Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін Қазақстаннан мұнай қабылдауды уақытша тоқтатты. Мұны Financial Times басылымы мен Reuters агенттігі хабарлады. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, қазір Новороссийск маңында КҚК терминалындағы резервуарлар "шикізатқа лықа толып қалған".
Консорциум өкілі бұл ақпаратқа қатысты FT-ға пікір білдіруден бас тартқан. Қазақстанның ресми орындары бұл бойынша әлі мәлімдеме жасаған жоқ. Financial Times-тың жазуынша Қазақстан энергетика және сыртқы істер министрліктері басылым сауалдарына жауап бермеген.
Азаттық бұл ақпаратты өз бетінше растай алмады.
Шілденің 17, 19 және 20-күндері Новороссийскідегі терминалдарға мұнай тиеп алуға барған бірнеше танкер дрон шабуылына ұшыраған.
Your browser doesn’t support HTML5
Украина Мәскеуге 400 дрон жіберді, Ресей Киевті баллистикалық зымырандармен атқылады
Кемелерге дрон шабуылдағаннан кейін жасаған мәлімдемесінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап еткен.
"Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз" деп мәлімдеген ресми Астана. Бірақ шабуылдардың артында кім тұрғанын атын атап айтпаған.
Трамп әкімшілігі де сейсенбіде Киевті Ресейдікінен өзге кемелерге шабуылды тоқтатуға шақырған. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сілтеп Wall Street Journal хабарлады.
Ресей билігі бұл шабуылдарға Украинаны айыптап, оның мақсаты – әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандыру деп мәлімдеді.
Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі бағытқа жасалған шабуылға Киевтің қатысы жоқ деп мәлімдеген. Times of Central Asia басылымына сұхбатында украин дипломаты КҚК терминалынан мұнай тиемек болған танкерлерге шабуылға Киевтің қатысы барын дәлелдейтін айғақ жоғын айтып, өз елі бұған дейін Мәскеу осындай шабуылдарды арандатуға пайдалануы мүмкін деп ескерткенін еске салды.
Қазіргі қалыптасқан жағдай халықаралық мұнай тасымалына да әсер етіп отыр деп жазды Reuters. LSEG трекинг деректеріне сәйкес, кемінде екі танкер бағытын өзгертіп, Новороссийск терминалына барудан бас тартқан. КҚК акциясының 15 пайызына иелік ететін Chevron компаниясы жағдайды бақылап отырғанын және қызметкерлердің қауіпсіздігіне басымдық беретінін мәлімдеді.
Әлемдік нарыққа шығарылатын мұнайдың 2 пайызға жуығын қамтамасыз етіп келген КҚК жұмысындағы іркіліс онсыз да Таяу Шығыстағы қарулы жанжал кесірінен жаһандық энергетика саласында қалыптасқан тұрақсыз жағдайды одан сайын шиеленістіріп қойды.
Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы желісі арқылы тасымалданады. Қазақстан, Ресей және Батыстың кен өндіруші компанияларының еншілес құрылымдары бірлесіп иелік ететін консорциум Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі терминалға жеткізіп, одан әрі әлемдік нарықтарға жөнелтеді. 2025 жылы ҚҚК 70 миллион тонна мұнай тасымалдаған, оның 63 миллионға жуығы – экспортқа шығарылған қазақстандық шикізат, ал қалғаны Каспий жағалауындағы кен орындарынан өндірілген ресейлік мұнай болды.
- Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және Батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум нысанына алғаш рет соққы жасалып отырған жоқ. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған.
- Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
- АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. АҚШ-тың бұл жөнінде демарш жазғанын Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина биыл ақпанда айтқан.