Accessibility links

Украина елшісі КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға Киевтің қатысы жоқ деді

Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.
Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы мен мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарға Украина қарулы күштерінің қатысы барын жоққа шығарды.

Виктор Майконың мәлімдемесін 21 шілде күні Times of Central Asia басылымы жариялады.

Киев мұнай тасымалдайтын танкерлерге шабуылдар жасалғанына байланысты Астананың алаңдаушылығын түсінетінін, бірақ ол шабуылдарға Украинаның қатысын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоғын айтқан.

"Украина билігі жақында ғана Ресейдің арандату әрекеттеріне баруы, соның ішінде украиналық дрондарды пайдалануы мүмкін екендігі жайлы ескерткенін атап өткім келеді. Біз халықаралық серіктестерімізге Ресей түрлі тактиканы белсенді түрде қолданып жатқанын айтқанбыз: ресейлік радиоэлектронды соғыс жүйелері украин дрондарының жұмысын бұзып, оларды істен шығаруға және кей жағдайда оларды өз бақылауына алуға қабілетті, — деді елші. — Сондықтан Ресейдің мұндай дрондарды арандату жасауға және Украинаның беделін түсіруге қолдану мүмкіндігін мұқият зерттеу қажет".

Оның сөзінше, Украина қарулы күштері азаматтық емес, тек Кремльдің соғыс машинасына қолдау көрсетіп отырған әскери нысандарды заңды нысана санайды.

"Украина Қазақстанды, оның азаматтарын, инфрақұрылымы мен экономикалық мүдделерін ешқашан әскери нысана деп қарастырылмаған және қазір де қарастырылып отырған жоқ. Каспий құбыр консорциумының инфроқұрылымына немесе Қазақстан Республикасының өзге де экономикалық энергетикалық нысандарына жасалған кез-келген шабуыл Украинаның мүддесіне сай келмейді", — деген елші Майко мәлімдемесінде.

Мұның алдында Қазақстан сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдайтын азаматтық кемелерге жасалған шабуылды қатаң айыптаған.

Ведомство шабуылды "Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық" және жаһандық энергетикалық нарық пен халықаралық логистикалық тізбектердің қауіпсіздігіне қатер деп бағалаған.

"Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді" делінген министрлік хабарламасында.

Шілденің 17-сі, 19-ы және 20-күндері Новороссийскідегі КҚК терминалдарына барған бірнеше мұнай танкеріне дрондар шабуыл жасаған.

  • Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және Батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум нысанына алғаш рет соққы жасалып отырған жоқ. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған. Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
  • АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. АҚШ-тың бұл жөнінде демарш жазғанын Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина биыл ақпанда айтқан.
Айдар
XS
SM
MD
LG