БАҚ: КҚК танкер тапшылығы мен қауіпсіздікке бола мұнай тиеуді үзіп-созуға мәжбүр

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) осы аптада қауіпсіздік мәселесіне байланысты және танкер тапшылығы салдарынан мұнай жөнелтуді бірнеше рет кідірткен. Мұны дереккөздеріне сүйеніп Reuters жазды.

Агенттік дерегінше, Қазақстанның мұнай кен орындарын Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портымен байланыстыратын КҚК құбыры арқылы мұнай жеткізуде шілденің ортасынан бері іркілістер болып жатыр. Әлемдік нарыққа шығарылатын мұнайдың шамамен 1,8 пайызы осы құбырмен жөнелтіледі.

Reuters дереккөздері КҚК осы аптада қысқа уақытқа қайта іске қосылып, сәрсенбі күні жұмысын тағы тоқтатқанын жеткізген. Олардың сөзінше, дрон шабуылынан қауіптенген кеме иелері Новороссийск терминалынан жүк тиеуге танкер жіберуге сақтық танытып отыр. Дереккөздердің бірі кейінгі апталарда жүк тиейтін танкер табу үшін бірнеше рет талпыныс жасауға мәжбүр болғанын айтқан.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі КҚК терминалында мұнай тиеу кезінде танкерлерге жасалған шабуылдарға Украинаны айыптады. Киев бұл мәлімдемелерге түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Қазақстанның энергетика министрлігі КҚК жұмысын толық тоқтату қарастырылып отырмағанын айтып, жағдайды бақылап отырғандарын мәлімдеген. Министрлік агенттік сауалына әзірге жауап бермеген.

Теңізге тікелей шығар жолы жоқ болғандықтан Қазақстан сыртқа мұнай жөнелткенде Ресей порттарына қатты тәуелді. Құбыр жұмысы мен мұнай жөнелтудегі іркілістер кен орындарын игерушілерді шикізат көлемін азайтуға мәжбүр етуі мүмкін дейді. Reuters дерегінше, шілде айында танкерлерге дрон шабуылы жиілеген кезеңде Қазақстанда мұнай өндірісі маусым айымен салыстырғанда 14 пайыз төмендеген.

Бұған қоса Reuters дереккөздері Қазақстандағы Теңіз кен орнын игеруші оператор тамыз айында шамамен 100 мың тонна мұнайды Грузияның Батуми портына теміржолмен жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Теңіз кен орнын игеруге Chevron және ExxonMobil сынды америкалық алпауыт компаниялар да қатысып жатыр.

КҚК құбыры арқылы мұнай жеткізуде қиындықтар туындаған шақта қазақстандық CPC Blend маркалы мұнайының тамыз айындағы бағасында өзгеріс байқалып отыр: трейдерлердің сөзінше, оның бір баррелінің бағасы Brent бағасынан шамамен 4 доллар төмен болған, содан бірнеше апта бұрын бұдан жоғары еді деп жазады басылым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан мұнайын КҚК терминалынан танкерге тиеу қайта жалғасты – медиаТанкерлерге шабуылдан кейін КҚК қазақ мұнайын тиеуді тағы тоқтаттыКҚК жабылған соң Қазақстан күнделікті өндіретін мұнай көлемін екі есе азайтқан – ReutersҚазақстан сыртқы істер министрі мен АҚШ мемхатшысы КҚК-дағы жағдайды талқыладыКонгресмен КҚК инфрақұрылымына шабуылды сынға алды