Accessibility links

БАҚ: Қара теңізде КҚК терминалына бара жатқан танкерге шабуыл жасалды

Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.
Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.

ExxonMobil компаниясы жалға алған Nordic Zenith танкеріне жұмаға қараған түні Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында шабуыл жасалған. Мұны Reuters агенттігі жазды.

КҚК өкілінің дерегінше, шабуыл салдарынан танкерде өрт шығып, экипаж мүшелері оны өз күшімен сөндіруге тырысқан.

Каспий құбыр консорциумы терминалынан мұнай тиеп алмақшы болған кеменің апатқа ұшырағаны туралы дабылынан кейін оған жеткен құтқарушылар экипаждың 13 мүшесін эвакуациялаған, тағы 9 адам өз еркімен кемеде қалуды ұйғарған. Танкердегі өрт сөндірілген. Зақымдалған Nordic Zenith КҚК терминалына кірмеген.

Оқиғаның егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ. Бұл төтенше жайт аймақтағы мұнай тасымалы қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылықты күшейтті деп жазды басылым.

Кейінгі кезде Украина қарулы күштері Азов және Қара теңізде ресейлік және Ресейге қатысы бар кемелер мен өзге де нысандарға шабуылды үдетті. Ресми мәлімет бойынша, кейінгі 12 күнде украин дрондары Ресейдің 150-ден астам кемесіне соққы берген. Оның ішінде 42 кеме Қара теңізде, қалғандары Азов теңізінде шабуылға ұшыраған.

Соғысып жатқан тараптардың ешбірі Nordic Zenith танкеріне жасалған шабуыл жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.

Ұзындығы 1500 шақырым КҚК желісі арқылы әлемдік нарыққа тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Былтыр КҚК нысандары бірнеше рет шабуылға ұшырап, құбыр жұмысында кідіріс болған. Атап айтқанда, 29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған кезде КҚК-ға тиесілі портқа да дрон тиген. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан.

Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының іс-әрекетін тежеу екенін айтқан.

Былтыр 11 желтоқсанда елдің энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты деп мәлімдеген. Ол Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоғын айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG