Бектенов Конституция жобасы жайлы жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартуды тапсырды

Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов

Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов 2 ақпан күні жаңа Конституция жобасын талқылау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша кеңес өткізді. Жиынға үкімет мүшелері мен аймақ әкімдері қатысты деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Жиында Бектенов министрліктер мен әкімдерге жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырған.

"Жалған әрі бұрмаланған ақпараттармен күресуге баса назар аударылды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын арандатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркелуде. Ішкі істер министрлігіне "Заң мен тәртіп" қағидатына сәйкес, жалған мәліметтерді таратқаны үшін қатаң құқықтық әрекет және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды" делінген дүйсенбі күні үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Аталған жұмыстарды үйлестіру премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жеті күнде жаңа Конституция. Асығыс реформа ма әлде өмір талабы ма?

31 қаңтарда үкімет сайтында кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұратын жаңа Конституция жобасы жарияланған. Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін айтқан.

Дәл сол күні жалған ақпаратпен күрес орталығы хабарлама таратып, "жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге сатуға тыйымды алып тастайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.

Сенбі күні Алматының әкімшілік соты "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған қала тұрғыны Марат Әбдірахмановты кінәлі деп танып, 86 500 теңге (қазіргі бағам бойынша 170 доллар) көлемінде айыппұл салды. Сотта сөйлеген полиция капитаны Кипеков жауапкер жариялаған жазба "қоғамдық тәртіптің бұзылуына қолайлы жағдай жасайды" деген.

Сот шешімінде Әбдірахманов Facebook желісінде жариялаған жазбадан да үзінді келтірілген: "Жаңа Конституция жобасын оқыдым. Не нәрсе түбегейлі өзгереді? Жерімізді шетелдіктерге сатуға қойылған тыйым алынып тасталады! Яғни, президент пен құрылтай жерімізді сата алады!".

Марат Әбдірахманов 31 қаңтардағы жазбасында жаңа Конституция жобасын сынап, онда "президент пен құрылтайдың жауапкершіліктері" мүлде жазылмағанын, барлық міндет тек азаматтарға жүктелгенін, құқық тек "шенеуніктерде бар" деп жазған. Оның бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаматтық қоғам өкілдері Тоқаевты жаңа Конституцияны қабылдауға асықпауға шақырды