бюджет қаржысы, 611,2 млрд теңге – мемлекеттік тендер және 223,1 млрд теңге – ақылы жолдардан түскен табыс.
Ақылы жолдарда қаражат негізінен жүк көліктерінен мол жиналады. Бес жылдағы түсімнің 186,2 млрд теңгесі, яғни 83,5 пайызы осы ауыр техникаларға тиесілі. Жеңіл көлік жүргізушілері "ҚазАвтоЖол" қазынасына 36,9 млрд теңге аударған.
Аудит жасаған мекеме "ҚазАвтоЖол" компаниясы жүйелі түрде мақсатын орындамағанын анықтаған. Мәселен, елде бірінші және екінші санаттағы жолдардың үлесі 55 пайызға жетуге тиіс еді, қазір көрсеткіш небары 38,5 пайызға тең. Ақылы жолдардың 30,8 пайызы күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарланғанымен, 21,4 пайызында ғана жұмыс жүргізілген. Жөндеуге қажетті техникалар да жеткілікті шамада сатып алынбаған. Нақты айтсақ, жолды күтіп ұстайтын мекемелер техникамен жоспардағыдай 90 пайыз қамтылмаған, көрсеткіш тек 42 пайызға жетеді.
Утилизация алымын жинайтын мемлекеттік оператор – "Жасыл даму" компаниясы да аудиторлардың қатаң сынына ұшырады. Жарияланған дерекке қарағанда, оператордың өзінде техника импорттайындар мен техника өндіретіндердің толық тізімі жоқ. Аудиторлар базаны тексеріп, сырттан келген техника мен іс жүзінде төленген ақшаны салыстырғанда, үлкен айырмашылықты байқаған. Палата, мөлшермен, 300 млрд теңге бюджетке түспей қалуы мүмкін деп жорамалдайды.
Ақпаратқа сүйенсек, "Жасыл даму" компаниясының 2021-2025 жылдардағы кірісі – 1,5 триллион теңге. Оның 1,1 триллионы тікелей утилалымнан түскен. Бұл қаражат, жоспар бойынша, экологиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуға тиіс. Бірақ мамандар 2024 – 2025 жылдар арасында 52,9 млрд теңгенің жобалары орындалмағанын анықтаған.
Азаттық Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметінен есептің толық нұсқасын сұрады. Бірақ мекеме өкілі аудит қорытындысы түпкілікті пысықталып, үш айдан кейін ғана жарияланатынын жеткізді. Айтуынша, үш ай – аты аталған компанияларға өз уәжін келтіруге берілген мерзім. Жоғары аудиторлық палата мұндай есеп дайындалғанын 15 шілдеде хабарлаған. "ҚазАвтоЖол" мен "Жасыл даму" компанияларының және министрліктердің бұған жауап беруіне қазан айының ортасына дейін уақыты бар.