Accessibility links

КҚК терминалында мұнай тиеп жатқан танкерге тағы да дрон шабуылдады

Каспий құбыр консорциумы сайтынан алынған бейтарап сурет.
Каспий құбыр консорциумы сайтынан алынған бейтарап сурет.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қара теңіздегі терминалдан мұнай тиеп жатқан тағы бір танкерге дрондар шабуыл жасады деп хабарлады.

КҚК мәліметі бойынша, 20 шілдеге қараған түні NELSA кемесі дрон шабуылына ұшыраған. Салдарынан танкердің бірнеше тұсынан өрт шыққан. Экипаждың 22 мүшесі эвакуацияланып, капитан мен бірінші көмекшісі кемеде қалған. Адамдардан ешкім зардап шекпеген. Кемедегі өртті сөндіру бірнеше сағат уақыт алған.

"Біз КҚК-ға мүше елдер бұл шабуылдарды айыптайды және халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық консорциумдар өндірген көмірсутек шикізатын экспорттайтын инфрақұрылымға жасалып жатқан террорлық шабуылдарды тоқтатудың нақты шараларын қабылдайды деп күтеміз" делінген компания мәлімдемесінде.

Шілденің 17-і мен 19-ы күндері Қара теңізде қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлерге дрондар шабуыл жасаған еді. Бұл оқиғаларға байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен энергетика министрлігі мәлімдеме жасады.

"Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз" деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігі.

Қазақстанның қос министрлігі мәлімдемелерінде шабуылдарды тоқтатуға үндеген, бірақ ол шабуылдарды кім және қандай мақсатпен жасағаны мәлімдемеде айтылмаған.

Украина күштері Ресейдің басқыншылығына қарымта ретінде ол елдің мұнай инфрақұрылымдарын заңды нысана деп атап, шабуыл жасауды жалғастырып келеді.

Қара теңізде экспортқа шығарылған қазақстандық мұнайды тасымалдайтын КҚК кемелері бұған дейін де бірнеше рет дрон шабуылына ұшыраған. Биыл қаңтар айында Ресейдің Новороссийск портында Қазақстан мұнайын тиеп алуға барған екі танкерге дрондар шабуылдаған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ол шабуылдарға байланысты "қатты алаңдаушылық" білдірген.

Ақпан айында АҚШ мемлекеттік департаменті Украина үкіметіне Новороссийскідегі мұнай нысандарына жасаған шабуылдары Қазақстандағы америкалық инвестицияларға әсер еткенін айтып, Киевті мұндай әрекеттер жасамауға шақырғаны белгілі болған еді.

ҚҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 80 пайызға жуығы Қазақстандағы кеніштерден өндіріледі. Ресей, Қазақстан және Батыстың шикізат өндіруші компанияларының еншілес кәсіпорындары бірге иелік ететін консорциум Қазақстанның батыс өңірінде өндірілген мұнайдың Ресейдің Астрахань облысы, Қалмақ республикасы және Краснодар өлкесі арқылы Қара теңіздегі Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жетуін қамтамасыз етіп отыр. Сол жерден танкерге тиелген шикі мұнай әлемдік нарыққа жөнелтіледі. 2025 жылы ҚҚК 70 миллион тонна мұнай тасымалдаған, оның 63 миллионға жуығы – экспортқы шығарылған қазақстандық шикізат, ал қалғаны Каспийдегі кен орындарынан өндірілген ресейлік мұнай болды.

Айдар
XS
SM
MD
LG